Логистика темір жол әлеуетін арттырады
Алдағы жексенбі – көлік қызметкерлерінің кәсіби төл мерекесі күні. Олардың қатарында болат жолдың бойында еңбек ететіндер өз мерекелерін үлкен жетістіктермен қарсы алып отыр. Өңірімізде химия өнімдерінің тасымалы да темір жол арқылы өтетіні белгілі. Бұл табыс көзін еселемесе, еш төмендеткен емес. Осы жағдайларға байланысты Жамбыл жүк тасымалы саласында тасымалдау, логистиканы күшейтуге күш түсіп тұр.
Жалпы алғанда өңіріміздегі «ЕвроХим» ЖШС соңғы жылдары өнім түрлерін де, көлемін де арттыруға күш салып келеді. Мұны Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі директорының логистика жөніндегі орынбасары Әділ Түсіпов те растап отыр. Оның айтуынша былтыр аталған компания 5 айға 227129 тонна өнімді темір жол арқылы тасымалдауды жоспарлап, оны артығымен орындаса, биылғы бес айға 257330 тонна жоспарлап, бірақ оның 238986 тоннасын ғана (93 пайыз) тасымалдапты. Дегенмен былтырғыға қарағанда 105 пайызға артық өнім өндірген.
Ал Жамбыл және Түркістан облыстарындағы бірқатар химиялық кәсіпорындарды біріктіретін «Қазфосфат» ЖШС-ның өндірістік нысандары – «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені, Жаңа Жамбыл фосфор зауыты, Тараз минералдық тыңайтқыштар зауыты, Темір жол көлігі кешені, Шымкент қаласындағы синтетикалық жуу заттарын шығаратын зауыттары тірлігін тіктеп, өнім өндіруде. Серіктестіктің бас директоры Мұқаш Ескендіров 2016 жылы минералды тыңайтқыштар зауытындағы қайта жабдықтау жұмыстары өндіріс көлемін екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік бергенін айтты. Сондай-ақ ағымдағы жылдың басынан бері зауыт 29,1 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Оның ішінде 24 мың тонна азот тыңайтқышы болса, 122 мың тоннаға жуық фосфор тыңайтқышы өндірілген. Өнім ішкі нарықты толық қамтамасыз ете отырып, Қытай, АҚШ, Біріккен Араб Әмірлігі, Ресей федерациясы елдеріне экспортталған.
– «Қазфосфат» біздің негізгі тұтынушыларымыздың бірі. Өткен жылдың бес айында 896303 тонна өнім тасымалдаса, биылғы бес айға 1 135 323 тонна жоспарлаған. Бірақ бұл жоспарға жете алмай 1077606 тонна жүк салды. Дегенмен былтырғы есепті кезеңнің көрсеткішімен салыстырғанда биыл 120 пайызға артығымен орындап отыр. Бұл көрсеткіштен химия өндірісінің, сәйкесінше Тараз-Жаңатас учаскесіндегі жүк тасымалының көлемі жылдан-жылға артып келе жатқаны анық аңғарылады, – дейді Ә.Түсіпов.
Еліміз бойынша Жамбыл өңірі химия саласының ең бір дамыған аймағы саналады. Өңірдің химия өнеркәсібін дамыту саласындағы әлеуеті зор. Химия саласы облыстың бүкіл өнеркәсіп өндірісінің 20 пайыздан астамын құрайды. Қазіргі уақытта аймақта заманауи химия кластерін құру жөнінде жұмыстар атқарылып жатыр. Қаратау мен Жаңатас қалаларындағы жобаларды және Шу қаласындағы «Химпарк-Тараз» арнайы экономикалық аймағын іске қосу арқылы облыстың өнеркәсіп өндірісінің көлемін едәуір арттыру шаралары да қолға алынған. Арнайы экономикалық аймақтың логистикалық мәселелері де шешіліп келеді. Мәселен, Шу-Аспара учаскесі арасында жаңа станса пайда болды. Оны «Integro» компаниясы салып бітірді.
– Биыл Шудағы «ТаразХимияпаркі» жүк тасымалдамайды. Бірақ зауыттар құрылысы жүргізілуіне байланысты сырттан құрылыс материалдары көптеп келеді деп күтілуде. «ЕвроХим» өнімдерін темір жол арқылы Ресей, Өзбекстан асыруда. Олар өз өнімдерін 20-30 пайызға көбейткелі жатыр. Әзірге «Қазфосфаттың» жолдары арқылы өздерінің кірме жолына кіруде. Болашақта өздеріне жаңа жол салмақшы. Сондай-ақ жаңа тепловоз алу да жоспарларында бар. Бұл біздің де жұмыс ауқымын көбейтпек. Ал Тараз-Жаңатас жалғыз жолды бөлімше. Жылдамдығы әр жерде әр қалай – 25 кей жерде 40 км/сағат. Шпалдардың ескілігінен салмақ нормалары да аса сын көтере бермейді. Осыған байланысты «Қазфосфат» басшылары елордаға барып осы мәселені көтерді. Яғни жолдың сапасын жақсартып, жылдамдықты арттырып, салмақ нормасын жоғарылатып, тепловоздарды жаңартуды сұрады. Бізде бұрын «Эволюшн» деген екі ескі тепловоз жүретін, олар батысқа жіберіліп орнына жаңасын алдық. Одан бөлек орта күрделі күшейту жұмыстары Жұма-Тамды теліміндегі 37 шақырымда басталып кеткен. Бүгінге 10 шақырым жолды жөндеп қойдық. Ол жердегі жөндеу жұмыстарын қолға алған мердігер ПМС «Ағадыр» қазір күн жылы кезде солтүстіктегі жолдарды жөндеп алу үшін сонда кетті. Күзге қарай бізге қайта келеді. Қазір жаңа шағыл төсеу жұмыстары ойдағыдай жүріп жатыр. Жылдамдық сағатына 40 шақырымға шықты, – дейді Әділ Алдиярұлы.
Сондай-ақ Жаңатас стансасына іргелес Байқадам ауылы маңынан түріктердің компаниясы кальцийлендірілген сода зауытын салуды жоспарлапты. Биыл құжаттарымен айналысып жүр. 2020 жылдан бастап үш жыл көлемінде зауыт құрылысын аяқтамақ. Өндірістік қуаты тәулігіне 60-70 тоннаны құрайды. Бұл да жамбылдық теміржолшылардың жұмыс ауқымын арттыра түсетіні сөзсіз.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді