«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тұрғындардың ұсыныс-тілектері назардан тыс қалмайды

Тұрғындардың ұсыныс-тілектері назардан тыс қалмайды
ашық дереккөз
Тұрғындардың ұсыныс-тілектері назардан тыс қалмайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Birge жалпы ұлттық акциясы бастау алған болатын. Бұл – халықтың тілектері мен ұсыныстарын жинақтайтын, әрбір қазақстандыққа еліміздің күн тәртібін түзуге мүмкіндік беретін тың бастама. Акция шеңберінде облыс бойынша 32 мыңнан аса ұсыныс-тілек жинақталып, арнайы сайтқа енгізілді. Ұсыныстардың дені жұмысқа орналасу, атаулы әлеуметтік көмек алу, коммуналдық төлемдер мен әлеуметтік мәселелер төңірегінде. Сонымен қатар шалғай елді мекендерге ауызсу мен газ тарту проблемалары да «тілектер» тізімінде бар. Акция аясында жиналған ел азаматтарының ұсыныстарын жүзеге асыру, орындау бойынша нақты тапсырма берілген болатын. Ендігі кезеңде оның орындалуын Nur Otan партиясы тікелей бақылауға алады. Қазір 32 мыңнан аса жиналған талап-тілектер сараланып, сұрыпталып, тиісті органдардың алдына қойылуда. Яғни ұсыныстар санатына сәйкес жауапты мекемелерге жолдануда. Мәселен, Жуалы ауданының тұрғындары елді мекенді газдандыру мәселесі бойынша ұсыныстарын жолдаған. Ондағы мәтін мекенге көгілдір отын жетсе, тұрғындар шалғай ауылдардан шаһарға көшпейтін еді, қалаға қашпайтын еді дегенге саяды. Оның орындалуы бойынша бүгінде тиісті жұмыстар жасалды. 15 елді мекенді (Шымбұлақ, Қосмұрат, Майбұлақ, Тасбастау, Кәріқорған, Қоңыртөбе, Күреңбел, Қаратас Ертай, Көлтоған, Рысбек батыр, Ақтасты, Қошқарата, Қызтоған, Шақпақ станциясы) газдандыру бойынша республикалық және жергілікті бюджетке сұраныс жасалып, барлығы 760,5 миллион теңге қаралған. Бұл Тасбастау ауылына дейінгі негізгі құбырдың құрылысын жүргізуге қажетті қаржының жартысын құрайды. Қазіргі таңда конкурс жарияланып, мердігер анықталуда. Сонымен қатар ауыл арасындағы, яғни Шымбұлақ, Қосмұрат, Майбұлақ елді мекендеріне газ құбырларының құрылысына жобалық-сметалық құжат әзірлеуге облыстық бюджеттен 2019 жылға 14 481,0 мың теңге бөлінген. Алдағы уақытта жұмыс жүргізіліп, мәселе оң шешімін таппақ. Жалпы, газдандыру күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің қатарынан түскен емес. Қазіргі таңда аймақтағы 377 елді мекеннің 181-і газдандырылған болса, қалған 196 елді мекенді газбен қамту 2019-2027 жылдар аралығына жоспарланған.

Нұржан ТУҒАНБАЙ, Nur Otan партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Ұқсас жаңалықтар