Қазір дүниежүзінде денсаулық сақтауды қаржыландырудың үш негізгі үлгісі қолданылады. Олар – бюджеттік, жеке сақтандыру және аралас. Италия, Испания, Ұлыбритания мен Швеция елдеріндегі жүйе соның біріншісіне негізделген. Америка Құрама Штаттары жеке сақтандыруды құптаса, Жапония, Германия, Франция, Корея, Бельгия, Словакия мен Шығыс Еуропаның біраз бөлігі, барлығы 30 шақты ел әлеуметтік сақтандыру тәжірибесін пайдаланады. Әйтсе де көптеген елдерде тиімділігі дәлелденген бюджеттік және жеке сақтандыру үлгілерінің аралас түрі. Біздің мемлекетіміз де үздік деп танылған халықаралық тәжірибеге сүйеніп, медициналық сақтандырудың аралас моделін таңдап отыр. Өйткені зерделеу кезінде әлемдегі 50-ден аса елдің тәжірибесі сараланған.
Қазақстанда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі келер жылы іске қосылады. Біздің облыс оған қаншалықты әзір? Дайындық кезеңінде нені ескерген жөн? Аталған мәселелер «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын денсаулық сақтау және әлеуметтік даму саласында түсіндіру жөніндегі штаб отырысында пысықталды. Өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен облыстық перинаталдық орталықта өткен алқалы жиынға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының өкілдері қатысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 80-қадамын іске асыру мақсатында облыс әкімінің қаулысымен Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы денсаулық сақтау саласы және әлеуметтік даму саласында түсіндіру жөніндегі штабы құрылған болатын. Негізгі мақсат – жүйені енгізуге байланысты барлық туындайтын іс-шараларды жүзеге асыру. Штаб тұрақты түрде қандай жұмыстарды атқаруда? Облыс әкімінің орынбасары, штаб төрағасы Еркебұлан Дауылбаев өз баяндамасында жүктелген міндеттерді орындау үшін биыл өңірлік коммуникативтік жоспар және арнайы Жол картасы бекітілгенін айтып өтті. Тараз қаласы мен аудандарда аталған жүйеге қатысты ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, орындалуы тұрақты назарға алынғанын тілге тиек етті. – Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан нәтижесіз өз бетімен жұмыспен қамтылғандарды өзектендіру жұмыстары жүргізілді. Осылайша мәртебесі анықталмағандар саны өткен жылдың 1 қаңтарында 206 438 азамат болса, осы жылдың қыркүйегіне дейін 164 756 адамның немесе 80 пайызының мәртебесі нақтыланды. Қалған 41 682 тұрғынның мәртебесі анықталу үстінде, – деді Еркебұлан Әбілханұлы. Баяндамашының мәліметіне сүйенсек, әлі күнге алғашқы медициналық санитариялық ұйымдарға 50 997 тұрғын тіркелмеген. Сол себепті дереу құзырлы органдар бірлесіп жұмыс жүргізіпті. Нәтижесінде 41 066 адамның тұрғылықты мекен-жайдан есептен шығып кеткендігі анықталған. Қайтыс болғандар саны – 5 971, тіркелімге алынғандар – 2 054, анықталмағандар – 1 906-ны құрапты. Енді аталған топтағы қайтыс болған және анықталмаған азаматтарға қатысты жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. Мұндағы ең өзекті мәселенің бірі – егер қаралушының мәртебесі өзектендірілмеген, сақтандырылмаған, яғни міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына бірыңғай жиынтық төлемі жасалмаса, көрсетілетін медициналық қызметтің түрлері қолжетімсіз болады. «Бұл өз кезегінде осы топтың ішінде шиеленіс тудыруы мүмкін», – деп атап көрсетті штаб төрағасы. Штаб отырысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов облыстың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бойынша дайындығын баяндады. Айбатыр Нышанбайұлының айтуынша, Қарағанды облысы міндетті сақтандыру жүйесін пилоттық режімде бастап кеткен. Жиында сондай-ақ облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетов пен облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ерлібек Зикеев тұрғындардың мәртебесін анықтау жұмыстары мен бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер жайлы сөз қозғады. Өңірімізде жаңа жүйеге көшуге дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ақпараттық және басқа да іс-шаралар өз деңгейінде жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен аталған қордың облыс бойынша филиалының мамандары соңғы 3 айда жарна төлеушілер саны 45 811-ге азайғанын айтады. Бірыңғай жиынтық төлем бойынша жоспар 85,5 пайызға орындалып, облыстар арасында 8-орыннан көрінген. Бұған кері әсер еткен Т.Рысқұлов ауданының көрсеткіші болса, Тараздың деңгейі одан да төмен. Сондай-ақ 254 мың жамбылдықтың созылмалы дерті бар. Асқар Исабекұлы аталған мәселелерге қатысты алаңдаушылық білдірді. Сондықтан өңір басшысы сақтандыру қорына қаражаттың тұрақты түсімі мен тұрғындарының мәртебесін анықтау жұмыстарына қатысты нақты тапсырмалар берді. Мәжіліс соңында Асқар Исабекұлы облыстық перинаталдық орталықты аралап, ондағы жұмыс барысымен танысты.
Ұқсас жаңалықтар
Тараздық Нұрсұлтан туған күнінде таңдау жасады
- 6 қазан, 2024
Қордайлық ақсақалдар дауыс берді
- 6 қазан, 2024
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді