Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов облыс әкімдігінде кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерімен кездесті. Кәсіподақ күніне орай өткен кездесуде облыс әкімі аталмыш ұйымның маңыздылығы мен рөлін тілге тиек етіп, оларға үлкен міндет жүктеліп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ өңір басшысы жиналғандарды кәсіби мерекелерімен құттықтады. Өз кезегінде облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген қоғамда да, кәсіподақтар қызметінде де ең басым бағыт – әлеуметтік мәселе екендігін айтып, еңбек адамын қорғау ортақ тиімділікке қол жеткізудің бірден-бір жолы болып отырғандығын жеткізді. Сондай-ақ ол бүгінде облыстық кәсіподақтар бірлестігінің 120 мыңнан астам мүшесі бар екендігін, аймақтағы 15 салалық кәсіподақ ұйымдарындағы 1300-ден астам бастауыш ұйымы және оның көшбасшылары ұйытқы болып атқарған игі істер кәсіподақтың қоғамда алатын орнын айқындап отырғандығын жеткізді. Жиында облыс кәсіподағының атқарып отырған жұмыстары, көрсеткіштері баяндалды. Айталық, кәсіподақтар медиация және келісім арқылы еңбек дауларын кикілжіңсіз шешу жүйесін қалыптастыруға ерекше назар аударуда десек, бүгінде барлық аумақтық кәсіподақтарда татуласу орталығы ашылған. 2018 жылғы наурыздан бастап «Татуласу орталықтарында» 3 мыңнан аса медиациялық рәсімдер өткізілді, оның еңбек дауларына қатысты 1590-ы оң шешімін тауыпты. «Бізде ұдайы назар аударуды қажет ететін мәселе – еңбек шартының заңды түрде жасалуы. Бір жылдан астам уақытта «Еңбек шартын жасаңыз!» акциясы бойынша елімізде 12 мыңнан астам жұмыс берушілер еңбек шарттарын бекіту арқылы 40 мың жұмысшымен еңбек қатынастарын заңдастырды. Жамбыл облысы әкімдігінің Еңбек инспекциясымен бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесінде 4 мың адамға әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ететін еңбек қатынастарының заңды алаңына оралуына мүмкіндік берілді», – деді Мейрамбек Төлепберген. Ол ғана емес, әлеуметтік шарттарды жақсарту үшін биыл Кәсіподақтар Федерациясы «SENIM» салалық кәсіподағымен бірлесе отырып, облыстық және аудандық медициналық ұйымдардағы жас мамандарды қолдау мақсатында 500000 теңгелік сертификаттарды бекітіп, 40 миллион теңге көлемінде сертификаттар беріп үлгерген. Сонымен бірге, кәсіподақтар есебінен жас мамандар тұрғын үйге бастапқы жарнаны төлеу үшін 45 миллион теңге көлемінде 33 тұрғын үй сертификаты табысталыпты. Кездесуде Асқар Исабекұлы екіжақты бірлескен жұмыс жоспарын құруды ұсынып, жемісті шараларды жалғастырудың маңыздылығын баса айтты. Облыс басшысы биыл алғашқы рет ресми түрде бекітілген кәсіподақтар күнін атап өткелі отырған бірлестік мүшелерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, сәттілік тіледі. Жиын соңында «Қазфосфат» ЖШС ЖЖФЗ бастауыш кәсіподақ ұйымының кәсіподақ комитетінің төрағасы Шахтыбай Байғанов, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлмайра Момбекова «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ал «Жамбылгипс» АҚ кадр бөлімінің инспекторы, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Лидия Хан мен «Жуалы аудандық әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-ның кітапханашысы, бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшесі Күнімкүл Қошаеваға облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді