Жаңғырудың жаңа кезеңі басталды
Әлемдік тәжірибеде кез келген Президент лауазымдық қызметіне кіріскеннен кейін мемлекетті басқару, дамыту стратегиясын айқындап, халыққа Жолдау арнауы дәстүрге айналған. Біздің елде де бұл – қалыптасқан үрдіс. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев жыл сайын өз Жолдауларында мемлекеттің алдағы уақытта атқарылатын ауқымды істерін бағдарлап, олардың шешу тетіктерін анықтап беретін. Нәтижесінде әлемдік қауымдастық Қазақстанның даму жолын «Назарбаев моделі» деп атап отыр.
Дәстүрге айналған бұл үрдіс саяси сабақтастық арқылы еліміздегі ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарымыздың орындалуына ықпалын тигізетіні сөзсіз. Өз қызметінде әрқашан да ашықтық принципін ұстанатын Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі таңдағы саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани саладағы өзекті мәселелерді нақтылап, олардың тиімді шешу жолдарын белгілеп отыр. Қоғамның жаңа даму кезеңіндегі бағыт-бағдарын айқындағын Жолдау – бағдарламалық құжат ретінде мемлекеттің келесі жылға арналған Жол картасы саналады.
Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауы болғандықтан, қоғам өмірінің негізі – экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени-рухани салалардағы өзекті мәселелерді толығымен қамтып отыр. Қоғамда қордаланып қалған түйткілдерді шешуге бағытталған бастамалар мен міндеттер Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен ұлықтау рәсіміндегі он басым бағытында да көрсетілген болатын. «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдау соның заңды жалғасы. Осы арқылы Мемлекет басшысы Үкімет алдында тұрған ортақ міндет ретінде азаматтардың барлық сұраныстарына тез жауап беретін «еститін» мемлекет қалыптастыруды жүктеп отыр. Кез келген шиеленісті тек бейбіт жолмен, диалог арқылы үйлесімді шеше алатындай сындарлы қоғам құру қажет екендігін алға тартты. Бұл үшін азаматтық қоғамды нығайту және қолдау керек.
Қоғамның жаңғыруында жаңа технологиялық құбылыстар: 5G, «Ақылды қала», үлкен мүмкіндіктер, блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифрлық қаржылық құралдардың заңнамалық негіздерін даярлау аса маңызды. Президент ауылда сапалы өмір сүру шарттарын қамтамасыз етуге көңіл бөліп отыр. Сол себепті Елбасының «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын жалғастыру қажет екенін алға тартты. Жолдауда қазіргі салық жүйесінің сапасын арттыру да жеке мәселе ретінде қаралып, оны жетілдіру бойынша Ұлттық банкке арнайы тапсырма берілді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазіргі жаһандану дәуірінде адам капиталына, білім саласына қойылатын талаптардың жаңа деңгейге көтерілуіне байланысты сапалы білім алу – қарқынды дамудың басты шартына айналатындығын баса көрсетті. Бұл өз кезегінде жоғары оқу орындарына жаңа міндеттер жүктейді. Жолдауда көрсетілген мамандар даярлаудың отандық жүйесін еңбек нарығына бейімдеу үшін сұранысқа ие мамандарды дайындауда еліміздің жетекші университеттерінде даму бағдарламаларына сәйкес бірқатар жұмыстар атқарылуда. Биыл Үкімет пен Білім және ғылым министрлігі тарапынан әлеуметтік жағынан аз қорғалған көп балалы отбасылар үшін және дарынды балаларды қолдау мақсатында мемлекеттік гранттың саны едәуір артты.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде жаңа оқу жылында университетке мемлекеттік тапсырыс бойынша 533 студент қабылданса, оның 12-сі «Алтын белгі» және 87-сі үздік аттестат иегерлері. Студенттердің озық білім сапасын қамтамасыз етуде 205 жаңартылған білім бағдарламасы әзірленіп, оның 160-тан астамы реестрге енді. Жолдауда көрсетілгендей, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін университетте білім алушыларға арналған 500 орындық заманауи жабдықталған жатақхана құрылысын келесі жылы аяқтау жоспарланған.Сондай-ақ аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан білім алушыларды қолдау мақсатында жеңілдіктер қарастырылып, университетте арнайы Ереже бекітілген.
Волонтерлық қозғалыстың азаматтық қоғамды нығайтудағы рөлі ерекше. Мемлекет басшысы келесі жылды «Волонтерлар жылы» деп жариялап отыр. Бұл азаматтардың қоғамдық еңбекке өз еркімен араласуын ынтыландыратыны сөзсіз. Осыған қатысты айтар болсақ, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-да өткен оқу жылында 100-ден астам білім алушылардан тұратын «Біз біргеміз» волонтерлық қозғалысы құрылды. Осылайша біз жүйелі түрде ізгілік акцияларын өткізуді дәстүрге айналдырудамыз.
Сондай-ақ Жолдауда Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту бойынша кешенді жоспар қабылдау қажеттілігін айта келе, дені сау әрі белсенді жастарды тәрбиелеудің маңыздылығын сөз етті. Университетте білім алушылардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдайлар жасалған. Оның нәтижесін біздің студенттеріміздің республикалық, халықаралық жарыстарда жеткен жеңістерінен де көруге болады. Жақында ғана Италияның Неаполь қаласында өткен 30-Бүкіләлемдік универсиадада дзюдо күресінен Ғалымжан Қырықбай абсолюттік біріншілікті жеңіп алып, чемпион атануы – соның дәлелі.
Жолдауда ұлттың дамуын қамтамасыз етудің негізгі кепілі – ғылымда екені айтылды. Отандық ғылымды дамытуда жоғары оқу орындарының рөлі ерекше. Біздің бұл бағытта қол жеткізген жетістіктеріміз де көп. Ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша өткен халықаралық, республикалық және аймақтық байқауларда 103 студентіміз жүлделі орындарды иеленді. Бір түлегіміздің ғылыми жұмысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы қорының «Болашақ ғалымдары» атты студенттердің ең үздік ғылыми жұмыстарының республикалық байқауында үздік деп танылып, 3 студент осы қордың стипендиаты атанды.
Келер жыл еліміз үшін елеулі оқиғаларға толы болмақ. Соның ішінде әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абайдың 175 жылдық мерейтойы, маңызды мерекеміз тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты атқарылатын іс-шаралар – нағыз отаншыл жас ұрпақты тәрбиелеуге бағытталуы керек деп есептеймін.
Мемлекет басшысының алғашқы Қазақстан халқына Жолдауы – еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік жаңғыруының жаңа кезеңінің басталғандығының айқын көрінісі. Жолдауда көрсетілгеніндей, заманауи тиімді мемлекет құру үшін барлығымыз азаматтық бірлесе еңбек етуіміз керек.
Махметғали САРЫБЕКОВ,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді