Жөндеу жұмыстарын уақтылы әрі сапалы атқару керек

Жөндеу жұмыстарын уақтылы  әрі сапалы атқару керек
ашық дереккөз
Жөндеу жұмыстарын уақтылы әрі сапалы атқару керек

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Арыс қаласына арнайы барып, өңір штабының жұмысымен танысты. Аймақ басшысы облысқа тиесілі 3-сектордағы қаланы қалпына келтіру шараларының барысын көзбен көріп, 11 көшенің тұрғындарымен кездесті.

[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="103110,103111"]

Асқар Исабекұлы аталмыш бөліністегі арыстықтардың пікірлері мен ой-ұсыныстарына құлақ түріп, штаб мүшелері мен жұмысшыларға жөндеу жұмыстарын уақтылы әрі сапалы атқару керектігін тапсырды. Өз кезегінде 3-сектор аумағындағы арыстық тұрғындар әулиеаталық құрылысшылардың жұмысына көңілдері толатындарын жеткізіп, алғыстарын білдірді. Асқар Мырзахметов Арыс қаласына жұмыс сапары барысында Социалистік Еңбек Ері, еңбек ардагері Әуесxан Салықбаевтың үйіне арнайы атбасын бұрды. Ұзақ жылдар бойы темір жол саласында жемісті қызмет етіп, Түркістан облысы мен Арыс қаласының Құрметті азаматы атанған 90 жастағы қарияның xал-жайын сұрай барған өңір басшысы Арыстағы аxуалға барша ел, оның ішінде жамбылдықтардың да айрықша алаңдағанын жеткізді. Өз кезегінде Еңбек Ері аптап ыстықта аянбай тер төгіп жүрген барша құрылысшылардың еңбегін ерекше елеп өтіп, қиын жағдайда арыстықтарға батқан жүкті жұмыла көтеріскен түгел қазақстандықтарға деген ризашылығын жеткізді. Айта кетейік, бүгінде еліміздің барлық өңірлері жұдырықтай жұмыла кіріскен Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары қызу жүргізілуде десек, оның ішінде жамбылдық құрылысшылардың да белсенді еңбегін елеп айтуға болады. Облысқа тиесілі 3-сектордағы 50 жеке тұрғын үйдің жөндеу жұмыстарының толығымен аяқталғаны – соның айғағы. Пайдалануға берілген бұл үйлерге қайта қоныстанған арыстық тұрғындар әулиеаталықтарға дән риза. Қазіргі таңда 3-сектор аумағындағы қалпына келтіру шараларына жамбылдық 4 құрылыс компаниясының 450-ден аса құрылысшысы мен 21 теxникасы жұмылдырылған. Олар 242 жеке тұрғын үй бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуде.

Еске сала кетсек, Арыс қаласын қалпына келтіруге бағытталған облыстың штабына қарасты 3-секторға 11 көше бекітілген. Онда 312 жеке тұрғын үйлермен бірге 14 әлеуметтік және коммерциялық нысан бары анықталған. Зерделеуден өткен жеке тұрғын үйдің барлығының ақау актілері толтырылып, сметалау жұмыстары жасалды. Қираған 3 үйдің екеуі басынан бой көтеріп, біреуі толық жаңғыртылатын болады. Қалған 309 үйге әртүрлі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қажетті құрылыс материалдары күн сайын жеткізілуде. Тиісті шығындар республикалық бюджет пен арнайы қорға жинақталған қаржыдан қарастырылуда. Жуырда Арыс қаласына арнайы келген Премьер-Министр Асқар Мамин мен оның орынбасары Жеңіс Қасымбеков те өз кезегінде облыс штабының жұмыстарына оң бағасын берген болатын. Бұл да болса игі іске жұдырықтай жұмыла кіріскен жамбылдықтардың біріге атқарып жатқан істерінің жемісі десек қателеспейміз. Айта кетерлігі – апат орын алған күннен бастап арыстықтарға алғашқылардың бірі болып жамбылдықтар қолұшын созған еді. «Көрші хақысы – Тәңірі ақысы» деген тәмсілге терең бойлаған әулиеаталықтар ә дегеннен-ақ жарылыстан жапа шеккендерге гуманитарлық көмек жөнелтіп, демеу болуда. Атап айтар болсақ, зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсету бойынша «Арыс. Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясында Тараз қаласында 4 қабылдау пункті ашылды. Nur Otan партиясының облыстық және аудандық филиалдарындағы арнайы пункттерде жиналған көмек материалдары, азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі заттар Арысқа жеткізілді. Бүгінге дейін барлығы 400 тоннадан астам гуманитарлық көмек, азық-түлік, тұрмысқа қажетті бұйымдар жөнелтілген. Ол ғана емес, тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін 2,2 миллион теңгеге қажетті дәрі-дәрмегімен қамтылған арнайы жасақталған 4 реанимобильмен 8 фельдшер Арыс қаласына жіберілген. Қазіргі таңда «Әулиеата – Демеу» қайырымдылық қорына бюджеттік мекемелер мен кәсіпорындардан қаржылар аударылуда. Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты облыс тарапынан көрсетілетін гуманитарлық көмек әлі де жалғасуда. Бүгінде Арыс қаласының 323 баласы облыстағы «Тау самалы», «Жұрындысай», «Жұлдыз» сынды жазғы сауықтыру лагерьлерде демалуда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар