Бүгінде облыстың жалпы жер қоры 14 426,4 мың гектарды құрайды. Оның 65 пайызы, яғни, 9 миллион 406 мың гектары – жайылымдық жерлер. Ал осы жайылымдықтарды пайдалануда тиісті талаптар қаншалықты сақталып отыр? Бірқатар аймақтарда мал басына шаққанда жайылымдық жерлердің тапшылығының туындауына не себеп? Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында осы және өзге де сауалдарға жауаптар беріліп, бірқатар мәселелер талқыланды. Жиында облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов баяндама жасады. Ол жалпы жайылымдық жерлерге жүргізілген талдау қорытындысына тоқталып, «Жайылымдар туралы» Заңының талаптары мен нормаларының орындалмай отырғандығын тілге тиек етті. Басқарма басшысының айтуынша, бекітілген жайылымдар жүктемесі нормаларының сақталмауынан елді мекендер маңындағы жайылымдардың тозу үрдісі мен мал басына шаққандағы жетіспеушілігі туындаған. Қазіргі таңда облыс тұрғындарының ауласындағы мал басына қажет жайылым көлемі 3 миллион 600 мыңнан астам гектарды құрап отыр. Алайда бірде-бір бас мал болмағанымен, өз иеліктерінде айтарлықтай көлемде жайылымдық жерлерді ұстап отырған агроқұрылымдар бар екен. Ондай агроқұрылымдардың саны – 5574. Оларда барлығы 1 миллион 700 мың гектардан астам жайылымдық алқап тіркелген. Бұл деректер аталмыш басқарманың мониторингілеу жұмыстарының нәтижесінде анықталған. Басқарма басшысы мал басы мен иелігіндегі жайылымдық жерлерінің аумағы сәйкес келмейтін шаруа қожалықтарының да бар екенін ашып айтты. Өңір басшысы пайдаланусыз жатқан жайылымдық жерлерді қолданыстағы заңнама аясында мемлекет меншігіне қайтарудың және қайта іске қосудың маңыздылығын баса айтып, нақты тапсырмалар жүктеді. Ол бойынша атқарылатын жұмыстардың жүйелі кестесін түзіп, жоспарын бекіту үшін тиісті тұлғаларға он күн мерзім берілді. Бұл шараларға аудан, ауыл басшылықтарын да барынша тарту қажеттігі айтылды. Асқар Исабекұлы өңірдегі барлық елді мекендер аумағындағы жайылымдық жерлерді нормаға сәйкес қайта есептеу мен саралаудан өткізу керектігін баса айтты. Сонымен қатар жайылымдық жерлерді күтіп ұстау, ондағы жалға алушылардың міндеттемелері бойынша талдау шараларын жүргізудің қажеттілігіне назар аударды. Өңір басшысы нормативтерді облыс деңгейінде қайта қарауды, ол бойынша аудандардың ерекшеліктерін ескерудің маңыздылығын жеткізді. Сондай-ақ, орман қорындағы жайылымдық жерлердің нақты көрсеткішін анықтауды, оны тиімді пайдалана отырып, қажеттілікті барынша табиғи жайылымдар есебінен шешу керектігін баса айтты. Бұл бағытта тиісті салалық басқармалардың ортақ мақсат аясында жұмыла жұмыс жасауы міндеттелді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді