Сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес халықтың сенімін арттырады
- author «Ақ жол»
- 23 тамыз, 2014
- 282
«Нұр Отан» партиясының ХV съезінде партия Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев «Саяси көшбасшылықтың түбегейлі мәселесі біздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бітіспес стратегиямыз» деді. Енді еліміздегі басты партия 2015-2025 жылға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа бағдарламаны жүзеге асырмақшы. Жаңа бағдарлама қоғамның жемқорлыққа деген көзқарасының өзгеруіне маңызды қағидаттар ретінде, дәстүрлі халықтық қанағатшылдық құндылықтар мен материалдыққа қарағанда рухани байлыққа басымдық беруді алға тартады. Бағдарламаның жобасы қоғамның назарына да ұсынылды. Мәселен, ол партияның барлық бастауыш ұйымдарында, қалалық, аудандық филиалдардың саяси кеңестерінде талқыланды.
Кеше қалалық Мәдениет үйінде өткен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысына да осы тақырып өзек болды. Жиынға партияның бақылау-тексеру комиссиясының мүшелері, партия аумақтық филиалдарының төрағалары мен олардың бірінші орынбасарлары, аудан әкімдері, партиялық бақылау комиссиясы мен партияның облыстық, қалалық және аудандық филиалдары жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағалары мен мүшелері, басқарма, мекеме басшылары, облыстық мәслихаттағы фракция мүшелері, ардагерлер кеңесі мен этномәдени орталықтар тағы басқа сала өкілдері қатысты. Саяси кеңес отырысын партия облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі К.Көкірекбаев ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе «Нұр Отан» партиясының «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының» жобасы бойынша баяндама жасаған К. Көкірекбаев атқарылған жұмыстарға қарамастан, аймақтағы сыбайлас жемқорлықтың жағдайы көңіл көншітпейтіндігін ашық айтты. Мәселен, 2012 жылмен салыстырғанда 2013 жылы мекемелердегі қаржылық, бюджеттік және бухгалтерлік есептердің жүргізілуіне қатысты заң бұзушылықтар, оның ішінде сатып алу заңнамалары талаптарын бұзу жағдайлары, жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалар талаптарын бұзғандығы үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметкерлер саны екі есеге артқан. Ал өткен жылмен салыстырғанда ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында сыбайлас жемқорлық қылмыс пен оны жасаған субъектілердің саны облыс бойынша едәуір төмендегені, алайда Тараз қаласы, Қордай және Шу аудандарында әлі жоғары қалпын сақтап отыр. Сондай-ақ, облыс аумағында жақында жүргізілген әлеуметтік сауалнамадағы «Сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне ең жақын кім?» деген сұраққа тұрғындар алдыңғы орынға жол полициясы қызметкерлерін (28,4%) қойса, одан кейінгі орындарға денсаулық сақтау (15,0%) және білім саласын (10,8%) жатқызған. Бұл үштіктегі келеңсіз жағдайлар бұған дейін де аз айтылған жоқ. Биылдың өзінде партияның төрт мүшесі жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықпен партия атына кір келтіргені үшін партия қатарынан шығарылған. Бір айта кетерлігі, 2008 жылғы бағдарлама бүгінде өзінің өзектілігін жоғалтып отыр. Себебі, онда «Қазақстан-2050» Стратегиясының жаңа міндеттері, партияның саяси Доктринасындағы және Еуразиялық Экономикалық Одақ келісім-шартындағы жаңа саяси, экономикалық және құқықтық басымдықтар көрсетілмеген. Осыған орай, жаңа бағдарлама қолға алынған. «Нұр Отан» партиясы еліміз үшін осындай күрделі шақта сыбайлас жемқорлық әрекеттерге қарсы іс-қимыл бағдарламасын ұсынуы – тарихи маңызы зор шешім. Партияның жаңа жобасы «Сыбайлас жемқорлық жоқ ел – өркендеуші ел» идеологиялық брендін ілгерілету жұмысында «Жас Отан» жастар қанатына да айтарлықтай жауапкершілік жүктеп, іс-қимыл мақсатын айқындайды. Бүгінгі таңда өскелең ұрпақты адал еңбекке баулу қажет. Жобадағы «Адал еңбекті құрметтеу аясын барынша кеңейту керек. Өскелең ұрпақ үшін асыл құндылық – адал еңбекпен қол жеткізген материалдық игілік, жетістіктер мен білім болуға тиіс» деген сөз Елбасының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясымен сабақтасып тұрғаны қуантады. Осындай ойларын сабақтаған Кәрім Нәсбекұлы партия облыстық филиалының төрағасы ретінде бағдарлама жобасына қатысты ұсыныстарын да жеткізді. «Сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізу үшін мемлекетімізде барлық жағдайлар жасалған. Партия бағдарламасы қабылданса, бұл жұмыстың жүйелі жолға түсері анық. Бағдарламаны жүзеге асыру барысы бойынша жыл сайын «Нұр Отан» тарапынан партиялық баяндама жарияланып тұрмақ. Бұл да – бағдарлама ерекшелігінің бірі. Яғни, жемқорлық деңгейі, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың көрсеткіштері мен іс-қимылдардың тиімділігі, қабылданар құжаттың іске асырылу барысы жүйелі түрде жарияланып, қоғамның басты назарында болмақ. Олай болса, қолда бар мүмкіндіктерді толығымен пайдалана отырып, қоғам дертіне айналған сыбайлас жемқорлықтың түп тамырына балта шабуға баршаңызды шақырамын», – деді Кәрім Көкірекбаев. Одан кейін жарыссөзге шыққан Тараз қаласының әкімі Н.Календеров, облыс бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы М.Нәлібаев, партияның облыстық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты С.Сейдәзімов, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры А.Қошмамбетов, №2 қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары, қалалық мәслихаттың депутаты Г.Умаров, Жуалы ауданы Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі А.Ахметова өз салалары бойынша жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар жайлы баяндап, 2015-2025 жылдарға арналған бағдарлама жобасына қатысты ойларын білдірді. Саяси кеңестің отырысында екінші мәселе бойынша сөз алған облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсету, тұрақты жұмыспен қамту және оңалту шараларын дамыту мақсатында өңірде атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Саяси кеңестің мүшесі Б.Алдашов, партия Мойынқұм аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Б.Мәдікенов, Тараз қалалық әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Г.Олжабаева бұл бағытта атқарылған жұмыстар мен түйінді мәселелер жайлы жарыссөздерінде мәлімет беріп өтті. Жиын соңынан саяси кеңес отырысының күн тәртібіне енгізілген мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылданды. Жиын сонымен қатар, партияның бірқатар мүшелеріне жаңа үлгідегі партия билеттері табыс етілді.
Шынар САҒИЕВА,
«Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді