Облыс әкімінің есебі: пікір мен пайым

Облыс әкімінің есебі:  пікір мен пайым
ашық дереккөз
Облыс әкімінің есебі: пікір мен пайым

Туризмді түлетуге баса мән берілуде

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың облыстық мәслихат депутаттары алдында берген есебінде барлық саладағы өсу-өркендеу динамикасы толығымен қамтылды. Кәрім Нәсбекұлы өзге салалармен қатар туризмді дамытудың бүгінгі таңда үлкен маңызға ие екенін де айтып өтті. Расымен де әлемде тек қана туризм арқылы табыс тауып отырған мемлекеттер де баршылық. Туризм бір сөзбен айтатын болсақ, бизнес. Қоңыржай белдеуде орналасқан біздің облысымызда осы саланы аршынды түрде дамыта түсуге барлық жағдай бар. Екі мың жылдық тарихы бар көне шаһарымыздың өзі туристерді молынан тартуға сұранып тұрған жоқ па? Бұл мәселені облыс басшысы да айтып өтті. Одан бөлек «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан біршама жұмыстар да туризмді түлете, жандандыра түсуге мүмкіндік туғызады. «Көне Тараз – Мәңгілік елдің бесігі» археологиялық саябақтың жоспарының әзірленіп жатқаны да салаға жасалған қамқорлық.Ол ежелгі Тараздың тарихынан сыр шерте түседі. Сайрам - Тараз - Ақшолақ - Ақыртөбе - Құлан - Меркі - Шу - Аспара - Қордай бағыттарында да тарихи ескерткіштер көп, олардың ішінде «Айша бибі», «Бабажы қатын», «Қарахан» мен «Дәуітбек», «Ақыртас» жұмбақ қалашығы секілді орындар тасын түртсең тамыры көрінетін Тараз шаһарының өткен ғасырлардағы бет-бейнесін айқындай түседі. Бір сөзбен айтқанда, облысымызда туризм саласының еңсесін тіктеуіне жағдай жасалуда. Біз соған қолдау беріп, облыс әкімі есебінде айтылған жұмыстарды сапалы түрде жалғай білуіміз керек. Сонда ғана туризмді түлетуге үлес қосамыз.

Меруерт Сергеева, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды- инновациялық дамыту басқармасы туризм бөлімінің басшысы.

Ұлт болашағы – білімді ұрпақ

Қазақ халқы қай уақытта болмасын, ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры деп білген. Оқу мен тәрбие бір-бірінен бөлек алынып қаралмайтын күрделі үрдіс. Әсіресе, бала тәрбиесі – барлығымыздың ісіміз. Отбасының да, балабақшаның да, мектептің де мақсат-мүддесі біреу ол – заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу. Облыс әкімі кеше ғана өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты талдау жасаған есебінде осы білім мәселесіне ерекше екпін бере сөйледі. Қуаныштысы сол, жылдан-жылға білім беру жүйесін қаржыландыру жағы ұлғайып келеді. Шағын орталықтар, балабақшалар, мектептер көптеп пайдалануға берілуде. Әрбір мемлекеттің келешегі осындай білім ошақтарында шыңдалатынын ескерсек, бұл – бала болашағы үшін жасалынған маңызды қадам дер едік. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында» дегені бізге жарқын істерге апарар жолды меңзеп тұрғандай. Расында да, бүгінгі жас – ертеңгі елдің мызғымас тірегі, келешек келбеті. Сол себепті олардың білімді, алғыр, бәсекеге қабілетті болып өсуі ел дамуындағы аса маңызды фактор болып табылатыны сөзсіз. Белгілі ақын Әбділдә Тәжібаев атамыз «Бүгін үйрен жалаңаяқ шоқ басып, Ертең өртке лақтырса да күймеуге» демей ме?! Сондықтан, бүгінде уақыт талабынан туындаған замана сұранысына сай ұрпақ тәрбиелеу – ұстаздар мен ата-ананың басты міндеті.

Күләш Болысбаева, №36 «Бүлдіршін» балабақшасының меңгерушісі.

Татулық пен тұрақтылық табысқа бастайды

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың облыстық мәслихат депутаттары алдындағы есебінде биыл Тараз қаласында «Достық үйі» коммуналдық мемлекетік мекемесінің құрылғандығы туралы айтылды. Бұл қуантарлық оқиға. Жаңа мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қажетті қаржы да бөлініп, шағын автобус алынды. Тағы бір атап өтерлігі, алдағы жылы заманауи үлгідегі «Достық үйінің» құрылысы басталмақ. Бұл өз кезегінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына керемет тарту болары сөзсіз. Өңір басшысының есебінде осындай оңды өзгерістер молынан қамтылыпты. Сонымен қатар алдағы мақсаттардың ауқымды екенін оқып, біліп отырмыз. Мысалы, облыстың 75 жылдығы мерекесіне орай Тараз қаласының орталығынан «Еңбек даңқы» аллеясын ашу қолға алынып жатыр. Онда еселі еңбегімен өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар – облыстың құрметті азаматтарының «Құрмет тақтасы» мен облыстан шыққан жұлдыздарымыздың тақтасы орнатылмақшы екен. Сондай-ақ, қараша айында Балуан Шолақтың 150 жылдығына арналған күрестен халықаралық «Еуразия барысы» турнирі екінші рет сүйікті қаламызда өткізілмек. Осыған орай «Тараз-Арена» спорт сарайының алдынан даңқты палуанның еңселі ескерткішінің бой көтеретіні де марқайтып тастады. Биылғы жылыту маусымынан бастап, барлық соғыс ардагерлері мен жесірлері коммуналдық төлемдерден толық босатылатындығы да қандай тамаша. Оған қоса, Тараз қаласында «Ардагерлер үйінің» іргетасы қаланып, құрылысы жүргізілуде. Дана қазақтың «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген сөзі үйлесім тауып тұрғандай. Түптеп келгенде бұл жүзеге асар жұмыстардың бір парасы ғана. Әйтпесе, ауылшаруашылығы мен құрылыста, өндіріс пен кәсіпкерлікте, тағы да басқа жетекші салаларда нақты нәтижелер жетерлік. Мұның бәрі де берекелі бірлігіміз бен табысты тірлігіміздің жемісі.

Махмутжон ДАВРИШЕВ, облыстық «Ахыска» түрік этномәдени орталығының төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар