Елімізде жоғары білім беру мәселесі ешқашан назардан тыс қалған емес. Күні кеше ғана мемлекеттік оқу гранттарының иегерлері анықталды. Биыл былтырғыға қарағанда жастарға мол мүмкіндіктер берілгенімен, тізімнен өз аты-жөнін таппаған талапкерлер де бар. Бұған себеп – түлектердің грант аз бөлінетін мамандықтарды көбірек таңдап, бәсекенің жоғары болғандығы. Дегенмен олар тегін оқудан әлі де үміт үзбеулеріне болады. Енді 5 тамыздан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры есебінен көп балалы және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың балалары үшін республикалық трансферттен бөлінген 5000 грант үшін конкурсқа құжат қабылданады.
Өңірімізге 460 грант тиесілі
Көп балалы отбасылардың балалары үшін берілетін қосымша білім беру гранттары қалай бөлінеді? Міне, қазір көпшілікті мазалаған сауал – осы. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова республика бойынша бөлінген 5000 гранттың 460-ы біздің облысқа тиесілі екенін айтты. Оның 72-сі – педагогикалық, 388-і – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерлік, өңдеу және құрылыс, ауыл шаруашылығы және биоресурстар саласына бөлініп отыр. – Облыс әкімдігі жанынан құрылған конкурстық комиссия берілетін білім беру гранттарын мамандықтар бойынша орналастыратын жоғары оқу орындарын анықтады. Көп балалы отбасылардан шыққан мектеп түлектері жергілікті атқарушы органдар өткізетін конкурсқа қатыса алады. Құжат 5-10 тамыз аралығында қабылданады. Қай жоғары оқу орны қандай мамандықтар бойынша құжат қабылдайтыны облыстық қоғамдық кеңестің қорытындысына сәйкес белгілі болады. Қорытындысы облыс әкімдігінің және білім басқармасының ресми сайттарында жарияланады. Құжаттарды белгіленген оқу орындары қабылдайтын болады, – деді Сұлушаш Сәтбекқызы. Білім гранттары – жастар үшін қуатты əлеуметтік лифт екені сөзсіз. Соның арқасында жыл сайын мектеп бітіретін түлектің тең жартысы елімізде тегін жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Бұл қадам оқу мен еңбек процесінен тыс қалғандар қатарының көбейіп кетпеуіне септігін тигізеді. Осы арқылы экономиканың әр саласындағы маман тапшылығы жойылуда. Биыл өңірімізде жергілікті бюджеттен еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, жалпы медицина саласына – 15, агрономия мамандығына – 10, аграрлық техника және технология мамандығына – 5 грант, денсаулық сақтау саласы бойынша резидентураға 9 орын бөлінуі – соның бір көрінісі.
Әлеуметтік саясаттың әлеуеті
Экономикалық өсімді тұрақтандыру үшін өңірімізде атқарылып жатқан ілкімді іс көп. Дегенмен оның бәрі әлеуметтің көңіл-күй ауанына қарай ғана лайықты бағаланады. Идеологиялық, әлеуметтік саясаттың қандай маңызға ие екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Міне сондықтан атқарушы органдар жұмысын жариялы түрде жүргізуге ұмтылуда. Алайда өзгермелі қоғамдағы жаңғыруларды қабылдау үшін сананың ашықтығын қалыптастыру керек. Брифингте облыс әкімінің орынбасары осы бағыттағы көп сатылы жұмыстың барысына тоқталды. Жалпы мемлекеттің әлеуметтік саясатының көп тармағының бірқатары жастарды қолдауға, ана мен баланы қорғауға, отбасылық құндылықтарды сақтауға бағытталғаны белгілі. Биыл Жастар жылына орай елімізде жастарға кәсіпкерлікпен айналысуға гранттар бөлінуде. Өз ісін ашамын деген талапшылдарды қолдау мақсатында облыс әкімдігі өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, жоспарлы жұмыстар жүргізуде. 15 мамыр – 3 шілде аралығында «Бизнес – бастау» жобасымен 437 жас кәсіпкерлік негізіне оқытылып, 50 жас 230,8 миллион теңге шағын несие алған. – «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жастардың жаңа бизнес идеяларын іске асыру үшін 3 миллион теңгеге дейін мемлекеттік грант беруге облыстық бюджеттен 303 миллион теңге, республикалық бюджеттен 21 миллион теңге, барлығы 324 миллион теңге қаржы бөлінді. Аталған грант бойынша 1-12 шілде аралығында конкурс өткізілді. Арнайы құрылған комиссия аудандар мен Тараз қаласынан ұсынылған 466 жастың жобасын қарап, соның 158-іне грант бөлу туралы шешім қабылдады. Жастар жылына орай «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде жаңа бизнес идеяларды дамытуға республикалық бюджеттен 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 329 жасқа қайтарымсыз грант ретінде 166,1 миллион теңге қаржы бөлінген. Қазір соның 88-іне жаңа жобаларын жүзеге асыруға 44,4 миллион теңге қаржы берілді. Алдағы уақытта осы мақсатқа 800 жасқа 404 миллион теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінеді, – деді Сұлушаш Сәтбекқызы. Спикер брифингте жасөспірімдер тәрбиесіне қатысты, жеткеншіктер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті. Жалпы бұл тақырып құндылықтары өзгерген қоғамда өте өзекті мәселеге айналған. Кемшілік те, олқылық та бар. Дегенмен тиісті сала мамандары жұмысты тиісті деңгейде жүргізбей отыр деп кінә арта салудан аулақпыз. Қай кезде де баланың тұлға ретінде қалыптасуына алдымен отбасы, ата-анасы, өскен ортасы әсер ететінін ескерсек, бұл қоғам болып бірге атқаратын үлкен идеологиялық жұмыс. Абайша айтсақ, «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват!» Табыстың кілті – табандылықта. Ал жұмыс жүруі үшін мықты жоспар, жүйе қажет. Сонда нәтиже де болады. Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы сананы жаңғыртып, идеологиялық жұмысты бекемдей түсуді көздейді.Өңірімізде бұл бағытта жұмыстар облыс әкімі бекіткен арнайы іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілуде. Бағдарлама «Бәсекеге қабілет», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» атты негізгі бағыттардан тұратыны мәлім. Осы бағыттардан туындайтын «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру», «100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Қазақтанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «100 жаңа есім», «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобаларын іске асыру мақсатында жыл басында «Рухани жаңғыру» жобалық офисі құрылды. Ал «Ұлы Даланың жеті қыры» жобасын іске асыру бойынша 21 қаңтарда облыстық іс-шаралар жоспары бекітілген. Соған сәйкес 926 миллион теңгеге 278 мыңнан астам адам қамтылған 59 жоба, 720 іс-шара (жергілікті бюджеттен – 88 миллион теңге, демеушілер есебінен 838 миллион теңге) өткізілді.
Облыстың 80 жылдығына дайындық қызу жүруде
Сұлушаш Сәтбекқызының айтуынша, облыстың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Шахристан кешенінде облыстық тарихи-өлкетану музейі, көрме павильоны, амфитеатр, қолөнер шеберлерінің галереясы, «Руханият» орталығының жаңа ғимараты, көркемдік-бейнелеу өнері галереясын ашу жоспарланып отыр екен. Сондай-ақ өңірдің тарихы мен мәдениеті, табиғаты, біртуар перзенттері мен ақын-жыршы, батырларының есімдерін ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында «Тараз мұралары» сериясымен көптомдықтар шығарылмақшы. – Бүгінгі күні бұл жұмыс 2 бағытта жүруде. Біріншісі бойынша – 15, екінші бағытта 35 томдықтың материалдары топтастырылып дайындалды. Оның алғашқысы – тарихи-танымдылық ғылыми-зерттеулер. 35 том шығармашылық жұмыстарға арналған. Сондай-ақ облысымыздан шыққан өнер жұлдыздарының концерті, «Өркениеттер тоғысындағы Тараз» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек көптеген іс-шаралар бар. Дайындық қызу жүргізілуде, – деді Сұлушаш Құрманбекова. Иә, атқарылған іс көп. Алдағы белгіленген межеге жету үшін бұдан да көп міндеттер жүктелген.
Ардақ Үсейінова
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді