Көшбасшы әйелдердің жазғы мектебі

Көшбасшы әйелдердің жазғы мектебі
ашық дереккөз
Көшбасшы әйелдердің жазғы мектебі

Облыстық іскер әйелдер қауымдастығы мен «Саясаткер әйелдер клубы» қоғамдық бірлестігі облыс әкімдігі және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қолдауымен Тараз қаласындағы «Ark MS» қонақ үйінде көшбасшы әйелдердің жазғы лагерін ұйымдастырды.

Бұл шара өңірде алғаш рет 2012 жылы қолға алынған болатын. Биыл екінші рет өткізілуде. Мұндағы мақсат – гендерлік ағарту жұмыстарын кең көлемде жүргізу, қоғамдағы әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешу барысында әйелдердің саяси көшбасшылығын дамытуға үлес қосу, еліміздегі іскер әйелдердің көшбасшылық тәжірибесіне сүйене отырып, бәсекеге қабілеттіліктерін арттыру, «Нұр Отан» партиясының қолдауымен мемлекеттік және қоғамдық саяси жұмыстарға дайындықтан өткен әйелдерден кадрлық резерв қалыптастыру.

Шараның ашылу салтанатында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат құттықтау сөз сөйлеп, жазғы мектептің жұмысына табыс тіледі. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен облыстық іскер әйелдер қауымдастығы тарапынан әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыру бағытында көптеген жұмыстар жүргізіліп жатқандығына, жазғы мектептің соның бір дәлелі екеніне тоқталды. – Жалпы біздің мемлекетімізде Елбасының тікелей қолдауымен әйел қауымына деген қамқорлық күннен-күнге артып келеді. Кейбір мәліметтерге жүгінсек, тәуелсіздік жылдарының ішінде елмізде 6 миллион бала өмірге келіпті. Бұл 6 миллион әйелдің ерлігі деген сөз. Бәріміз де ең бірінші кезекте анамыз. Ана бірінші – өмір, екінші – махаббат, үшінші – тәрбие сыйлайды. Сондықтан да ананың қоғамдағы рөлі зор. Егер әйел белсенді болмаса, қоғам да белсенді болмайды. Халықаралық рейтингтің көрсеткіштеріне қарайтын болсақ, Қазақстан гендерлік теңдік мәселелері бойынша 135 мемлекеттің арасында 51-орында екен. Міне, бұл мемлекетімізде гендерлік саясаттың дұрыс жүргізіліп жатқандығын көрсетеді, – деді Рахия Сейітбекқызы. Келесі кезекте сөз алған облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Сара Мәдиева Елбасының «Кез-келген елдің болашағы әйелдердің қоғамдағы орнына байланысты» деген сөзінің астарында терең мағына жатқандығын, әйелдердің қоғамдағы белсенділігін, білімділігін, біліктілігін арттыру – уақыт талабы екендігін тілге тиек етті. Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының және «Саясаткер әйелдер клубы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлдара Нұрымова жазғы мектептің бағдарламасына көптеген қажетті әрі қызықты шаралардың енгізілгендігіне тоқталып, бастамаға қолдау көрсеткен облыс, аудан әкімдіктеріне, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына алғысын жеткізді. Сонымен, саяси көшбасшы әйелдердің жазғы мектебі өз жұмысын бастап кетті. Барлық ауданнан қамтылған 70 қатысушы үш күн бойы әралуан шараларға белсене атсалысты. Жазғы мектеп шеңберінде «Қоғамдық-саяси өмірде гендерлік теңдікке қол жеткізу», «Ауылдың қоғамдық өмірінде әйелдердің белсенділігін арттыру» тақырыптарында өткен сессия отырыстарының маңызы зор болды. Онда тәжірибелі спикерлер пайымды пікірлерімен, ұтымды ұсыныстарымен бөлісті. Соңы қызу пікірталасқа ұласты. «Табиғи көшбасшылықты дамыту: өзіңді және ұжымды басқару» тақырыбындағы тренинг те қатысушыларға мол мағлұмат пен пайдалы кеңестер сыйлады. Саяси көшбасшы әйелдер сонымен қатар «Қазақстан-Тараз» телеарнасындағы «Айша бибі» бағдарламасының түсіріліміне де қатысты. Бұдан бөлек жазғы мектеп бағдарламасына сай «Пилатес» фитнес-жаттығулары мен «Толықтай жарқырау», «Көркем шаш үлгісі – әр әйелдің арманы» тақырыптарында шеберлік сыныптары да ұйымдастырылды. Біз сөзбен айтқанда әр ауданнан жиналған қатысушылар жазғы мектеп дәрістерінен үлкен әсер алып тарасты.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар