«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жемқорлықпен күрестің жаңа жүйесі талқылануда

Жемқорлықпен күрестің жаңа жүйесі талқылануда
ашық дереккөз
Жемқорлықпен күрестің жаңа жүйесі талқылануда

Тараз

Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес дайындалған партияның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының жобасы қазір жер-жерде қызу талқылануда. Партия Тараз қалалық филиалы Саяси кеңесінің кешегі өткен кеңейтілген отырысы да осы мәселеге арналды. Саяси кеңес отырысын партия Тараз қалалық филиалының төрағасы Қаржаубай Бекболатов ашып, баяндама жасады. – Әрине, жоба болғаннан соң, оның негізгі бағыттары мен алға қойылған мақсаттарын қолдаумен қатар, тың ойлар мен ұтымды ұсыныстардың айтылары ақиқат. Жоба бүгінге дейін «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалына қарасты барлық 62 бастауыш партия ұйымында талқыланып, оған 14 мыңнан астам партия мүшелері қатысты. Айтылған ұсыныстар зерделеу үшін партия облыстық филиалына жіберілді. Ең маңыздысы барлық жиналыстарда сөйлеген партия мүшелері «Нұр Отан» ұсынып отырған жаңа бағдарламаның жобасына үлкен қолдау көрсетті. Сыбайлас жемқорлықты құқықтық сана өзгермей, жаңа көзқарас қалыптаспай, мәдениет орнықпай жеңу қиын болары шындық. Бірақ, ел болып бірігіп, жұрт болып жұмылып атқаратын бұл істі жеңудің бір-ақ жолы бар, ол – бірлік пен адалдық және таза еңбек. Ал осы бірлік пен адалдықты, таза еңбек пен шын пейілді әрбір азамат өзінен бастауы керек. Сонда ғана партия қолға алған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясаты өз нәтижесін береді деген ойдамын, – деді Қ.Бекболатов. Негізгі баяндама аяқталған соң жарыссөзге кезек берілді. Жарыссөзге шығып сөйлеушілердің жемқорлық туралы жаттанды сөздерден гөрі нақты ұсыныстармен келгені сүйсінтті. Осы орайда Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Балабек Нарбаевтың пікірлері көпке ой салды. – Біріншіден, сыбайлас жемқорлықтың не екенін ғылыми тұрғыда түсініп алуымыз керек. Екіншіден, оның қай ортада, қандай жағдайларда пайда болатынын зерттеуіміз қажет. Адамдарды емдер алдында дұрыс қойылған диагноздың атқарар рөлі орасан. Сондықтан да үшіншіден, сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін зиянын анықтап барып, түбегейлі күресуіміз керек. Өйткені, сыбайлас жемқорлық орын алған жағдайда жемқорларды қудалап, жазалаумен жағдай түзелмейді. Сол себепті партияның міндеттеріне, осы құбылысты тудыратын себептер мен жағдайларды және оның салдарын ғылыми тұрғыда зерттеп, онымен күресудің әрбір қадамын анықтап беретін қоғамдық институт құруды ұсынамын, – деді Б.Нарбаев. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық жалпыұлттық қозғалысы облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев бағдарлама атауы мен мәтініне қатысты өзінің ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар, ол «Зербұлақ» көлі маңындағы жасыл орманды алқапты отап, жанар-жағармай бекетін салып жатқан азаматтардың әрекетін сынға алып, бұл орайда құзырлы органдар қол қусырып қалмауы керектігін еске салды. Басқосу барысында Жамбыл политехникалық колледжінің директоры Жанар Орынбаева, №1 қалалық аурухананың бас дәрігері Мавлюда Бокаева, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының басшысы Лариса Лысова сөз сөйлеп, бағдарлама жобасына қатысты пікірлерімен бөлісті. Саяси кеңес отырысына қатысып, сөз сөйлеген Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров жиында айтылған ұсыныс-пікірлердің ескерусіз қалмайтындығына сендіріп, олардың партия Орталық аппаратына жолданатынын жеткізді. Сондай-ақ, қала басшысы «Зербұлақ» көлі маңындағы жағдайдан хабардар екендігін, аталмыш мәселені тікелей бақылауда ұстап отырғанын айтты. Кеңейтілген отырыста қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылданды.

