Әлеуметтік желінің әлеуләйі ме, әлде әлдекімдердің жымысқы әрекеті ме, әлеумет бүгінде негізсіз даурықпаға жиі дүрлігетін болған. Біршама уақыттан бері біраз адам «Қазақстанға Қытайдың 55 зауыты салынады екен, қара қытай жерімізге қаптайды екен» деген алыпқашпа әңгіменің жетегінде жүр. Кей облыстарда тіпті, ағайындарымыз әкімдік алдына жиналыпты. Алайда бұлай даурығуға еш себеп жоқ деп есептеймін. Өйткені, күні кеше ғана Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек Қытаймен бірлескен жобаларды іске асыру аясында 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылатынын, ондағы жұмысшылардың 95 пайызы жергілікті жердің азаматтары болатынын айтты. Небәрі 5 пайызы ғана Канада, Қытай сынды елдерден келген мамандар болмақ. Премьер-Министр орынбасарының айтуынша, сондай-ақ соңғы жылдары қытайлық инвестициялардың үлесі 5-6 пайыздан аспаған, яғни бір қалыпта тұр. Сондықтан да байбаламға салып, қарапайым халықты адасушылыққа апаратын ақпараттардан аулақ болғанымыз жөн. Мұнан бөлек, жаңалықтардан Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың Жаңаөзенге барып, ондағы наразылық танытқан халыққа «Бұл – жалған ақпарат. Қазақстанда ешқандай Қытай кәсіпорындары ашылмайды. Біріккен кәсіпорындар, инвестиция бар. Бірақ желіде тараған ақпараттар қате, заңсыз» деп ашып айтқан болатын. Еліміздің жаңа Көшбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, әсіресе қоғаммен байланыс орнатуға баса назар аударып жатқанын күнделікті естіп, көріп-біліп жүрміз. Президенттік сайлаудан соң-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы қарапайым халықтың әрбір жанайқайын елеусіз қалдырған емес. Оған мысал ретінде Арыста орын алған оқиғаға бейжай қарамай, сонда жедел ұшып баруын, көп балалы аналардың мәселесін, қарапайым халықтың несиесін кешіргенін айтсақ та жеткілікті. Ал енді елім деген осындай ердің ата-бабалар аманаттап кеткен жерін кез келген көкаттылардың талан-таражға салуына жол бермейтініне сенімім зор!
Москау НОҚРАБЕКОВ, «АСУ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді