«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ашынғаннан айтылар ащы шындық

Ашынғаннан айтылар ащы шындық
ашық дереккөз
Ашынғаннан айтылар ащы шындық

Қоғамымызға жегі құрттай жайлай бастаған сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу мақсатында дайындалып, әзірленген «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының жобасы бүгінде аумақтағы барлық деңгейдегі партия филиалдары саяси кеңестерінің кеңейтілген отырыстарында қаралып,  мақұлдануда. Жаңа бағдарламаның жобасы партияның Жуалы аудандық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында да жан-жақты талқыланды. Жиынды аудандық филиалдың төрағасы, аудан әкімі Батырбек Құлекеев ашып, жүргізіп отырды.

Кеңейтілген отырысқа қатысушы саяси кеңес мүшелері, аудан әкімдігі бөлімдерінің басшылары, партияның аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясы, бастауыш партия ұйымдары жетекшілері, ауылдық округ әкімдері, үкіметтік емес ұйымдар мен жастардың қоғамдық бірлестіктері өкілдері алдында «Нұр Отан» партиясының «2015-2025 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасы» жобасын талқылау туралы» аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Сәкен Үсіпбеков баяндама жасады. Ол — жаңа бағдарламаны талқылауға аудандық филиалға қарасты бастауыш партия ұйымдары мен топтарында есепте тұратын үш мыңнан астам «нұротандықтың» қатысқандығын, олардың тарапынан 40-қа тарта ұсыныс жасалып, қорытындылау үшін партияның облыстық филиалына жіберілгендігін мәлім етті.

Құрамына белгілі заңгерлер мен сарапшылар енген арнайы жұмыс тобы бес ай бойы әзірлеген еліміздегі билеуші партияның тарихи құжатында, жемқорлық секілді жұқпалы кеселдің таралуына тосқауыл қойып, ауыздықтау үшін оған қарсы қоғамның күшін жұмылдыру қарастырылған. Бағдарлама жобасында жемқорлыққа қарсы тәрбиені, тіпті, балабақшадан бастау керектігі тілге тиек етіліп, зиянды кеселдің салдарымен емес, керісінше, ең алдымен, оның туындау себептерімен күресу мәселесі міндет етіп алға қойылған. Баяндамасында осы айтылған жайларға кеңінен тоқталған филиал төрағасының бірінші орынбасары алдағы уақытта 2025 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлықпен қарсы күрестің «Жол картасы» дайындалып, әр жыл сайын атқарылатын іс-шара жоспары алдын ала бекітілетіндігіне, бағдарламаның орындалу барысының жыл сайынғы Мемлекет басшысына дайындалатын баяндамада көрініс табатындығына партия мүшелерінің назарын аударды. Ол, сондай-ақ, партия бағдарламасының ұстаным-қағидаттары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының ауқымы, бағдарламаны іске асырудағы партия органдарының қызметі, бағдарламаны іске асыру мониторингі және күтілетін нәтижелер туралы таратып айтты. Баяндама бойынша жарыссөзге шыққан Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі, «Көлбастау» бастауыш партия ұйымының төрайымы Анар Ахметова Елбасының ағымдағы жылдың 14-ші қаңтарында барша қазақстандықтарға арнаған «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «Аса маңызды міндет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру», — деп сыбайластыққа қарсы күрестің еліміздің алдында тұрған басым бағыттардың бірі болып табылатындығын атап көрсеткендігін, «Нұр Отан» партиясының қазіргі талқыланып жатқан жемқорлыққа қарсы жаңа бағдарламасының сол міндеттің үдесінен шығудағы басты қадамы болып табылатындығын жеткізді. Ал «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Дүрәлі исі қазаққа ежелден таныс жұттың жеті ағайынды болатыны сияқты жемқорлықтың да жеті салдары барлығын, оны тек қазақстандық қоғам болып жұмыла қарсы шыққанда ғана еңсеріп, тезге салуға болатындығын атап көрсетті. «Нұр Отан» партиясы Жуалы аудандық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы жұмысына партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі, облыстық филиал жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов қатысып, сөз сөйледі. Кеңейтілген отырыс күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылдады.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар