«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«KazIrAgro»-ның қуаты артып келеді

«KazIrAgro»-ның қуаты артып келеді
ашық дереккөз
«KazIrAgro»-ның қуаты артып келеді

Инвестиция тарту – облыс үшін ғана емес, тұтас Қазақстан үшін де айрықша маңызға ие. Өйткені инвестор қай жерден өндіріс ошағын салса, сол маңайдағы жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылады әрі шалғайдағы елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайы да едәуір жақсара түспек. Әлбетте, кез келген инвестордың әуелі шаруашылық жүргізуіне шикізат қоры мен тасымал ісі, кәсіпорны орналасатын жерінің инфрақұрылымы үшін ыңғайлы жер іздейтіні белгілі. Айта кету керек, облыс орталығынан шалғайда орналасқан Шу ауданы бүгінде бұл үшін өте қолайлы аймақ болып тұр. Оны ауданға келіп-кетіп жатқан шетелдік инвесторлардың қарасы молдығынан да аңғару қиын емес. Оның үстіне ауданымыз тоғыз жолдың торабында орналасқан. Қазіргі кезде осындай мүмкіндіктерді ескерген инвесторлар аудан аумағынан түрлі бағыт бойынша өз істерін ашып, кәсіптерін дөңгелентуде. Солардың бірі – аудан іргесіндегі Бірлік ауылдық округінде орналасқан «KazIrAgro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Мақсары майын өндірумен айналысатын ирандық компания ауданда 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жүзеге асырылған бұл жобаның жалпы құны 3 миллион АҚШ долларын құрайды. Мұнда бүгінгі күні 70-ке жуық адам жұмыс істейді. Оның жартысынан көбі жергілікті жердің тұрғындары. Өндіріс ошағы толық қуатында жұмыс істеген жағдайда тәулігіне 3 тонна мақсары майын өндіруге қауқарлы көрінеді. Серіктестік қазіргі кезде бірқатар Еуропа елдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Мәселен, Алинагиян Хамидрезаның иелігіндегі кәсіпорын «Safloria» атауымен шығатын өнімді бұған дейін Қытай мен Ресейге, Нидерланды мен Чехияға экспорттап келсе, өткен жылы Жапония мемлекетіне де өткерген. «KazIrAgro» ЖШС үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында 523,2 тонна мақсары майын, яғни 231 миллион 419 мың теңгенің өнімін экспортқа шығарыпты. Оның ішінде Германия еліне 312,9 тонна, Чехияға 167,2 тонна, Жапонияға 41,1 тонна және көршілес Өзбекстанға 2 тонна өткізген. Тәулігіне тонналап дайын өнім шығарып, оны экспорттаумен айналысатын серіктестіктің аудан аумағында мақсары мен арпа және бидай өсіретін егістік алқабы да бар. Серіктестіктің бас директорының орынбасары Марина Фетисова қымбат техника алуға мүмкіндігі жоқ жергілікті диқандарға қолайлы болуы үшін қолжетімді бағада комбайн құрастырумен айналысатындарын да айтады. Сонымен бірге өндіріс ошағындағы май құюға арналған құрылғылары да жыл өткен сайын жаңарып тұрады екен. Бүгінгі таңда шетелдік нарықта өзінің тұрақты тұтынушыларын тапқан іргелі кәсіпорын алдағы уақытта өнім көлемін бірнеше есеге арттыруды көздеп отыр. Алайда бүгінгі таңда суықтай сығылған мақсары майын өндіретін серіктестікке шикізат мәселесі едәуір қолбайлау болып отырған көрінеді. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, өнімді экспортқа шығару қиындық тудырмайды. Өйткені мұнда өндірілетін «Safloria» майына сұраныс өте жоғары. Десе де компанияға қажетті жер мен шикізат қана ирандықтардың толық қуатында жұмыс істеуіне кедергі келтіруде. Аудан әкімі Жарылқасын Айтақов бұл түйткілді тиімді шешудің жолдарын қарастырып, серіктестік толық қуатында жұмыс істеуі үшін нақты шаралар атқарылатындығын айтқан болатын. Әлбетте, аймақ басшыларының шетелдік инвесторларға деген игі көзқарасы өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы ахуалына әсер етпей қоймайды. Сондықтан көп ұзамай аудан басшысы бұл мәселені де тиімді шешеді деген ойдамыз. Шу ауданы.

Суреттерді түсірген Петр Норкин.

Ұқсас жаңалықтар