Меркі

«Нұр Отан» партиясы жаңа бағдарламасының жобасы апта аралығында партия аудандық филиалдары Саяси кеңестерінің кеңейтілген отырыстарында да жан-жақты талқыланды. Меркі ауданында өткен жиынға партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлдара Нұрымова қатысты. Басқосуда партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марат Қасым тақырыптық баяндама жасап, жарыссөзге шығушылар тың ұсыныстарымен бөлісті. Мысалы, «Меркі Шапағат» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әтіркүл Исаева бағдарламаның тиімді жүзеге асырылуы үшін әзірленетін «Жол картасы» әр бес жылға емес, үш жылға арналып жасалынса деген ойын ортаға салды. Келесі кезекте сөз алған аудандық мәслихаттағы депутаттық фракцияның мүшесі Нүрила Қойшыманова білім беру мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша арнайы сауаттылық курстарын ашу керек деген ұсыныс тастады. Жиында өзге де азаматтар сөз сөйлеп, бағдарлама жобасына қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Жамбыл

«Нұр Отан» партиясы Жамбыл аудандық филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында филиал төрағасы, аудан әкімі Рүстем Дәулет жаңа бағдарламаның жобасы туралы баяндама жасады. – Бағдарлама жобасында елдегі ең өзекті мәселелерді оңтайлы шешудің жолдары қарастырылған. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық көрінісімен емес, оны туғызатын себептермен және жағдаймен күрес ең негізгі қағидаттардың бірі болып табылады. Әлемдік озық тәжірибенің негізінде отандық заңнаманы жетілдіру ұсынылады. Жаңа бағдарламада қоғамда сыбайлас жемқорлық пен оның көрінісіне төзбейтін мәдениет қалыптастыруға, сондай-ақ, мемлекет, азамат және бизнестің тең және жауапты әріптес ретіндегі қарым-қатынасының сапалы жаңа сипатын қалыптастыру қажеттілігі туғандықтан, еліміздің барлық аймағындағы түрлі мақсатты топтар мен азаматтық секторлармен қарым-қатынас орнатуға басымдық беріледі. Сонымен бірге, құжатта алғаш рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл үшін қоғамның және әр азаматтың жауапкершілігі бекітілген, – деді Рүстем Рысбайұлы. Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, облыстық филиалдың партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Асаубай Майлыбаев, аудандық филиалдың партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұрқасым Үкібаев, партияның аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясының жетекшісі, Бірлесу-Еңбек орта мектебінің директоры Бақытбек Иманбеков жарыссөзге шығып, пікір-ұсыныстарын білдірді.

Талас

Талас ауданында өткен басқосу да тың ұсыныстарға толы болды. Бағдарлама жобасы талқыланған «Нұр Отан» Талас аудандық филиалының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Т. Жұмабек баяндама жасап, 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы елдің тұрақты дамуының негізгі басымдығы ретінде әлеуметтік-экономикалық және рухани өркендеуге кедергі келтіретін құбылыстарға қарсы күресті қоғам болып қолға алуға бағыттап отырғандығын атап көрсетті. Саяси кеңестің отырысындағы талқылауға қатысып, жарыссөзге шығып сөйлеген шешендер «Жемқорлықтың шығу төркінін зерделеп, оны дер кезінде жұртшылық талқысына салып отырса, әрбір мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігі артып, қоғам ол індеттен арыла түсер еді» деген пікірлерін білдірді. Аудан әкімі, филиал төрағасы Б.Рысмендиев отырысты қорытындылап, партия мүшелерін жаңаша жұмыс істеуге шақырды.

Т. Рысқұлов

Партияның Т.Рысқұлов аудандық филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде аудан әкімі, аудандық филиал төрағасы Жарылқасын Айтақов «2015-2025 жылдарға арналаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы» туралы жасаған баяндамасында оның қағидаттарына кеңінен тоқталып, партияның саяси Доктринасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы негізгі бағыттарын ашып берді. Баяндамашының сөзін Каменка бастауыш партия ұйымының төрағасы Мұратжан Мейманханов пен партия мүшесі, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұрат Сванов, өзге де азаматтар толықтырып, өздерінің ұсыныстарын айтты. Жиналысқа «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесінің бюро мүшесі Рүстем Бегалиев қатысып, сөз сөйледі.

Қордай «Нұр Отан» партиясы Қордай аудандық филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында баяндама жасаған партия Қордай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болат Сырманов бағдарлама жобасының 15 шілде мен 1 тамыз аралығында аудандағы барлық 28 бастауыш партия ұйымдарында талқыланғанын, талқылауда түскен ұсыныстар мен толықтырулар қорытындыланып, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалына жіберілгенін мәлім етті. Баяндама бойынша «Нұр Отан» партиясы облыстық Саяси кеңесінің мүшесі, аудандық «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы директоры Расул Беделбаев, Масаншы ауылдық бастауыш партия ұйымының төрағасы Малик Машанло сөз алып, партияның жемқорлыққа қарсы жаңа бағдарламасын жүзеге асырудың жолдары туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Партияның аудандық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан-2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» сайлауалды тұғырнамасын іске асыру жөніндегі аудандық іс-шаралар жоспарында айқындалған биліктің мемлекеттік және өкілді органдарының қызметіне жастардың қатысу мүмкіндіктері мен түрлерін кеңейтуге ықпал етуі бойынша да мәселе қаралды. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жаманкөзов баяндама жасады. Талқыланған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.

«Ақ жолдың» тілшілер тобы: Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, Сейсен Қожеке, Сәулембай Әбсадықұлы, Құрманбек Әлімжан.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар