«Алтын алқа», «Күміс алқа» иеленген көп балалы аналарға тиісті жәрдемақы проактив тәсілімен тағайындалатын болды. «Азаматтарға арналған үкімет» жаңа пилоттық жоба аясында 6-7 баласы бар әйелдерге еш құжатсыз-ақ керекті төлемдерді аударатын болады.
Ең алғашқылардың бірі болып, «Күміс алқа» иеленуіне байланысты тиісті жәрдемақының тағайындалғаны туралы СМС хабарламаны Умида Ахунжанова алды. Тараз қаласында тұратын алты баланың анасы ұялы телефон арқылы келген хатқа оң жауап беріп, біршама уақытын үнемдегенін айтады. «Мұндай дүниенің іске қосылғанына ризамын. Бұл болмағанда, кішкентай балаларымды тастап, құжаттарды өткізіп жүретін едім. Бұл менің қаншама алтын уақытымды үнемдеді. Себебі мен үшін бөбектеріммен өткізген әр сағатым қымбат», – дейді ең алғашқы проактив тәсілімен жәрдемақы алған көп балалы Умида Ахунжанова.
Жоба аясында Умиданың телефонына ең алдымен «Жәрдемақы алуға құқылысыз» деген хабарлама келген, кейін жәрдемақы аударылуы тиіс есеп-шоттың нөмірі жолданған. Олардың дұрыстығына келісімін берген батыр анаға ең соңында жәрдемақының тағайындалғаны туралы СМС келген. Айта кетейік, қызметті алу үшін ұялы телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелуі тиіс.
Көп балалы аналар награданы алу үшін жергілікті әкімдікке өтініш жазып, кейін оның тағайындалғаны туралы құжатты Халыққа қызмет көрсету орталығына өткізетін. Бұдан бұлай ХҚКО-ға барудың қажеті болмайды, қызмет автоматты түрде көрсетілетін болады.
«Проактив – қазақстандықтардың құжаттарды ешқайда өткізбей-ақ, мемлекеттік қызметтерді алуына мүмкіндік беретін жоба. Бүгінде жас аналарымыз проактив аясында келетін СМС-терге жауап беріп, баланың туу туралы куәлігін жасатып, оның күтіміне байланысты жәрдемақыны рәсімдеп, балабақша кезегіне тұрып, сәбиді мекен-жай тіркеуіне қоя алады. Сондай-ақ проактивті түрде зейнеткерлікке шығу, мүгедектікті рәсімдеу қызметтері алдағы уақытта іске қосылады. Біз азаматтарымыздың өмірін жеңілдетіп, артық қағазбастылықтан арылтамыз. Бұл – мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматқа ауыстырудағы бірқатар бастамамыздың бірі», – дейді мемлекеттік корпорацияның басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева.
Әсел Мұратбекқызы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді