Қоғамдық форумда ел мен ес, ұлт пен ұят, дәстүр мен салт, тәрбие мен тағылым, ынсап пен ысырап сөз болды
Елдік – бабалардан тағылым болып, ғасырлар қойнауынан жалғасып келе жатқан мұра. Қазақтың басын игі мұраттарға тоғыстырған Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің халықтың бірлігі, тату тірлігі жөнінде толғанып өткенін білеміз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да елдің болашағы, туып-өскен жерге құрмет, жас ұрпақ тәрбиесі кеңінен қамтылған. Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында өткен «Елдік елге байланысты» атты қоғамдық форумға облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысты.
Алқалы жиынды облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берік жүргізіп отырды. Масат Әшімұлы ел мен ес, ұлт пен ұят, дәстүр мен салт, тәрбие мен тағылым туралы толғана келіп, облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепбергенге сөз берді.
«Осы бізде даңғазалық етек алып бара жатқан жоқ па?»
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты: – Біз ынтымаққа қалай барамыз? Татулықтың берік қамалын қалай тұрғызамыз? Біз бірлікті ойлағанда не істеуіміз керек? Ойландық па? Бірлік, татулық, ынтымақ күнделікті көз алдымызда өрбуі керек. Оған міндетті түрде бақылау керек. Тек қана Мемлекет басшысы мен орталық және жергілікті атқарушы билік ұдайы бақылауда ұстап отыр. Ең алдымен – өңірдегі қоғамдық-саяси және әлеуметтік ахуал түпкілікті зерделенбей бара жатқан сияқты. Ел өсек-аяңның, алыпқашпа жел сөздің жетегінен шыға алмайтындай жағдайға көшті. Сонда біздің зиялы қауым мен ғылыми интеллигенция өкілдерінің белсенділігі мен шынайы отаншыл қоғамдық көзқарасы қайда? Бұл – ел ертеңін ойлағанда алдымыздан күнде арайлап атқан таңмен арпалысып, батқан күнмен таласып кетер бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі деп ойлаймын. Біз ұлт бірлігін ойлағанда қайда табан тіреуіміз керек? Мүмкін оны біз ұлт бірлігінің үлгісін – ұлт ұясы болған, бірліктің мың жылдық таңбасы басылған Ұлытаудан, халқына пана болған қарт Қаратау мен Қазығұрттың қасиетті топырағынан, Оқжетпестің биік шыңынан, Еділ мен Жайықтың асау жағасынан, базары тарқамаған Баянауылдан, оты сөнбеген Ордабасы сияқты киелі жерлерден іздегеніміз жөн шығар?! Бұл қатарға қасиетті Әулиеатаны ашық қосуға қақымыз бар. Мүмкін сара салт-дәстүрлеріміз бен дара әдет-ғұрыптарымызға зер салуымыз қажет болар? Мүмкін заманауи білім мен ғылымнан, ұлттық педагогика мен адам баласының қалыптасу психологиясының жетістіктеріне бет бұру керек шығар? Сондықтан да берекелі бірліктің ең басты темірқазығы – ұлт қамын ойлаған, туған Отанымыздың келешегіне көз тастаған әрбір азаматтың жүрегінде сақталуы керек деген шынайы шындықтың қашан алдымыздан шығары белгілі аксиома. Ал бүгінде «бірліктің жалауын көтеріп, шын жанашыры» болып кейбір егде кісілермен қатар естияр азаматтар кездескен шақта «Руың қайсы, ат мінген атаң кім, жерің қайда?» деген сұрақтардың астына алары заманның дертіне айналып барады. Осыдан барып пәк көңілді таза жастарымыз – бірден өзін-өзі «зерттеуге» шығады. Одан барып, ертеңін «терең» ойлаған жастарымыз оқу үшін, қызметке тұру үшін «ру мен жершілдіктің аса қажет» екенін естен шығармайтын жағдайға жетеді. Бұл – қолдан жасалып жүрген ұлт қасіреті, парқы төмен пендешілік. Ал егер сол қасиетті жоғары, киесі биік бірлікті отбасының құндылықтарынан, ата-ана мен бауырларға деген мейірімнен, ортаға деген имандылықтан, ұлтқа деген адалдықтан неге іздемейміз? Содан барып, халқымыздың «ынтымақ қайда барасың, бірлігі бар елге барамын», болмаса «ынтымақты елдің алмас қамалы жоқ» деген сияқты жазу мен сызуы жоқ заманда ұрпағын осындай өшпес өсиеттермен тәрбиелеуге ұмтылғаны төл тарихымыздан аян. Ал татулық деген ұлы ұғым атаның қанымен, ананың ақ сүтімен санаға сіңетін мәртебелі қасиет. Бұрын отбасы мен ағайын-бауырдың татулығы көп айтылса, бүгінде тұтас ұлттың татулығы туралы айтылар сөздің өрісі кеңейіп бара жатқандығын дүбірлеген дүниедегі кейбір «ала-құла» жағдайлар көрсетіп келеді. Біздің мемлекетіміз көп ұлт өкілдерінен құралған. Ал татулық пен бірлік, өзара ынтымақты аңсаған көңіл сол көпұлтты мемлекетімізді сақтау үшін аса қажет. Ең маңыздысы – береке мен бірлік, ырыс пен ынтымақ қазақ халқын «Мәңгілік ел» биігіне көтеруге өз септігін тигізері сөзсіз. Әңгіме: «Осы бізде даңғазалық етек алып бара жатқан жоқ па?» деген сауалға келіп тірелетін көп жағдай туралы болып отыр. Иә, біздің бір заманда бабаларымыз атақты байға ас беріп, 620 жылқы, 200 қой жұмсаған екен деген деректі білеміз. Ат бәйгесіне 100 жылқы тігілген деген сөз де рас. ХІХ ғасырда Ерейментауда өткен Сағынайдың асында жұмсалған шығын әйгілі Тәж Махал мавзолейін салуға жұмсалған қаржымен пара-пар түскендей екен. Қазір де аста-төк дүниені шашып жатқандар аз емес. Бұл қарапайым халыққа қалай әсер етеді? Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынов сол бір кезеңдерде «Бұл жұрт той деп шашылады, ас деп шашылады, ар, білім деп дәулет шашарға қай қазақтың қайраты жетеді?» деп зар илеуі бекер ме? Ғұмар Қараш оқымысты болса, «Ойпырмай, артық дүние тілеп, артық ысырап қылмаңдар, оның өтеуін төлей қалмасаңдар игі еді» деп ескерткен ғой уақыт талабын. Осындай жағдайлардан бұқаралық ақпарат құралдары сырт қалып жүрген жоқ. Көлемді мақалалар, мазмұнды әңгімелер мен эсселер қатары аз емес. Бірақ оларды талқылау, сол мақала төңірегінде пікір алысу, ой бөлісу – қоғамда жоқ тірлік болып отыр. Ал өтірік пен өсектің өлетін түрі жоқ. Облыста 1 мыңға тарта қоғамдық бірлестік бар. Бірақ рухани тәрбие мен ұлт болшағын ойлайтын, терең интеллектуалды жетекшісі бар қоғамдық ұйым жоқтың қасы. Бәрінің ойы – грант алу. Содай кейін барып болар-болмас, мәні төмен, мазмұны жұқа іс-шаралар өткізумен шектеледі. Өйткені грант берушілер бұлардан ешуақытта нақты тұжырымдама талап етпейді. Ал шала жоспары бар, негізгі тұжырымдамасы жоқ іс-шарадан не күтуге болады? Оның тәрбиелік мәні қалай болмақ? Бірлік пен ынтымаққа негізделген тақырып жоқ. Бәрі жалпылама. Осы бір күрделі тәрбиелік іс-шаралардың ең басты кілті – ана тіліміздің ұлы құдіретінде жатыр ма деген ой кейде жанды қинайды. Ана тіліңді жетік білу, оны құрметтеп-қастерлеу бағасы жоқ тәрбие екені көпке белгілі. Кешегі ауыл мектептеріндегі жұмбақ жарыс, жаңылтпаш айту, ертегі айту бәсекесі сияқты тілдік орта бүгінде ауыз екі сөздің ортасы болып барады. Сондықтан да қызығы тарқамаған бүгінгі қазақ қоғамында – осы тілдік орта берік қалыптаспай отырған сияқты. Өйткені біз ана тіліміздің шоғына жылынып, ыстығынан қуат алып, бірлік пен ынтымақтың күмбезді үйін тұрғызуға барынша бет бұруымыз керек.
« Араздасып ағайын кетер еді, бір қария болмаса бір ауылда»
Әбілқасым ЕРГӨБЕКОВ, Жуалы ауданының еңбек ардагері: – Халқымыз «Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» дейді. Біздің қоғамда жастың да, қарияның да орны ерекше. Елдің келешегі, жастардың дұрыс қалыптасуы орта буынға да, қарияларға да байланысты. Қоғамда қариялардың рөлін көтеру маңызды. Біздің халықтың өзіндік ерекшеліктері бар. Кезінде азаматтарымыз бір ауыз сөзге тоқтаған. Үлкеннің алдын кесіп өтпеген. Қазақтың ақын-жазушылары үлкенді қадірлеу, қарияларымыздың ақыл-өсиетін үлгі тұту туралы аз жазған жоқ. Ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың «Қариялар азайып бара жатыр» деген өлеңі әрбір қазақтың көкейінде сайрап тұр. Ақын қарияларымыз туралы «ақыл айтып жүрмесе қасымызда, сонда орнайды жетімдік басымызға» дейді. Қариялардың қоғамдағы рөлі туралы осы жырда: «Араздасып ағайын кетер еді, Бір қария болмаса бір ауылда», деп орынды айтылған. Тәуелсіздікке қол жеткізіп, жаһандық дамудың дүбіріне қосылдық. Ұлан-ғайыр даланың иесі болдық. «Мәңгілік ел» боламыз деп бөркімізді аспанға лақтырдық. Мәңгілік ел бір күнде орнай қоймайды. Ол – өміршең, мәңгілік идея. Оны да ұғынуымыз қажет. Қазақ – дарынды халық. Мен еліме, оның болашағына сенемін. Бастысы – ұйыған ынтымағымызды жоғалтпайық. «Ырыс алды – ынтымақ» деген сөздің қадірін бала кезден ұғындық. Ынтымақты ұғынатын ұрпақ соңымыздан еруі үшін жастардың бойынан көркем мінез көрініп тұруы қажет. Мінез – бабаның арымен, ананың сүтімен даритын құбылыс. Балаға ұл, қыз демей өздеріне өздері қызмет етуді жастайынан үйрету керек. Еңбекқорлық содан қалыптасады. «Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамас» деген қағиданы ұғындыруымыз қажет. Елбасының Еңбек қоғамын құрамыз деген идеясы осы отбасындағы еңбекке баулудан басталады. Бүгінгі жастар – ақылды, зерек дер едім. Осы жиынға дайындық барысында облысымызда жастарға жасалып жатқан игіліктерді көріп марқайып қалдым. Жастар жылында қайтарымсыз несиелердің берілуі, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту сынды қыруар жұмыс бар. Бір дүние ғана көңіліме кірбің түсірді. Бұл – жастар арасында өз-өзіне қол жұмсаудың жоғарылап отырғаны. Бұл не кесапат? Әлде тәрбиенің, баланы қиындыққа төзуге үйретудің әлсіздігі ме? «Сәби таза тақта, сол тақтаға не жазсаң, соны оқисың», – дейді Аристотель. Сол таза тақтаға ғибрат пен тәлім жаза алмаған қоғамның індеті ме? Расын айту керек, бүгінгі қоғамда кейбір ата-аналарға да тәлім керек. Баяғыда бір қария жеміс ағашын егіп жатады. Өзі әбден кәрілікке жеткен адам көрінеді. Мұны байқағандар: «Ата, бұл ағаштың жемісін өзіңіз көре алмайсыз ғой», десе керек. Сонда ақсақал: «Мен болмасам да, ұрпағым жемісін көрер», деген екен. Сондықтан біз ұрпақты ойлауымыз қажет. Қазақстан даласы – Ұлы Түркі дүниесінің қара шаңырағы. Бұл елді өзіміз қорғауымыз керек. Ал Отанын емес, өзін қорғай алмайтын ұрпақтың болуы – біздің кемшілігіміз. Құрметті Асқар Исабекұлы! Күні кеше ғана Үкімет алдында жаңа жобаңызды қорғап, ел еңсесін тіктесін деп облысымызға қыруар қаржы бөлдіргелі отырсыз. Осының арқасында әр шаңырақ өз кәсібімен айналысуына жол ашпақ. Бұл – өте қуанатын жағдай. Расы керек, кейбір үйлерге барсаң жиылмаған төсегінен бөлек, алдындағы алақандай жерін таза ұстамайтын отбасылар жоқ емес. Бұл бастамаңыз кәсіпті дөңгелетіп алып кететін отбасыларға жаңа мүмкіндік беріп, әлгіндей өз ауласына қарамайтын жандарға тәрбие болып, олар да тіктеледі деп ойлаймын.
Ұяда не көрсең...
Камилаш АХМЕТЖАНОВА, Тараз қаласының ардагер-ұстазы. Әр отбасының алғашқы ұстазы – ата-анасы. Ұлын ұлықтап, қызын үкілеп ұлтымыздың асыл дәстүрімен өскен бала, отбасының қуанышы ғана емес, еліміздің зиялы азаматы болып өсетіні анық. Ата-анамыз бізді қас-қабағымен, өздерінің бүркемесіз болмысымен, анамыздың «Әкеңнен ұят болады» деген бір ауыз қасиетті сөзімен тәрбиеледі. Алдыңғы қатарлы дамыған мемлекет – жапон халқының тәрбиесі де біздікіне ұқсайды. Олар баланы 5 жасқа дейін патшадай еркелетіп, 15 жасына дейін құлындай жұмсайды. Баламызды тыңдату қиын, тіпті 2 жастағы баланың өзі тек телефонмен ғана тынышталады дейміз. Себебі біз балалармен сұхбаттасуды қойдық, оның тыныс-тіршілігін, ойын, ортасын зерделей білмейміз. Әдеби кітап оқуды өзіміз де, балаларымыз да қойды. Қазақ мектебіне барған оқушы ана тілінде емес, орыс тілінде сайрап барады. Мектеп оқушылары мектепте, көпшілік орында болсын бір-бірін балағаттап, намысына тиеді. Мұғалімнен де балағат, былапыт сөздермен көзге түсіп жатқаны қаншама. Көшеге шығып, кейде серуендеуге ұяласыз. Ұялмай оңашаланған жастарды көргенде бетің қызарады. Тараз қаласының тұрғыны болғаныма 30 жылдан асыпты. Соңғы екі жылдағыдай өзгерген Таразды бұрын көрмеппін. Қала ерекше көркейді, ұйқыдан оянды, рухы, мәдениеті, ұлттық нақышы түбегейлі өзгерді. Мен «Жеңіс» саябағындағы тақтадан Ұлы Отан соғысының құрбаны болған бауырым мен әкемнің есімін оқығанда, көзіме жас алмай тұра алмадым. Облыс халқына осындай естеліктерді сыйлау – ұлтын сүйген азаматтың ғана қолынан келетін игі іс. Біз – өте толерантты халықпыз. Дәстүрдің озығы да, тозығы да бар. Бұл жерде айтпағым: Неке сарайына барғанымызда, жастардың неке қию дәстүрі кезінде, неміс композиторы Ф.Мендельсонның «Свадебный марш» музыкасы ғасырлар бойы орындалып келе жатқандығын байқайтынымыз бар. Батысқа еліктеумен, біз де өз салтымызға енгізген екенбіз. Неге вальс королі Шәмшінің музыкасы неке сарайында сайрап тұрмасқа? Қадірменді халайық, ұрпағымыздың санасына ұлттық рухты сіңірсек, тілі мен дінін қадір тұтар намысты ұл, инабатты қыз тәрбиелесек, ізгілікті қоғам жасай аламыз.
«Ел боламыз десек,есті түзейік»
Асаубай МАЙЛЫБАЕВ, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, облыстық мәслихаттың депутаты.
– Біз қазіргі таңда рухани жаңғыру дәуірін бастан кешіп жатырмыз. Бұл бағытта ол қалай өріс алып жатыр, жалпы атқарып жатқан шаруаларымыз жаңғырудың табиғи мәніне толықтай сай келе ме деген сұрақ туады. Рухани жаңғыру дегеніміздің тегі – тым тереңде жатқан ақыл-ойдың, өренің, танымның замандар бойы біртұтас келе жатқан ұлттық адамгершілік, ар-намыстың бастауы, өмір сүру дәстүріміздің, елдік шежіренің алпыс екі тамыры. Өкінішке қарай, осындай терең түсінік жағы бізде әлсіз, яғни құр даңғаза, ұранбайшылдық, оңды-солды ойқастаған ойын-сауықтардың қалқасында қалып жатыр. Көрсетіліп жататын дәстүр-салттар отбасы, ошақ қасы, ары кеткенде шағын топтық басқосулармен кешегісінен еш өзгермеген әдеттегі әруайлар. Ешкімді елеңдетпейді, ешкімді таңғалдырмайды. Жалпы, қай тұрғыда, қалай жаңғыруымыз керек? Ең әуелі тарихи тағдырымыздың өзі тудырған ерен елдіктердің, жасампаздықтың, пайым-парасаттың пәрменімен жасалып, ғасырларды ғасырларға жалғаған ұлттың рухани құдіретін жаппай санамызға ендірумен әрине. Мәңгілік құдіретті дәстүр – озық сананың ошағы, ойлы әрекеттердің жемісі. Соны ойламаған, тереңіне бойламаған жағдайда, адамды мезі қылатын айқай-сүреңнің айналасында қала береміз. Бәріңізге белгілі, біздің Таразда өткенді өмірге әкелудің біраз тамаша үлгілері дүниеге келді. Бәрін санамағанда, «Даңқ залын» алыңыз. Еңсесі биік Ерліктің шежіресі. Құрылысы жүріп жатқан «Шахристандағы» облыстық рухани орталық. Облыс тарихының барлық құндылықтарының жылнамасын тізіп беретін заманауи ерекше сәулет. Атақты Тектұрмаспен барып түйісіп көне дәуірдің көшін бүгінгі күнмен үйлестіріп беретін ғажайып көрініс. Міне, бұл рухани жаңғырудың ең басты сұранымдарына сай бұрындары ешкімнің қаперінде болмаған үлкен шаруа. Жалпы, рухани жаңғыру – қоғамның өткен қасиеттерінен сабақ алып, адамдық тұрғыдан тазаруы. Ол болмайды екен, неше түрлі ақылға сыйымсыз құбылыстар белең алады. Соның ішінде тойып секіру, дарақылық, бәсеке. Бұған енді жағдайы жоқ бола тұра, қарызданып, қауғаланып жасалатын ас пен тойдағы көл-көсірді, тіпті өлімнің өзіндегі шашылуын қосыңдар. Ауыл-аймаққа ғана біршама белгілі, болмаса атын да, затын да қазақ білмейтін біреулердің мерейтойларын өткізіп, ат мінгізіп, шапан жауып, дастарханын көтеріп және әуре-сарсаңбыз. Елімізде 350 қыз бала мектеп партасында отырып сәбилі болып қалған. Оған ұстаздар ғана кінәлі ме? Ата-ана, ақсақалдар, қоғамдық кеңестер қайда қарап отыр? Қазір мемлекетіміз халқымыздың жаппай тойынғанына барын салып жатқанда, халық та барын шашпай өзіне-өзі көмектесуі керек. Рухани жаңғырамыз деген ел осыны істейді. Осыны істеген жерде ғана береке мен бірлік орнайды. Ел бірлігінен асқан жаңғыру жоқ. Бар-жоғы бір уыс қазақпыз. Соны жік-жікке бөліп, анау ана жақтікі, мынау мына жақтікі деп алалап жүргендердің көкірегі таза емес. Дәл осы облысқа келіп атқа мініп жүргендер – Қазақстанда туған қазақтар. Соларды жат көру – жаңағы бір уыс қазаққа жасалған қиянат, ойсыз озбырлық. Тараздың тамаша өзгеріп, яғни жаңғырып, жаңарып жатқанын, тұтастай алғанда, облыстың оңала бастағанын қасақана айналып өтеді. Елдіктің етегінен тарту деген осы. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демеді ме, енді оған рухани жаңғырамыз десек, есті түзейік деген ұранды қосу керек. Елдікке қажет ер-азаматтық ортақ абырой сонда салтанат құрады. Ысырапшылық – Алла сүймейтін іс
Бақтияр ӘМІРЕЕВ, «Һибатулла Тарази» мешiтiнің наиб-имамы: – Дана халқымыз ежелгі заманнан бері елді ынтымаққа, бірлікке үндейтін іс-шараларға ерекше көңіл бөлген. Ел арасында туындаған мәселелерді жиын жасап, талқыға салған, даулы мәселелерді дабыра қылмай, өз іштерінде шешкен. Ал қуаныш пен қайғыда жұдырықтай жұмылып, асарлатып, тірлікке қолқабыс жасаған. Бұл дәстүрлер – елдің ауызбірлігінің, бір-біріне деген жанашырлығының айқын дәлелі. Осындай тағылымы мол жоралғыларды берік ұстанған халқымыз ешқашан ысырапшылдыққа жол бермеген. Ысырапшылық – Алла тағала сүймейтін іс, оның зияны көп. Бір өкініштісі, соңғы кезде көптеген салт-жоралғылар мен діни рәсімдер шектен шығып, шариғаттан алыстап барады. Адам баласының әр сәтінде болатын қайғы-қуаныштарда ас та төк дастархан жайып, ысырапқа жол беретін жағдайлар жиі орын алуда. Бүгінгі қоғамдық форумның басты мақсаты – халықты ысырапшылдыққа жол бермеуге үндеу, құдайы ас беру, қонақасы, жиын-той мәзірін мейлінше қарапайымдылыққа негіздеу болмақ. Алла тағала Құран Кәрімде: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер! Алла тағала ысырап еткендерді әлбетте жақсы көрмейді» деп, ысырапшылдықтың жағымсыз әрекет екенін ашық жеткізген. Дүниеден бір кісі өтсе, оны ақтық сапарға шығарып салу – мына мұсылмандардың міндеті. Ертең дәл осы сәт біздің де басымызға ораларын естен шығармауымыз керек. Бірақ көпшілігіміз мал-дүниемізді қайтыс болған жандар үшін емес, жұрттың мақтау сөзі үшін сарп етіп жатқандаймыз. Осы ретте Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы садақа, құдайы тамақ берудің ас мәзірін бекітті. Мәзірге бауырсақ, жеті нан, тары, құрма, қант, кәмпит, сары май, шай, өрік, мейіз, қаймақ, ет пен күріш кіреді. Бұл – жөнсіз ысыраптың алдын алудың бірден-бір жолы. Ұлттық құндылықтар – қымбат қазынамыз
Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор. – Әр ұрпақтың өмір сүрген уақытына қарай оларға жүктелетін тарихи миссиясы болады. Ұлт ұстазы Әлихан Бөкейханов: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпесе болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз» деген. Абылай хан дәуірінде қазақ ел болып қалу үшін шайқасып, көк найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен елдігімізді сақтап қалды. ХХ ғасырдың басында Ә.Бөкейханов бастаған арыстарымыз жоқ дегенде автономиялы республика болу үшін күресіп, жанын берді. Құдайға шүкір, қазір егемен ел болдық. ХХІ ғасырдағы қазақ ұрпағының міндеті – экономикамызды, ұлттық құндылығымызды дамыту, салт-дәстүрімізді сақтай отырып әлемдік қауымдастыққа кірігу. Себебі, ұлттық құндылық – ұлттың тірегі! Өз тарихын терең ұғынып, ұлттық құндылықтарын шын бағалай білетін халықтың ғана болашағы мәңгі болмақ. Ұлтты сақтап қалатын дүниелер төл тарихы, мәдениеті мен тілі екені анық. Ұлттық құндылықтарымыз шын бағасын алғанда ғана жоғымыз түгенделіп, өшкеніміз жана бермек. Осы ретте еліміздің ертеңі, әрқайсымыздың өмір жалғасымыз болып табылатын жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу – аса өзекті тақырып. Халқымыз «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» дегенді тегін айтпаған. Сондықтан да ғасырлар бойына сөз құдіретін сезіне білген, шешеннің билігіне тоқтаған, елдікті сақтаудағы тапқырлығына тәнті болып, дәріптеген. Қыз бен жігіттің бір-біріне алғашқы сезім білдіруі айтыс түрінде өрбісе, қариялар бата беріп, ақ жол тілеп отырған, тұтас қоғам өмірін қадағалай білген. Ал өнер сайыстарының қайсысы болсын өскелең ұрпақты ерлікке, батырлыққа, тапқырлыққа, терең ойлылыққа тәрбиелеген. Басқа елдер секілді біздің де өз менталитетіміз бар. Мен байырғы заманғы қазақ халқын да, қазіргі заманғы қазақ халқын да қарапайымдылығы үшін жақсы көремін. Адалдық пен ақкөңілділік және қонақжайлылық, мейірімділік, сыйластық – қазақтың бойынан табуға болатын көріністер. Қоғамдық көлікпен көп жүретін болғандықтан шығар, көбіне байқайтыным, жастардың үлкендерге орын беріп, сыйластық танытуы. Студенттер, мектеп оқушыларына дейін үлкен кісілерге орын беріп жатады. Осындайда қатты қуанамын. Бұл – нағыз қазаққа сай менталитет деп атар едім. Ұлттың құндылығының ең маңыздысы, асыл қазынасы – тіліміз. Тілі жоқ халық – өлі халық. Бұл менің тіл турасындағы ұстанымым. Тіл дегенде ең алдымен, ел қорғаны, тілдің нағыз жанашыры, қазақтың біртуар азаматы Бауыржан Момышұлы және Шераға есіме түседі. Баукеңнің ана тілі үшін шырылдап, ана тілім деп өмір сүріп, өзгеден талап етіп сөйлеткенін, ең талапшыл адам болғанын кітаптар арқылы білеміз. Шіркін, қазақ деген ертеден сондай ырымшыл, мәдениетті, салт-дәстүрге берік, бауырына бауырын беріп, қызын қонағындай сыйлаған, тарихын сатпаған, бүгініне шүкір етіп, ертеңіне үмітпен қараған, қонағын төрге шығарып, сол қонағына құшағын кең ашқан ұлы халық қой! Өнермен атағы шыққан қаншама тұлғамыз бар. Әміре атамыз Париж бен Германияны аралап, әнін шырқап, қазақтың өнерін әлемге әйгілеп, талайға таңдай қақтырды. Қазір де елімізде қаншама дарын бар. Димаш Құдайбергеннің мықтылығын бұл жерге сыйғыза алмасам да, әлем оны жарыса жазып, әлемге сыйғызып жіберген. Елімізде талантымен танылып, мойындалып жүрген жастарымыз тәубе, жетеді. Ұлттық құндылықтарымыздың қазіргі қоғам жастарына беретін тәрбиесі тек қазақылық, отансүйгіштік деп ойлаймын. Біз қазақ деген ұлылардың ұрпағы болғаннан кейін де ұлттық құндылықтарымызды ата-бабаларымыз көзінің қарашығындай сақтағанындай одан әрі сақтап, тек биікте ұстауымыз керек. Тек талғаммен өмір сүріп, сырттан келген қандай да болсын ағымдарға, сырттан келген қандай да болсын сәндерге еріп кетпей, өз қазақы қалпымыз бойынша жүрсек, бұл да құндылығымызды сақтағанымыздың және жоғалтпауымыздың бірден-бір ең әдемі көрінісі деп санаймын. Сайып келгенде, ХХІ ғасыр – жастардың ғасыры. Сол жастар да елдің құндылықтары үшін еңбек етуі керек. Рухани жаңғырып, Мәңгілік ел болу үшін құндылықтарымызды мәңгілік сақтап, өзімізден кейінгі ұрпақтарға мәңгілікке табыс етуіміз керек. Себебі ұлттық құндылықтар – ұлттың қазынасы. Тағы бір айта кететін жайт, облысымыздың 80 жылдығы қарсаңында бұл күндері арнайы топ ел-елді аралап, халық арасында сақталған ауыз әдебиетін, фольклорды жиып, олардың басын қосып, бірнеше кітап етіп шығаруды жоспарлап отыр. Мерейлі мереке қарсаңында жүргізіліп жатқан игілікті істердің бірі осы дегеніміз жөн. Қазір жиналмаған, жазылмаған, қағазға түспеген дүние ертең ұмытылып, көзден бұлбұл ұшады.
ТОЙ МӘДЕНИЕТІН ОЙЛАЙТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ
Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы. – Бүгінгі форумда көп нәрсе айтылды. Сондықтан, сөйлемей-ақ қойсам да болатын еді. Дегенмен бір мәселеге назарларыңызды аударғым келді. Ол – той мәселесі. Жақында «Егемен Қазақстан» газетіне менің осы тақырыпқа байланысты мақалам шықты. Сондағы ойларымды қысқаша бөлісе кетсем. Қазақта той өткізу мәдениеті жоғары болуы керек. Бесікке салу, шілдехана деген дәстүрлер – әркімнің өз үйінде жасалуы тиіс жоралғылар. Содан кейін асаба мәдениетінің төмендігі, тойдың бір-біріне ұқсастығы елді жалықтырды. Мақтан үшін шашып-төгу де жоқ емес. Көп тойлар қазір өзін ақтамайтын болды. Жақында ұзақ жыл қызмет істеген кісі той жасап, артынан мейрамханаға 600 мың теңге қарыз болып қалды. Облыс әкімі Асқар Исабекұлы мемлекеттік қызметшілердің тойшыл болмауын ескертті. Дұрыс. Аста-төк тойды азайтуымыз керек. Мен Түркия мемлекетінде сапарда болғанымда, бір тойларына қатыстым. 60 адаммен той өткізіп, бір сағаттан астам уақытта бәрі тарап кетті. Бізде кемі 300-400 адам. Екі-үш сағат кеш басталады, түн жарымына дейін созылады. Ортаға осы мәселелерді салғым келді.
Ұлттық тәрбиені күшейту керек
Ринат НҰРАҚБАЕВ, «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: Бізде аса көңіл бөлуді талап етіп отырған мәселе ұлттық құндылықтар, соның ішінде, дәстүрлеріміз бен ұлттық санаға деген жанашырлықты күшейту болып отыр. Олай дейтінім, қазіргі өркениеттік ағынмен араласып, ұлттық тынысты тарылтатын ақпараттық толқындар, діндегі бұрмалаушылық, тіл мен ділге деген жауапкершіліктің әлсіздігі, тағысы тағы айтарлықтай кемшіліктер бар. Бұл кемшіліктерге тойтарыс беретін төте жол – ұлттық тәрбиені күшейту керек! Аристотель данышпан «Өмір қозғалысты талап етеді» деген. Әрине, тіршілік түлеп, заманмен бірге сана да, талғам да өзгеруі заңды. Бірақ елдік ерекшелік пен ұлттық ұлылықты айқындайтын ақихи болмысымызды жоғалтып алу – бабалар аманаты мен ұлылар рухының алдындағы қарызға апарары сөзсіз! Ол қандай қарыз? Ол – баба салтын сақтамау, ел дәстүрін ұмыту! Мен осы тұрғыда ұлттық мәдениет пен ұлттық тәрбиенің қайнаған қазаны саналатын қазіргі той төңірегіндегі мәселелерге назарларыңызды аударғым келеді. Алайда өздеріңіз көріп жүрген кемшіліктерді тізіп айтудың керегі жоқ деп ойлаймын. Құрметті Асқар Исабекұлы! Үкіметтік емес ұйымдар жетекшілерімен өткізген кездесуіңіз кезінде мен «Той мәдениеті – ұлт мәдениеті» деп той мәселесін көтерген едім. Ал нақты іске кіріскен Меркі ауданына риза болып отырмыз. Өткен жылдың қазан айынан бастап, Меркі ауданы әкімдігі той мәселесін дұрыс жолға қойды. Қазір Меркіде той 19.00, 19.30-24.00 аралығында болып жатыр. Бұл дегеніміз – ең бірінші халықтың қазынасы саналған той берекесін кетірмеу, уақытты тиімді пайдалану, құқық бұзушылықты болдырмау, той қызметкерлерінің еңбегін жүйелеу. Бұл бастаманы баршаға ортақ ету керек. Той – көпшіліктің қауышар орны. Онда батагөй қария-дана да, ел басқарған өнегелі аға да, білмегенін білмекке талпынған жасөспірім бала да бар. Олай болса, ұлттық құндылықтарымызды құрметтеп, ұлттық тәрбиені қоғамның бір-бір бөлшегі – өзімізден, өз отбасымыздан бастайық! Ел болып өркендеуіміз өзімізге байланысты. XXI ғасыр әлеуметтік желінің ақырған бурадай әбден күшіне мінген кезеңіне айналып тұр. Осындай өлара кезеңде ұлт болып сақталып қаламыз ба, жоқ болып жер бетіне тараламыз ба деген сауал кез келген саналы ұлттың басты проблемасына айналып үлгерді. Жақсылық пен жамандықтың қатар жүретіні секілді, ғаламтор дәуірінің де өз қуанышы мен қайғысы, жетістігі мен кемшілігі бір басына жетіп артылады. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген бабалар тәмсілін әр қазақ баласы терең зерделейтін заман туды. Ұлттық идеологиясы мықты мемлекеттер етек-жеңін жинақтап, алды-артын сараптап, сананы жаулаған сиқыршы – күштің алдында қасқайып тұруға әрекет жасауда. Өйткені жаһандану дәуірі – ешкімді аямақ емес. Басып-жаншып өте шықпақ. Оның алдында бес қаруы сай әскер де дәрменсіз. Заңмен тұсауға демократия деген жалған ұран тосқауыл. Соның салдарынан әлеуметтік желі үлкен күшке иелік етуде. Ғалам төрінде «үшінші дүниежүзілік соғыс» жүріп жатқандай. Оны көз көріп, құлақ естіп отыр. Қан майдан. Адам баласының бар ұяты мен намысы сол жерде тапталып жатыр. Соның бәрін көтеріп тұрған соңғы технология жетістігі – компьютер мен ұялы телефондар. Жұмсақ жиһазда жатып алып, жаһанға жар салатын ақылгөйлер де жетерлік. Кесіп-пішіп сөйлейтіндерін қайтерсің. Өзі заңгер, өзі адвокат, өзі прокурор, өзі сот. Ұрымтал сәт келді ме, қапы жібермейді. Ұнатпай қалды ма, сойып салады. Өйткені «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ. Әлеуметтік желі – желден де жылдам ақпарат таратуға қауқарлы. Сондықтан болар халықты еңсерту, тобырды теңселту оп-оңай! Соны біліп алған кейбір ниеті жаман, пиғылы нашар, мақсаты күмәнді белсенді топтар халықтың арасына іріткі салып, ынтымақ пен бірлікке сына қағып әлек. Уақыт – тамшы тасты да үгітіп жіберер құдірет қой білгенге! Уақытты босқа сөз етіп жатқан жоқпыз. Алпауыт күшке ие әлеуметтік желіні, әлеуметтік мәселемізді билікке жеткізетін, олармен пікір алмасатын, санасатын диалог алаңы қылсақ ұтпасақ, ұтылмаймыз. Әйтпесе, құр дау-жанжалмен уақытымыз өтіп, кім көрінгенге жем болып кету қаупіміз бар… Хәкім Абай «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» десе, «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» дейді Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан. Әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат тарататындарға, ар-намысқа тиетіндерге, билікке тіл безейтіндерге қарсы бұлтартпас бір заң керек сияқты. Мұны билік басындағы азаматтар ескерер деген ойдамын. XX ғасырда Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең бесігіңді түзе» десе, XXI ғасырдың ұраны «Ел боламын десең әлеуметтік желіні түзе» деп тұр! Олай болса, замана ағысымен ұлттық болмысымызды жоғалтып алмайық!
Жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметов қорытынды сөз сөйледі. – Армысыздар, жамбылдықтар! Ардақты көпшілік! Бүгінгі қозғалып отырған мәселелер маңызды. Сіз бен бізге тікелей байланысты. Осы жиынның тақырыбы «Елдік елге байланысты» деп өте орынды қойылған. Кейде көпшілік билікті, жауаптыларды жазғырып жатады. Қоғамның ілгерілеуіне ел болып жұмылуымыз керек. Осында сөз алғандар тәлім-тәрбие туралы нақты сандар келтіріп, деректер мен дәйектерді жеткізіп айтты. Бірақ бала тәрбиесіне байланысты қай ата-ана жауапкершілікке тартылды? Сондықтан бұл тақырып баршамызға бірдей қатысты. Әсіресе зиялы қауымға қатысты. Біздер бір ғана форуммен осындай үлкен тақырыпты толық шеше алмаймыз. Осында аудан әкімінің орынбасарлары отыр. Бұл қоғамдық форумды аудандарда жалғастырып, кеңінен тарата түсу керек. Бүгінгі жиынға келіп қатысқан баршаңызға рахмет, – деді Асқар Исабекұлы. Сондай-ақ форумға қатысушылар облыс жұртшылығына арнап Үндеу жариялады.
Есет Досалы
Қолдауға лайық бастама Еркінбек Солтыбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы: – Бұл қоғамдық форум шын мәнінде жоғары деңгейде, үлкен жауапкершілікпен өтті. Сөйлеген азаматтардың бәрі де жақсы ой айтып, өзекті мәселелерді көтерді. Оның бәрі жұрттың көкейінде жүрген болатын. Үлкен жиында елдің көңілінде жүрген мәселелердің қозғала бастағаны да – көңілге қуаныш. Залға лық толған халық екі сағат бойы қозғалмай, айтылған сөздерді ұйып тыңдады. Бұл не деген сөз? Бұл – қозғалған мәселе елдің көңілінен шықты деген сөз. Ардагерлер кеңесіне, жалпы ардагерлер қауымына да бірқатар ашық пікір, сын айтылды. Біз оны дұрыс, жақсы мағынасында қабылдаймыз. Әрі қарай елмен бірлесіп, аудан-аудандардағы аузы дуалы, сөзі уәлі қариялармен тізе қосып, жұмысты жандандыра беретін боламыз. Жас ұрпақ тәрбиесі қашанда өзекті. Сондықтан Асаубай Майлыбаев қозғаған оқушы қыздардың тәрбиесі, Әбілқасым Ергөбеков қозғаған абыз қария болу мәселесі де біздерге қатысты. Жастардың жақсы қалыптасуы жолында ата-ана, ұстаз, ардагерлерлер, барша көпшілік болып атсалысуымыз керек. Мұндай қоғамдық форумдардың аудандарда өткенін қалаймын. Бірақ, әйтеуір өткізе салайық деп өткізбеу керек. Артында тәлімі қалатындай іс-шара болғаны жөн. Бүгінгі өткен жиын – сондай тағылымды іс-шара! Алыстағы ауданнан келіп қатыстық Жапар Сатылғанов, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы: – Бұл форумның тағылымдық мәні өте жоғары болды деп айта аламын. Сондықтан болар, шалғай ауданнан келіп осы іс-шараға қатысып отырмыз. Жиында өте орынды мәселелер көтерілді. Жастар мәселесі, той мәдениеті қашанда өзекті. Алдыңғы буын ата-әжелер ұрпақ тәрбиесін ойламаса, кім ойлайды? Сондықтан дер кезінде келелі ойлар қозғалды. Жиынға облыс әкімінің тікелей өзі қатысып отырғанына көңіліміз толып, риза болдық. Осы форумда бірнеше мәселе айтылды. Солар шешімін тауып жатса да жаман болмайды. Дегенмен өзекті мәселе мұнымен де таусылмайды. Жасөспірімдерді, жастарды ұлттық спорт түрлеріне, көкпарға, құс салуға баулу мәселесі де өзекті. Бұл тұрғыда да жастарға жанашырлық керек. Кішкене қолдау болса, ұлттық спортқа жастар көптеп мойын бұрады. Жастарды ішімдіктен, жаман ой, жаман қылықтардан арылтудың жолы – оларды ізгі істерге бейімдеу. Жастар терең білім іздеумен, спортпен, кәсіпкерлікпен, әйтеуір бір кәсіппен айналысып жүрулері қажет. Сонда нәтиже болады. Мұндай форумдар ауданда, оның ішінде Мойынқұм ауданында да өтсе деген тілегім бар.Мойынқұм ауданы.
Жақсы жағынан аталдық Бахадүр Әдізбаев, еңбек ардагері: – Біз Меркі ауданынан келіп қатысып отырмыз. Бұл форумда көңілімізде жүрген көп мәселе қозғалды. Облыс әкімінің сөзін тыңдап, жақсы бастамалардың жалғасын таба береріне қуандық. Депутат Мейрамбек Төлепбергеннің, найб-имам Бақтияр Әміреевтің, ұстаз Камилаш Ахметжанованың сөздері жүрегімізге жетті. Барлығы да ұлт болашағын ойлап, жанашырлықпен сөйлеп жатқаны байқалады. Форумдағы сөзінде белсенді азамат Ринат Нұрақбаев той мәдениеті жөнінде таратып айтты. Біздің Меркі ауданында тойдың ерте басталуы жолға қойылғанынан мысал келтірді. Осылайша, жиында біздің аудан жақсҰқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді