Кеше облыс әкімдігінің баспасөз орталығында ЖГТУ-дың білім беруге қатысты берілген лицензиясының кері қайтарылуына байланысты брифинг өтті. Осыған дейін бұл оқу орнында білім алып келген студенттерді тамыздың 25 жұлдызына дейін Тараз қаласындағы өзге оқу орындарына ауыстыру жұмыстарының жүріп жатқанын жеткізген облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов пен ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбеков баспасөз өкілдерін мазалаған бірқатар сұрақтардың да жауабын берді. Бұдан бұрын жазғанымыздай, аталмыш оқу орнының лицензиясы құзырлы органдардың шешімімен тоқтатылған болатын. Бұл мәселеге орай құрылған комиссия да жүйелі жұмыс жүргізу үстінде. – Жаңа оқу жылының басталуына он күндей ғана уақыт қалды. Заң бойынша ЖГТУ студенттерін қаламыздағы өзге оқу орындарына ауыстыру керек. Бүгінде 1722 студент өзге оқу орындарына ауысу үшін ректордың келісімін алды. Бұл мәселені облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өзінің қатаң бақылауында ұстап отыр. Біздің басты мақсатымыз – студенттердің мәселесін шешу, – деді Ерқанат Нұрбапаұлы. Облыстағы жоғары оқу орындарының мәліметтері бойынша, ағымдағы жылдың 19 тамызына дейін олардың оқу орындарына ЖГТУ-дың 427 білімгері (ТарМУ-ға - 146 адам, ТарМПИ-ге - 151 адам, ТарТИ-ге – 1 адам, ТИГУ-ға - 129 адам) ауыстырылыпты. Бұдан басқа 63 магистрант М.Х.Дулати атындағы ТарМУ мен ТИГУ-ға ауысып үлгерсе, оқу орнының 10 оқытушысы басқа жоғары оқу орындарына жұмысқа орналасты. – Өкінішке қарай, шілде айында, тамыз айының алғашқы жартысында Жамбыл гуманитарлық-техникалық университеті тарапынан осы саясатқа қарсы жұмыстар жүргізілді. Білімгерлердің құжаттары қайтарылмай, сондай-ақ, ата-аналар мен студенттердің сана-сезімдеріне әсер етіп, «біз басқа форматта ашыламыз» дегендей үміт отын оятып жатты. Сондықтан да, студенттер осыдан үміттеніп, соңғы күнге дейін күтті. Тек өткен аптаның жұма күні ғана аталмыш оқу орнының басшылығы алғаш рет ресми түрде жабылғандығын жариялады, – деген Махметғали Нұрғалиұлы ЖГТУ континентінде жүрген студенттердің бірыңғай ұлттық тестілеуге қатысқан сертификатының жоқтығы мен тапсырған күннің өзінде межелі балды алмағандығынан туындап отырған мәселелерге де кеңінен тоқталды. «Бұл жерде шетелдің жоғары оқу орындарының филиалдарына тіркеліп, кешенді тестті тапсыра алмаса да осы оқу орнында жүрген балалар мен студент деген статусы жоқ балалардың жайы тұр. Олардың бізге келгенде ешқандай құжаттары да болмай отыр. Тек қана қолдарында бірінші академиялық кезеңге төленгендігін нақтылайтын түбіртектері ғана бар. Осындай категориялармен нақты жұмыс жасап жатырмыз. Министрлік тарапынан бұл студенттерді қабылдауға арнайы рұқсат алдық. Тағы айта кететін жәйт, мұндай заңсыздыққа кім жол берді деген кезде тек қана аталмыш оқу орнының басшылығын кінәламауымыз керек. Бұл жерде ата-аналардың да жауапкершілігі тұр. Себебі, әр ата-ана кезінде осы заңсыздыққа өздері біле тұра барды. Келісім-шартқа отырды. Ол кезде олар бір ғана мақсатпен, «балам сынақтан өтпей қалса да, бір жоғары оқу орнына түссін» деген оймен барды. Енді осындай жағдайдан кейін, көптеген ата-ана өздерінің құқықтарын қорғап жатыр. Алдымен Заңды бұзып алып, сосын барып құқықты қорғауға болмайды. Сондықтан жауапкершілікті оқу орны мен ата-ана бірдей көтеруі тиіс» деді ол. ТарМУ мен ТарМПИ бірыңғай ұлттық тестілеуден және кешенді тестілеуден өтпеген студенттер үшін 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін кешенді тестілеуден өтуге мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының Ғылыми Кеңестерімен ЖГТУ-да болған төлемақы сол деңгейін сақтайтын болады.
Гүлжан РАХМАН, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді