«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Дипломдық жұмысына желтоқсан көтерілісін арқау еткен жас

Дипломдық жұмысына желтоқсан көтерілісін арқау еткен жас
Автор
Қоғамда көзқарастар әртүрлі. Біреу көз алдындағы көрініп тұрған нәрселермен өмір сүрсе, кейбіреу тарихқа терең үңіледі. Ондай азаматтар айналаға басқаша көзбен қарайды. Жастар әсіресе жалындап, жаңалық іздеп, жаңашылдыққа ұмтылып тұрса, қанекей! Елімізді алға апаратын жойқын күш иесі де – белсенді жастар. Сондай жастың бірі – М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің жаратылыстану ғылымдары факультетін тарих пәні мұғалімдерін даярлау мамандығы бойынша бітіріп, қолына дипломын алған Құттыбек Әшірхан.

Біз айтқалы отырған ерекше жағдай Құттыбектің дипломдық жұмысында болып тұр. Ол дипломдық жұмысын «1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызы» деген тақырыпта жазып шықты. Яғни, студенттер түгілі мүйізі қарағайдай ғалымдар мен қайраткерлердің батылы бара бермейтін тақырыпқа тәуекел етті. Әуелі ұстаздары арасында да Құттыбек Әшірханды таңдаған тақырыбына қатысты қорқытып үркіткендер де болыпты.

«Мынау тақырыбың өтпей қалып, басқа тақырыпты жазуға үлгере алмай қалып жүрме?» деп ескерту жасағандар да аз болмаған. Бірақ, жас жігіт алған бетінен қайтпапты. Онысы дұрыс. Еркін елде ғұмыр кешіп жатырмыз. Ел тарихының әр парағы шындық болып ашылуы керек. Желтоқсан тақырыбы да солай. Бүгін Құттыбек жазбаса, ертең басқа бір жүрек жұтқан студент жазатын еді. Осыны түсінген Қ.Әшірхан алдынан қанша кедергі шықса да өзі таңдап алған осы тақырыбында табандап тұрып алыпты. Ол бізге бұл тақырыпты қалай таңдағаны туралы айтып берді.

– 2021 жылдың жазында аталған университетке оқуға түсіп, студент атандық. Алғашында біздерге университетке түскеннің өзі қызық болып көрінді. Сол студенттік өмірдің қуанышымен бірнеше айымыз зымырап өте шықты. Содан 16-желтоқсан жақындап келе жатты. Сол күндерде бір топ студентті облыстық «Руханият және тарихтану» орталығына желтоқсаншылармен кездесу кешіне алып барды. Сол жиында желтоқсаншы Талғат Кеншінбеков ағайды және басқа да батырларды көрдік. Әсерге бөлендік. Әйгілі желтоқсанда алаңда болған ағалардан аталған жағдайдың шындығын білдік, естідік. Мәселен, біздер 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы (көтерілісі деп дәлелдеп жүрмін) бойынша ату жазасына кесілген жалғыз Қайрат Рысқұлбеков деп оқып келдік. Бірақ, шындық олай емес. Желтоқсанда ату жазасына кесілген тағы бір Мырзақұл Әбдіқұлов деген кісі бар екен. Жалпы, мен мектепте оқып жүргенімде ескі кітапхананың сөресінде шаң басып жатқан «Қазақстан тарихы» кітабынан «Мырзақұл Әбдіқұлов» деген есімді оқып қалған едім. Ойыма сол оқығаным оралды. Осыдан кейін маған дипломдық жұмысыма желтоқсан тақырыбын алу туралы ой келді. Сол 2-курста Мырзақұл Әбдіқұлов ағайды да университетке шақырып, студенттермен кездесу ұйымдастырдық. Ол кезде жатақханада жатамыз. Ізденіп, дипломдық жұмысты бастауға мүмкіндік жоқ. Сонымен 2-курста желтоқсаншы Сәкен Мырзабай деген ағайдың үйінде жатып, желтоқсан оқиғасына қатысты ізденіс жұмыстарын бастадым. Шындыққа көзім жеткен сайын жүрегім де ауырды, жазатын жұмысым да көбейді. Желтоқсанның шындығын жазу маған оңай болған жоқ. Менің зерттеген жұмыстарым бойынша желтоқсанда қаза болғандар, жоғалып кеткендер, жараланғандар, жазаға ұшырағандар қазіргі айтылып жүрген мәліметтен бірнеше есе көп. Тіпті, алаңға шыққан талай жасты жүрегінде қанішерліктен басқа ештеңесі жоқ қатыгез баскесерлер аяусыз соққыға жығып жазым еткен. Желтоқсан оқиғасы қанша студентті қамтыды? Қандай нақты мәліметтер бар? Бұл сұрақтарға толық жауап әлі берілмеген. Себебі, ел ішінде әлі ақталмаған азаматтар да бар. Сондықтан бұл тақырыпқа болашақта тағы да студенттер, зерттеушілер оралады деген ойдамын. Бір нақты білетінім, желтоқсан оқиғасы бойынша ақын Мұхтар Шаханов ұзақ жылдар үздіксіз жұмыс жүрізген, – дейді Құттыбек Нұрғалиұлы.

Құттыбек Әшірхан дұрыс айтады. Желтоқсан кезіндегі жағдайды осы кезге дейінгі аз ғана мәліметпен доғара салуға болмайды. Оқиғаның нағыз шындығы айтылып, ақиқаты ашылуы керек. Сонда біздің тарихымыз түгенделіп, болашаққа деген қадамымыз жарқын болады. Құттыбек Нұрғалиұлы «дипломдық жұмысымда 1986 жылғы жағдайды «Желтоқсан көтерілісі» деп дәлелдеп шықтым», – деді. Енді сол жағына назар аударсақ.

– Жағдайды «Желтоқсан көтерілісі» деп 6 комиссия мүшесінің алдында нақты мәліметпен дәлелдедім. 6 комиссияның 5-і менімен келісті. Тіпті, тарих және география пәндері кафедрасының меңгерушісі Аурика Серубаева апай «Мойындайтын уақыт жетті. Бұл – көтеріліс» деді. Менің дәлелім қандай еді? Себебі, алаңға шыққанда көшбасшы жастар: «Біз орталық алаңды үш күн ұстап тұра алсақ, бізге Біріккен Ұлттар ұйымы» назар аударады» деп айтқан. Жағдайдың үш күнге созылуы оның көтеріліс екенін дәлелдейді. Осы кезге дейін жағдай 16,17 желтоқсан күндері ғана болғаны айтылып келді. Ал шын мәнісінде 15-желтоқсан күні үстіне қара плащ киген адамдар студенттер жататын жатақханаларды аралап, «Мәскеу Қонаевты орнынан алғалы жатыр. Қарсыласпай қарап отырамыз ба?» деген мәнде үгіт жүргізген. Сол 1986 жылғы 15-желтоқсанда орталық алаңға 250-300 студент қарсылық білдіріп шыққан. Осы жағдай дәлелденіп отыр. Бұл мәліметтер жазушы Рафаэль Ниязбектің «Көсем» романында арнайы үлкен тарау ретінде қамтылған. Мен желтоқсан кезінде ату жазасына кесілген, қиянат көрген, тіпті әлі күнге дейін есімі көп айтылмайтын Мырзақұл Әбдіқұлов туралы да дипломдық жұмысымда кеңінен жаздым. Бұл тақырып болашақта да басқа зерттеушілердің, басқа студенттердің қозғауымен қозғала беретіні анық, – дейді Құттыбек Әшірхан.

Біз осы орайда желтоқсанның нағыз қаһарманы, сол жағдайдың кезінде ату жазасына кесілген Мырзақұл Әбдіқұлов ағаймен хабарласқан едік.

«Құттыбек Әшірбектің желтоқсан тақырыбында қорғаған дипломдық жұмысы құтты болсын. Мен сол жүректі жас азамат үшін қуанып отырмын. Желтоқсан тақырыбы қазір жан-жақты зерттеле бастады. Былтыр Абай атындағы қазақ мемлекеттік университетінің бір студенті желтоқсан тақырыбында дипломдық жұмыс қорғап шықты. Ал, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылының екі оқушысы желтоқсан тақырыбында ғылыми жоба қорғап, республикалық оқушылар байқауында жүлдегер атанды. Бұл сең қозғалып, желтоқсан шындығына қарай бара жатқанымызды көрсетеді», – дейді ол.

Біз ешқандай кедергіге қарамай желтоқсан тақырыбында дипломдық жұмыс жазып шыққан Құттыбек Нұрғалиұлы үшін қуандық. Мейлі, аталған тақырыпты еліміз бойынша екінші болып жаза берсін. Құттыбектің де ісі құптарлық қадам. Оны бағалап жатқандар да аз емес.

Мәселен, «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Кеншінбеков желтоқсан тақырыбын қозғап дипломдық жұмыс жазған жігітке қомақты сыйлық жасауды ойластырып жүрсе, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры «Құттыбек Әшірханды өзім басқаратын орталыққа жұмысқа аламын. Осы желтоқсан көтерілісі тақырыбын кеңірек жазуына мүмкіндік жасағым келеді», – дейді.

Әзірге Тараз шаһарынан Құттыбек Нұрғалиұлына осындай қолдаулар бар. Бәлкім, қала мектептерінен де жұмысқа сұраныс түсіп қалар. Таңдауды Құттыбектің өзі жасайды. Бір білетініміз, мұндай білімді, намысты, жүректі азаматқа қолдау керек.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар