Алаш арысы Ахмет Байтұрсын-ұлының сөзімен айтсақ «Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек.«Дүниеде болып жатқан істер, сөйленіп жатқан сөздер кімге пайдалы? Кімге зарарлы екендігін күні бұрын біліп, пайдалы болса, шаттанып, зарарлысынан сақтандырып тұрады» деген екен. Қарап тұрсаң, бір ғасыр бұрын осындай ой айтқан азаматымыздың көрегендігіне тәнті боласың. Бүгінгі таңда дәлелсіз, тексерілмеген дүниелер лезде әлеуметтік желіге салынып, елге тарап кетіп жатыр. Оның соңынан шикіліктері шығып жатқанынан да көзі қарақты оқырман хабардар. Дегенмен халық бәрібір газетке сенеді. Ондағы тасқа басылған деректерге сүйенері анық.
Қазір жастар баспасөзден гөрі интернет арқылы ақпаратты жедел алуға құштар-ақ. Бірақ қолыңа газетті алып, май сіңген иісін иіскеп отырып, журналистердің көз майын тауысып, ізденісінен туған дүниелерді аға буын өкілдері қызыға оқитыны белгілі. Жастарды оқымайды деп кінәлауға да болмайды. Олардың ішінде де көзі қарақты, ойы зерек, оқу-білімге жақын, газет қарайтын жастар көп. Оған Жамбыл ауданында жазылым бойынша оқырмандармен өткізген кездесу барысында көзіміз жете түсті. Облыстық «Aq jol» газетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы Аса ауылында Жамбыл ауданының оқырмандарымен кездесу барысында төл газетіміздің жұмысымен, жоспарымен таныстырып, келелі әңгіме өткізген болатын. «Біз облыстық қоғамдық-саяси газет болғандықтан да өңіріміздегі ілкімді істер мен іргелі оқиғаларды дер кезінде оқырманға жеткізуге тырысамыз. Сонымен қатар Елбасымыздың саясатын, Президенттің Жолдауы мен бағдарламалық мақалаларынан туған міндеттерді де тұрақты насихаттап келеміз. Өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің облысымызда жасап жатқан жұмыстары мен атқарған қызметі де біздің газет бетінен көрініс табуда. Басылымымыздың «Жаңарған Жамбылым» айдарымен де Тараз қаласында атқарылған жұмыстарды көрсеттік. Бұл іс-шарадан Жамбыл ауданы да тыс қалып жатқан жоқ. Ауданда Елбасының «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында атқарылған жұмыстары мен жылт еткен өзге жаңалықтарын көрсетуге біз асықпыз. «Жамбылда» айдарында Жамбыл ауданы жиі аталса, экономика бетінде аудан еңбеккерлерінің еңбектері тұрақты жарияланып келеді. Бұдан әрі де біз сіздермен байланысымызды үзбей, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз деген ниеттеміз», дей келіп, газет оқырмандарын алдағы жылғы басылымға жазылып, үлес қосуға шақырды. Бұдан кейін газет басшысы ұстазы Шерхан Мұртазаның қасында көп жүргенін айта келіп, «Өздеріңіз сияқты оқырманмен болған бір кездесуде Шерағаңның «Мемлекеттің қос қанаты бар. Біріншісі – экономика, екіншісі – рухани байлық. Екі байлықты қатар алып жүру керек» деп айтқаны бар еді. Бұдан шығатын түйін мемлекеттік қызметкерлердің көзі ашық, көкірегі ояу болуы тиіс. Өйткені олар ауданда, облыста, республикада болып жатқан ақпараттардан әркез хабардар болулары керек» деп, мемлекеттік қызметкерлерге де салмақ сала сөйледі. Өзге аудандарда айтылғандай, мұнда да Көсемәлі Сәттібайұлы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, тәуелсіздігіміздің жетістігін баян ету, тағы басқа да оқырман тарапынан туындаған мәселелерді тарқата айтып берген болатын. Бұдан кейін газеттің тұрақты оқырмандары ой бөлісті.
Рахымбек Жапаров, Аса ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Газетті көп оқитын адамның бірі – мен. Алдымен аудандық «Шұғыла», одан кейін облыстық «Aq jol», содан соң «Егемен Қазақстан» газетінен ауданның, облыстың, республиканың жаңалықтарын қараймын. Осылайша басылымдарды парақтап қарап шығу менің күнделікті әдетіме айналған. Газетте көп өзгеріс бар. Жылдан-жылға облыстық ата газет мазмұны жағынан да, дизайны жағынан да жақсарып келеді. Жүгі салмақты, көтерер мәселесі ауқымды, сараптамалық және оқылымды мақалалар саны артқан. Жалпы біле білген адамға газет билік пен халықтың арасындағы алтын көпір. Билік пен халықтың арасын жақындастыратын оның бүгінгі қоғамдық-саяси өмірде атқарар рөлі де зор.
Сағи Мұздыбай, аудандық Мәдениет үйі директорының орынбасары Облыстық «Aq jol» газеті өңіріміздің тыныс-тіршілігін, өзекті мәселелерін батыл көтеріп жүрген белсенді басылым. Тарихы тереңде жатқан газеттің басты ұстанымы – елді тұшымды дүниемен қуанту. Басылым бетінен шалғай жатқан ауыл-аймақтың да тірлік-тіршілігі назардан тыс қалған емес. Елімізге танымал тұлғалармен сұхбаттар ұйымдастырып, мәдениет пен спорт саласына бет арнап, газетті оқылымды мақалалармен толтырып, оны күтетін ағайынға айтар жаңалығы мол. Мен мәдениет саласының маманы ретінде айтарым, аудандық, облыстық газеттерде бізде өткен іс-шаралар тұрақты жарияланып келеді. Оның ұстанған бағыты айқын. Газет ұжымына тек шығармашылық табыс тілеймін.
Шолпан Көпжасарова, аудандық балалар және жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі «Aq jol»-да республика-мыздағы, өңірдегі барлық жаңалықтар уақтылы жарияланып отырады. Ал біз кітапханашылар сол газет беттерінен өзімізге керекті ақпараттарды алып қана қоймай, кейбір мақалаларды көрмемізге қойып, қажеттілікке пайдаланамыз. Бұл басылымның әр санында саясат, экономика, қоғам, мәдениет, спорт жаңалықтары да оқырман назарынан тыс қалмайды. Тіпті оқырман телебағдарламамен танысып, керегін алады. Қазақтың ырым-тыйымдары, қыз келіншектерге арналған, тәлім-тәрбие беретін «Айша бибі» беті, түп тарихымызды, ұлық тұлғаларымызды танытатын, рухани байлығымызды асыратын «Зерде», «Руханият», «Ұлы Даланың жеті қыры» айдарларымен шыққан мақалаларды қызыға оқимыз.
Махамбет Рахымжанов, жастар ресурстық орталығының директоры Бүгінгі біздің басты талабымыз жастармен жұмыс істеу. Сонымен қатар аудандық «Шұғыла», облыстық «Aq jol» мен «Арай» газеттерін үнемі қарап отырамын. Бүгінгі таңдағы аудандағы және облыстағы жастардың тыныс-тіршілігі осы басылымдарда тұрақты жарияланып тұрады. Бүгінгі жаңалық – ертеңгі тарих. Біздің атқарған жұмыстардың барлығы да осы аталған газет беттерінде көрініс табуда.
Жамбыл ауданы.
Марат Құлибаев
Ұқсас жаңалықтар
Тараздық Нұрсұлтан туған күнінде таңдау жасады
- Бүгін, 12:39
Қордайлық ақсақалдар дауыс берді
- Бүгін, 12:29
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- Бүгін, 14:24
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді