Ел болашағын айқындайтын жаңа Жолдаудың маңызы мен мәні ерекше. Себебі аталған маңызды құжатта Қасым-Жомарт Кемелұлы бірқатар маңызды салаларға қатысты нақты шешімдер қабылдағанын көрсетті. Мемлекет басшысы тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі екенін дұрыс атап көрсетті. Осылай аталған бөлімде Президент ауыл-аймақтағы өзекті мәселелерді тамыршыдай тап басып, оны шешудің негізгі тетіктерін айтып берді. «Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ жаппай кәсіпкерлік дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Сондықтан мемлекет алдағы уақытта бизнеске қолдау көрсете береді. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірлерде осындай тиімді бағдарламаларға бөлінетін қаржыны өзінің таныс-тамырларына бөліп беретіндердің де бар екенін жасырмады. Осыған байланысты Президент: «Сарапшылардың пікірінше, қаржылай қолдаудың игілігін жергілікті билікпен байланысы бар шаруашылықтар ғана көріп отыр. Шын мәнісінде, жаңа жобалар бойынша компаниялар құрылып, жұмыс орындары ашылуы керек еді. Бұл «қарапайым заттар экономикасына» тікелей байланысты. Бірақ жергілікті әкімдер ұйымдастыру жұмыстарын талапқа сай орындамаған. Соның салдарынан салық және зейнетақы төлемдерін арттырып, жергілікті бюджетті нығайтуға жағдай жасалып отырған жоқ. Осыған орай Есеп комитеті және Қаржы министрлігіне қаражаттың жұмсалуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын», – деді. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда ел тұрғындарын жер мәселесі қатты алаңдатып келген болатын. Кейбір өңірлерде «жер шетелдіктерге сатылыпты» деген жел сөздерді де естіп жүрміз. Алайда Мемлекет басшысы мұндай қауесетке сенбеу керектігін айтып, «жер шетелдіктерге сатылмайды» деп, бұл тақырыптың нүктесін қойды. Жолдау арқылы алдағы уақытта білім, денсаулық, мәдениет, экономика сынды маңызды салаларда да айтарлықтай оң өзгерістер болатынын байқап отырмыз. Бұл ең әуелі тікелей Үкіметке және ел тұрғындарына бағытталған жауапкершілік екені сөзсіз. Ал біз ауызбіршілігімізді сақтай отырып, жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға атсалысуымыз керек.
Нұржан ҚАДЫРБЕКОВ, аудандық мәслихаттың депутаты.
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді