Әулиеаталық әйелдер қауымы барлық салада да белсенді. Тіпті, соңғы жылдары нәзікжандылардың өңірдің өсіп өркендеуі жолында өзіндік қолтаңбасын айшықтап, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүргені аян. Барлық саланың көсегесін көгертіп, бір қолымен бесігін, екінші қолымен кәсібін дөңгелетіп отырған әйелдер, әсіресе ауыл әйелдері жаңа кәсіп ашу үшін жұмысты неден бастауы керек? Қандай кедергілер бар?Кеше Тараз төрінде өткен ауыл әйелдерінің облыстық форумында осы және басқа да мәселелер қаралып, тақыланды. Шараны облыс әкімдігі, «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ, «G-Global» халықаралық хатшылығы, Халықаралық Coca-Cola қорының қолдауымен «EXPO&WOMEN» халықаралық ұйымы ЗТБ ұйымдастырды. Форумның жоғары деңгейде өтуіне әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ұлттық комиссияның қолдау көрсеткенін де айта кеткен жөн. Ауқымды жиынның алдында журналистер үшін баспасөз мәслихаты өтті. Онда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, республикалық ауыл әйелдері форумының ұйымдастыру комитетінің төрайымы Майра Айсина, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен, «Жасыл экономиканы және G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ басқарма төрағасы, ҚР Президенті жанындағы жасыл экономикаға өту Кеңесінің мүшесі, ұйымдастыру комитетінің мүшесі Салтанат Рахымбекова ауыл әйелдері форумының маңыздылығын атап өтті. Жиынның ашылу салтанатында модератор, облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев сөз сөйлеп, дәстүрлі дала мәдениетінде қазақ әйелдері өздерінің отбасылық қана емес, қоғам мүшесі ретіндегі әлеуетін түрлі салаларда көрсетіп келе жатқандығын тілге тиек етті. – Аты аңызға айналған ел аналары Ұмай, Домалақ, Қарашаш, Ұлпан, Абай атамыздың анасы Ұлжан, әжесі Зере мен Шоқанның әжесі Айғанымдай әжелеріміздің есімдері ғасырдан ғасырға жетіп, халық жүрегінде жатталды. Заманында Тұмар мен Зарина ханшайымдар, беріде Бопай ханымдар, шығыстың жұлдыздары Әлия мен Мәншүк, Хиуаз Доспановалар ел басына күн туғанда ерлермен иық теңестіріп, ерліктің өнегесін көрсетті.
Киелі Әулиеата жері де қашанда ардақты қыздарын, атақты еңбек майталманы атанған әйелдерді мақтан етеді. Ерен еңбектің үлгісін көрсеткен, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, қос ғасыр куәгері Мәрзия Ибрагимова, бақытын ерен еңбектен тапқан өңіріміздің даңқты Еңбек Ерлері Дариха Жантоқова, Сындыбала Оңғарбаева және Тамдыкүл Жамбылова сияқты ардагерлеріміздің еңбектері еш уақытта да ұмытылмасы ақиқат. Бүгінде біздің облысымызда 1 миллионнан астам халық тұрса, оның 60 пайызы ауылда тұрады. Оның жартысы – әйелдер. Олар әлеуметтік, орта және шағын кәсіпкерлік, басқа да салаларда табысты еңбек етіп жүр. Мәселен, аудандық мәслихат депутаттарының 29-ы – әйел, 20415-і – ұстаз, 785-і – дәрігер, 1000-ға жуығы – мемлекеттік қызметкер. Әйелдердің ауыл-аймақтарды дамытудағы рөлі де айрықша. Олар ауыл шаруашылығын дамытуға, шағын және орта кәсіпкерлік салаларын ілгерілетуге қомақты үлестерін қосып келеді. Сондай-ақ облыстағы 19 мыңға жуық шаруа қожалығының төрттен бірін нәзік жандылар басқарып отыр. Қазір олар ауылда тұрып-ақ қалай табыс табуға болатынын жақсы біледі. Биыл 393 әйел «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіп ашудың қыр-сырын оқып-үйренсе, мемлекеттік бағдарлама бойынша 111 әйел шағын несие, 46 әйел қайтарымсыз грант алды. Ал 9725-і «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысты. Сонымен қатар облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен өңір тұрғындарының табысын арттырып, тұрмысын жақсарту бағытында, үй іргесіндегі шаруашылықты және ауылдағы шағын кәсіпті дамыту мақсатында облыста тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары тарапынан үй іргесіндегі жеке қосалқы шаруашылықты тиімді пайдалануға қатысты жобалар жинақталып, есебі шығарылды. Бүгінде жалпы құны 497,7 миллион теңгені құрайтын 9 кәсіпорынның бизнес-жоспары екінші деңгейлі банктер тарапынан мақұлданды. Оның ішінде нәзік жанды азаматшалар басқарып отырған балабақша құрылысымен айналысатын «Жұмабекова», құс етінен өнімдер өндіретін «Бахадырқызы Мадина» жеке кәсіпкерлік нысандары бар. Олардың кәсіпкерлігін қолдауға облыстық іскер әйелдер кеңесі де қомақты үлес қосып келеді. Кеңестің тікелей ұйытқы болуымен Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталықтары ашылуда. Қазіргі таңда Шу және Жуалы аудандарында бой көтерген мұндай орталықтар «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, өз ісін ашамын деушілерге көмек көрсетуде. Сондай-ақ демографиялық өсімді арттырудағы әйелдердің рөлі аса маңызды. Биыл 7 айдың өзінде облысымызда 14678 нәресте дүниеге келді. Бүгінде облыста 44100 көп балалы отбасы, 4416 «Алтын» және 9112 «Күміс алқа» иегерлері бар. Бүгінгі күні Қазақстан әйелдері отбасының сақтаушылары ғана емес, қоғамда болып жатқан өзгерістердің белсенді қатысушылары. Мемлекет әйелдердің қоғамның саласындағы таңдау бостандығын қамтамасыз ету үшін тиісті жағдай жасап отыр. Қоғамдық санадағы қазіргі заманғы әйелдің барлық саяси, демократиялық және әлеуметтік-экономикалық үдерісіне толық құқықтық қатысушысы ретіндегі бейнесін қалыптастыру – ең маңызды. Қазіргі заманғы әйел – елдегі барлық саяси және әлеуметтік үдерістердің белсенді қатысушысы. Ауыл – халқымыздың бірлігі мен бірегейлігінің, тарихы мен мәдениетінің қайнар көзі. Елді мекендерді өркендету – мемлекетімізді дамытудың маңызды шарттарының бірі. Ал бұл бағытта атқарылатын жұмыстарға сіздердің, ауылда тұратын әйелдердің қосатын үлесі зор. Сіздер бүгінде ауылдың шырайын келтіріп, тірлігіміздің берекелі болуына үлес қосып отырсыздар. Қай салада болмасын батыл қадам жасап, кәсіби кемелділіктің, жауапкершілік пен табандылықтың тамаша өнегесін көрсетіп келесіздер. Қаймағы бұзылмаған өлкемізден ел абыройын қорғайтын намысты ұл-қыздарымыздың түлеп ұшуында сіздердің еселі еңбектеріңіз орасан, – деген Мұратхан Жүнісәліұлы форум жұмысына сәттілік тіледі. Бұған дейін ауыл әйелдерінің форумы еліміздің төрт облысында өтіпті. Былтыр бірінші рет ұйымдастырылған республикалық Қазақстан ауыл әйелдерінің форумының өтуіне тікелей бастамашы болып жүрген Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина өз сөзінде бүгінгі күні ауыл әйелдерінің әлеуеті жоғары екендігін атап өтті. «Бүгінгі шараға 150 жамбылдық әйел қатысуда. Ал кәсіп ашуға ынта танытып, ел берекесін тасытуға белсенділік танытқан әйелдерге қолдау көрсету – басты міндетіміз. Қазіргі күні шағын және орта бизнесті дамытуға ауылдағы әйелдер де үлкен үлес қосып отыр. Жұмысты ең төменгі сатыдан бастаған нәзікжандылар үшін гранттар бөлу мәселесі де бар. Оған жергілікті әкімдіктердің және меценаттардың да көмегі керек. Жалпы «Жасыл экономиканы және G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ ұйымы негізінен 2020 жылға дейін 5 миллион жұмыссыз әйелді жұмыспен қамту мәселесіне де назар аударып отыр», – деді осы істің суығына тоңып, ыстығына күйіп жүрген Майра Арапқызы. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Өйткені ол көптеген мәселелерді көтеріп, осы бағытта жеті жылдан бері жұмыс жүргізіп келеді. Жиында жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Парламент Сенатының депутаты болып сайланған Ләззат Сүлеймен осы аралыққа дейін әйелдерді қолдау бойынша қолға алынып отырған шаралардың жалғасын табатындығын айтты. – Бәріміз де ауылда өстік. Қазір ауылдағы жағдай да жақсы. Жұмыс істеймін, кәсіптің көзін табамын дегендерге қолдау бар. Сондықтан ауыл әйелдерінің әлеуетін көтеруге азаматтық институт өкілдерін, ауыл әкімдерін көптеп тарту керек. Жоғарыда осы мәселені сөз еткен Майра Арапқызы жеті жылдан бері осы іспен өзі айналысып келеді. Жұмыс бар, ширату керек. Сондай-ақ жақсы істің басында жүрген әйелдердің де жұмысын, тірлігін насихаттау ләзім. Қазір ауыл әйелдерінің жағдайын көтеру мақсатында Үкімет алдында да мәселе қойып отырмыз, – деді Ләззат Жаңылысқызы. «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ Басқарма Төрағасы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңесінің мүшесі Салтанат Рахымбекова ауыл әйелдеріне несие беру, грант бөлу, қолдау шаралары аясында жеті жылда атқарылған жұмыстардың ауқымдылығына тоқталды. «Осы жылдардың ішінде 51 әйелдің әрқайсысына төрт мың АҚШ долллары көлемінде грант бөлінді. Сондай-ақ бес мың әйел әрқайсысы 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз гранттарға ие болды. Басты мақсат ауыл әйелдерін ынталандыру болуы керек. Жақсы нәтижеге қол жеткізіп, өз ортасында көшбасшы болған аруларды көтермелеп, мемлекеттік марапаттарға да ұсынып отырмыз», – деді Салтанат Темірқұлқызы. Форумның соңы одан әрі пленарлық мәжіліске жалғасып, ағымдағы жылдың қараша айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық ауыл әйелдерінің форумына делегаттар сайланды. Сондай-ақ республикалық форумда ұйымдастырылатын «Менің жетістігімнің тарихы – 2019» шеруі аталымынан үміткер алты әйел өз жетістіктерімен таныстырды. Өткен жылғы шерудің жеңімпазы «Ким А.Е» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Анастасия Ким әлеуметтік жобаларды іске асырудағы тәжірибесімен бөлісті.
Ерман Әбдиев
Суреттерді түсірген Алмаз Орманов.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді