«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қауіп-қатердің алдын алу үшін халықпен жұмыс істеу керек

Қауіп-қатердің алдын алу үшін халықпен жұмыс істеу керек
ашық дереккөз
Қауіп-қатердің алдын алу үшін халықпен жұмыс істеу керек

Ауданда облыстық қоғамдық келісім кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Оған Меркі және Талас ауданы әкімдерінің орынбасарлары, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімдері мен Жастар ресурстық орталықтарының мамандары, аймақтық қоғамдық кеңес, өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясының, Талас, Т.Рысқұлов, Шу, Қордай аудандарының қоғамдық келісім кеңестерінің өкілдері қатысты. Жиында талқыланған мәселелер – Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІІ сессиясында Елбасы Н.Ә.Назарбаев жүктеген міндеттерді іске асыру жолдары. Осы басқосуда облыстық қоғамдық кеңес пен өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық келісім кеңесі өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Қос кеңестің төрағалары Сембек Сейдәзімов пен Шәбден Тілеумұрат қоғамдағы ішкі тұрақтылықты сақтау үшін бірлесе жұмыс жүргізуге келісім жасасты. Жалпы өңірлерде ұлтаралық, дінаралық келісімді нығайтудың маңызы зор. Бүгінде бұл іске Ассамблея мүшелері, өзге этностар үлкен үлес қосып отыр. Жиында осыны айтып өткен модератор, Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, Nur Оtan партиясының аймақтық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат күн тәртібіндегі мәселелер, конфессияаралық келісімнің тәжірибелері, Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі діннің игілікті рөлі туралы сөз қозғады. Меркі, Талас аудандарында қоғамдық келісім кеңестерінің мемлекеттік саясатты түсіндіру тұрғысында атқарып жатқан жұмыстары жайлы аудан әкімі орынбасарлары баяндама жасады. «Өңірлік Қоғамдық келісім кеңесіне жүктелген жауапкершілік өте үлкен. Бұл атқарушы және есеп беруші ұйым ғана емес. Ұлтаралық немесе конфессияаралық қатынасты нығайтумен шектелмейді, халықпен өзара қоғамдық келісімді орнықтырады. Аты айтып тұрғандай, қоғамдағы болып жатқан түйткілдердің шешу жолдарын тауып, келеңсіздіктерді болдырмау үшін жұмыс жүргізеді. Қазіргі таңда дүниенің әр қиырында неше түрлі келеңсіз жайттар орын алуда. Ал мұндай жағдайдың Меркіде, Таласта орын алмайтындығына кім кепіл?! Кеңес мүшелері барлық қауіп-қатердің алдын алу үшін тұрғындармен тығыз жұмыс жүргізуі керек», дей келе, кеңес төрағасы жастардың еңбекке құштарлығын арттырып, оларды елге қызмет етуге жұмылдыру керектігін еске салды. Көшпелі кеңес отырысынан кейін «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызылша алқабына барды. Мұнда оларға шаруа қожалықтың агроөнеркәсіптік секторда прогрессивтік технологияны енгізу тәжірибесі таныстырылды. Аталған шаруашылық бүгінде егін алқабын тамшылатып және жаңбырлатып суаруға көшкен. Аталған серіктестіктің басшысы Қанат Шайхиев қант қызылшасын жаңбырлатып суару технологиясы арқылы жоғары өнім алуға мүмкіндігі артқанын айтты. Бұл құрылғыны ол Франциядан арнайы алдыртқан екен. Облыстық қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері егін алқабында бұдан өзге де оң шешімін тауып, жоғарғы нәтижеге қол жеткізген Қанат Кеналыұлына атқарған еңбегіне сай жоғары мемлекеттік наградаға ұсыну туралы мәселе көтерді. Алдағы уақытта бұл ұсыныс күн тәртібіне енгізілмек.

Назерке ОҢҒАР, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің баспасөз қызметінің маманы.

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар