«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ПАТРИАРХТЫҢ 95-ШІ КҮЗІ

ПАТРИАРХТЫҢ  95-ШІ КҮЗІ
ашық дереккөз
ПАТРИАРХТЫҢ 95-ШІ КҮЗІ
Әбдіжәміл ағаның «Қан мен тер» романы үш кітаптан тұрады. Сегізінші класта жүргенде соның үшеуін де оқып бітірдім. Әсері керемет болды. Әсіресе «Ымырт»! Сірә, бұл менің шығарманы оқиғасына бола емес, қаламгердің суреткерлік шеберлігіне де тамсанып, тұшына білетін халге жетіп қалған кезім. Романның басындағы «Тырыли арық Қарақатын...» деп басталатын сөйлемнің алғашқы жолдары, арада қырық бес жылдай уақыт өтсе де, ойымда қаз қалпында тұр. Оның есіктен отынды құшақтай кіруі, көрші үйдегі сұлу келіншек Ақбалаға деген іштарлығы, қаракөлеңке жеркепеде шелекке сүрініп-қабынып, қарғанып-сіленуі, бәрі-бәрі сол кездегі қазақ ауылдарының нағыз суреті еді. Сіз де оқыңызшы. ─ Бетім-ай!.. Масқара-ай!.. Тырыли арық Қарақатын жерқазбаға танаурап сөйлей кірді. Құшағындағы отынды аласа қазандықтың жанына аудара тастады. Салпыетек бөз көйлектің бір шалғайын жоғары көтеріп ышқырлығына қыстыра салды да, қызыл қарын жас немересін алдына алып ыңылдап отырған қайын ененің қасына қол таяна тізе бүкті. Жерқазбаның терезесі дәл төбесінде, оған шелін алған шыңылтыр қой қарнын тұтқан-ды, батып бара жатқан күннің соңғы сәулесі қой қарнынан өлеусіреп қана түсіп тұр. Үй іші күңгірт. Қарт ананың жүзі көрінбейді. Тек қақырадай биік ақ жаулығы бозғылданады. ─ Ене-ау, не есіткенің бар? Әлгі Қаратаздың... қойлы таздың інісі бар емес пе? Тәңірберген деген сері інісі бар еді ғой, – деп, Қарақатын енесіне қарай тағы бір ысырылып отырды. Сонан әрі бейуақ кешті біртүрлі құпиялы сырға бөлеп, ерні сүйреңдеп сыбырлай сөйледі. ─ Не басыңды ауыртайын сенің. Сол сері жігіт кеп, Еламанның үйіне түсті. Аты қара тер. Қанжығасында бір қоян, бір түлкісі бар. Қояны ақ тушадай-ау, ақ тушадай! Ақбала сыртқа шығып, сері жігітті аттан түсірді. Ал екеуінің қалай көріскенін көрсең... Масқара-ай!.. Бетім-ай! О, жүзіқара! О, қарабет!..». Ары қарай жалықпай оқи бересіз. Бейне бір сіздің өзіңіз де сол үйдің бір бұрышында Қарақатынның әңгімесін естіп, ал өзін... көріп отырғандай боласыз. Суреткерлік құдіреті деген де, міне, осы! Өйткені кез келген суреткер жазушы жазып отырған дүниесіне жан бітіру арқылы әдебиет деген асқар биіктің анау-мынаудың қолы жете бермейтін бақыт екенін өз шеберлігі арқылы сездіреді. Өткен сенбі, жексенбінің ең басты сүйінші жаңалығы – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әбдіжәміл аға Нұрпейісовке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беруі болды. Шынында, бұл Ұлт руханияты көптен күткен үлкен марапат еді. Әлеуметтік желінің «блогерлері» атанып, бүйректен сирақ шығарып жүретіндер де қазақ әдебиетінің ақсақалы алған атаққа қарсы ләм-мим дей алмады. Әбдіжәміл бақыты өзі қатарлы көп жазушының маңдайына жазылған жоқ. Сондықтан да ол бүгінгі қазақ әдебиетінің Әкесі, Атасы деңгейіне көтерілді. Еуропашалап айтсақ, Патриархы! Ал ол бұл құрмет пен атаққа сөзбен сурет салып, адам мінезін бар болмыс-бітімімен ашып көрсетіп, өзі өмір сүрген заман тынысын эпикалық ауқымда көркем кестелеуімен қол жеткізді. «Қарақатын бықсып жанбай жатқан отты үрлей түсті де, әлденеге мырс етті: ─ Еламанды айтам-ау!.. Сорлының үйі бүгін сонша ұятты қалай көтеріп тұр екен? Ақкемпір келініне көз қиығын тастап: «Ә, Құдайым! – деді ішінен, – қайтейін?!.. Бұ да өзгеге күледі, өзіне күлетін кісі жоқ па екен?!». Қараңызшы, қандай керемет тұрмыстық сурет, қандай керемет образ, мінез, тіл... Сең үстінде ыққан балықшылардың жанайқайы, сосын... Ақбала, Еламан, Тәңірберген, Дос, Мөңке, Рай, о баста қайық жасамақ боп ақыр аяғында ескек шауып шығатын Судыр Ахмет бейнелерін де әлі күнге дейін ұмыта алмаймын. Айтпақшы, Ақбаланы мен де қызғанушы ем Тәңірбергеннен... Алла тағала Әбекеңе ұзақ ғұмыр сыйлады. Еңбегінің қызығын армансыз көрді. Енді, міне, Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие болды. Өте лайықты құрмет! Қазақ әдебиеті Патриархының 95-ші күзі қандай жылы, қандай жаймашуақ еді... Тараз қаласы. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Ұқсас жаңалықтар