Қосалқы шаруашылықтарда тамшылатып суару қолданылуда
Тараз қаласының іргесінде орналасқан Байзақ ауданы тұрғындары тəтті түбір, жеміс-жидек жəне көкөністі көп өсіреді. Мұнда халық тығыз орналасқандықтан да басы артық бос жатқан жер жоқ. Тұрғындар үй жанындағы жер телімдерін де тиімді пайдалануда. Бірі көкөніс өсірсе, енді бірі ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігіп, несие алып, ет жəне сүт бағытындағы қосалқы шаруашылығын дамытуда. Мұндай шаруаны Қызыл Жұлдыз ауылдық округінің тұрғындары орайын тауып, бір ізге түсіріп, табысты жүзеге асыруда екен. Өңір басшысы Асқар Мырзахметов бастаған жұмыс тобымен бірге барғанымызда бұған нақты көз жеткіздік.
Бұл елді мекенде 930 отбасы бар. Олардың үй іргесіндегі жер телімін игермей отырғандары 136 бірлікті құрайды. Аталған үйлердің бірінде кеңейтілумен байланысты құрылыс жұмыстары жүргізілуде, екіншісінде үйді жалға алушылар тұрады екен. Тұрғындардың дені жеке иеліктеріндегі жер теліміне аздап болса да көкөніс өсірген. Соның бірі – Мейденалы Ағалиевтың отбасы. Оның ауласындағы 6 сотық жерде жеміс-жидек пен көкөністің барлық түрі жайқалып өсіп тұр. Бүгінде үй иесі өз шарбағында өскен қияр мен сəбізін күнделікті тұтынып, артылғанын базарға шығарып пұлдауда. Өрік ағаштары да жемісін бере бастапты. Жүзімдігі де көз тартарлық. Сондай-ақ ол ауласында құс та өсіріп отыр. Бір атап өтерлігі, Мейденалы бұған дейін бақшасын ағын сумен суарып келсе, биыл тамшылатып суару жүйесін енгізіпті. Ол былтыр бақшалығынан жиналған өнімі есебінен 900 мың теңгеге жуық табыс тапқан екен. «Осы өнімдерді базардан сатып алар болсам, 1 миллион 500 теңге жұмсар едім. Осыншама өнімді өз шарбағымнан-ақ алып отырмын. Артығын базарға өткеремін. Бұдан басқа екі гектар егістік жерім де бар. Қазір онда жоңышқа өсірудемін. Алдағы жылы бұл алқапқа тамшылатып суару әдісімен көкөніс егуді жоспарлаудамын», – деді ол.
Жылыжай – кіріс көзі
Қызыл Жұлдыз ауылының тағы бір тұрғыны Бауыржан Дүйсенбаев ауласындағы 5 сотық жерге жылыжай салуда. Оның құрылыс жұмыстарына бүгінгі күнге дейін 5 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Ресей технологиясы бойынша соғылып жатқан жылыжайдың құрал-жабдықтары Алматыдан жеткізілген. «Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқаныма үш ай болды. Мұнда құлпынай өсіруді қолға алмақпын. Жақында құрылыс жұмысын толық аяқтап, құлпынай көшеттерін отырғызуды бастамақ ниеттемін. Биыл оның тамыр байлауына көңіл бөлемін. Ал келесі жылдан бастап өнім алуды жоспарлаудамын. Жылыжайға жұмсаған қаражатты бір маусымда-ақ жабамын деген ойдамын. Одан кейінгі жылдарда таза табыспен жұмыс істейтін боламыз», – деді ол. Бауыржан бұл кәсіпті жолдастарынан үйреніп, қолға алыпты. Бірақ мұның жылыжайы оларға қарағанда қарапайым. Көп құралдарын өз қолымен жасауда. Ал Қостөбе ауылдық округіндегі Талас ауылында Виктор Шнайдер өзінің есік алдындағы жылыжайында қияр өсіріп отыр. Оның бұл кәсіппен айналыса бастағанына 6 жыл болыпты. Алғаш 1,5 сотық жерді игеруден бастаған Виктор биыл жылыжай көлемін 3,5 сотыққа жеткізген. Қиярдан бір маусымда 1,5 тонна өнім жинап, күн сайын жинағанын Тараз қаласындағы базарға өткеруде. Ол жұмысты алыстан іздемей-ақ, үй жанындағы жерді игеру арқылы да мол табыс табуға болатындығын айтады.
Көкөніс өсіріп, көшет өткереді
Қызыл Жұлдыз ауылында Нармина Накифова жеке қосалқы шаруашылығындағы 10 сотық жерде қияр, қызанақ, басқа да көкөністерді өсіреді. Оның бұл кəсіппен айналысқанына 40 жыл болған екен. Бүгінгі күні де табысы өрлеумен тұр. Биыл көктемде қызанақ, қырыққабат, баялды және басқа да көкөністер көшеттерін сатыпты. «Көршілерімнің барлығы бақша егеді. Олар көктемде көшетті менен алды. Қазір бәрінің бақшасы жайқалып тұр. Бұл шаруаны жүргізуге маған ұл-қыздарым көмектеседі. Мені бір кезде осы кəсіпке анам баулыса, енді мен балаларыма бақша баптаудың қыр-сырын үйретудемін. Біз де «балапанды тек күзде ғана санаймыз» ғой. Жалпы табысымыз жаман болмайды деген үміттемін», – дейді Н.Накифова.
Мал баққанға бітеді
Ауыл шаруашылығы кооперативтері үй іргесіндегі қосалқы шаруашылықтарды дамытуға өз септігін тигізуде. Бүгінде ауданда үй жанындағы жер телімінен қора-жай салып, асыл тұқымды мал өсіріп отырғандар да баршылық. Мəселен, Талас ауылында Шамандар Сүлиманов қорасында 25 мүйізді қара малын бордақылауда. Бұдан бөлек ол күніне 5 сиыр сауып, 40 литр сүттің жартысын базарға өткеруде. Оның бұл кəсіппен айналысып келе жатқанына да он жылдың жүзі болыпты. «Бүгінде қорада мал ұстаудың өзі қиын болып барады. Оған басты себеп – жемшөп қымбат. Соған қарамастан ауламызда мал бордақылап, өзімізді-өзіміз жұмыспен қамтудамыз. Жұмыс істесең, табыссыз болмайды екенсің. Осы шаруаны айналдырғалы бері тұрмысымыз түзеліп, баспанамызды жөндеп алдық. Мал бордақылап, оларды əр алты ай сайын етке өткізіп, жемшөбіне кеткен шығынды алып тастағанда жылына орта есеппен 300-400 мың теңге көлемінде табыс табамыз», – дейді ол. Сарыкемер ауылының тұрғыны Рустам Аббасов та – ауласында ет бағытында мал бордақылап отырғандардың бірі. «Ағал» ауыл шаруашылығы кооперативінің мүшесі Рустам биыл екінші деңгейлі банктен 5 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, оған 22 бас бұқа сатып алыпты. Малды бордақылауға қойғанына үш ай болыпты. «Бордақылаудың өз қиындығы жетіп артылады. Бірақ жұмыс жоқ деп қарап отырсақ, бала-шағамызды кім асырайды? Қиын болса да əр адам белгілі бір кəсіптің тұтқасын ұстауға тиіс. Осылайша жыл – он екі ай бойы жұмыс істеп, отбасымды асырап отырмын. Өзгелерге де малмен айналысудың тиімді екенін айтқым келеді», – деді Рустам Аббас. Сонымен қатар ол шарбағында қияр, қызанақ, басқа да көкөніс түрлерін өсіруде. Дастарқаны өзі өсірген өнімге толып тұр.
Ең бастысы – халықтың әл-ауқатын арт тыру
Өңір басшысы Асқар Мырзахметов жұмыс сапарын Қызыл Жұлдыз елді мекенінен бастап, жоғарыда аталған жеке қосалқы шаруашылықтарды аралап, үй иелерімен кездесіп, әңгімелесті. Сондай-ақ жұмыс тобының басқа мүшелері де өздеріне бекітілген ауылдық округтерде болып, халықпен кездесулер ұйымдастырды. Түстен кейін аудан əкімдігінің мəжіліс залында Асқар Исабекұлының қатысуымен өткен жиында жұмыс топтары тарапынан жүргізілген зерделеу ісінің қорытындысы талқыланды. Алдымен топтардың жұмысымен облыс əкімінің орынбасарлары Нұржан Календеров пен Мұратхан Шүкеев таныстырып, Қостөбе мен Бурыл ауылдық округтерінің жай-күйін баян етті. Мəселен, Бурыл ауылдық округінде 13 мыңға жуық халық тұрады екен. Аула саны – 2193. Округ әкімі Ерік Әліқұловтың айтуынша, əрбір ауланың орташа айлық табысы 450 мың теңгені құрайды. Округте 2 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істеп тұр. Жалпы, бүгінгі күнге дейін 432 тонна ет, 810 тонна сүт өндіріліпті. Есепті мерзімде сүт 270 тоннаға артық өндірілген. Өндірілген өнім Тараз қаласындағы базарларға өткеріліпті. Мұнда мүйізді ірі қара малын 600 басқа көбейту көзделіп отыр. Уақ малдың өзі 5335 басты құрайды. Мал басын бұдан әрі де арттыруға болар еді, бірақ ауыл маңында бар болғаны 1700 гектар жайылым қалған. Жайылымның тарлығы мал басын көбейтуге мүмкіндік бермеуде. Үлгілі ауылында 383 аула болса, соның 60-ы бау-бақша екпеген. Сегіз отбасы мал бордақылау үшін 33 миллион теңге несие сұрап отыр. Бұл округтегі жер теліміне қатысты мәселе де қозғалды. Мұнда тұрғын үй салу үшін жер теліміне кезекке тұрғандар саны 420 адамды құраған. Олардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында Үлгілі ауылының іргесіндегі 150 гектар суармалы алқапты тұрғын үй құрылысын жүргізу мақсатына бөліп жіберген. Бұл ауылда өткен жиында ауыл тұрғындары суармалы егістік орнына тұрғын үй салуға қарсылық білдіріпті. Бұл мəселені өңір басшысы хаттамаға енгізіп, тиісті мекеме басшыларына зерделеу жұмысын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ ауыл ішіндегі бос жатқан жер учаскелерін анықтап, кезекке тұрған адамдарға инфрақұрылымы тартылған, ауыл ішінде пайдаланылмай бос жатқан жерлерді беруді үйлестіруді міндеттеді. Барлық жұмыс топтарының жұмысын тыңдаған аймақ басшысы басқа аудандарға қарағанда мұнда аз да болса игілікті іске оң бетбұрыс барын атап өтті. – Біз бүгін жұмыс істеп тұрған кооперативтер туралы мəселе қозғап отырғанымыз жоқ. Күн тәртібіне өткір қойылып отырғаны – халықтың əл-ауқатын қалай көтереміз деген мəселе. Қорасында малы жоқ үйлерді не істейміз? Мен əкімдерге үйдің іргесіндегі шаруашылықты көтеруді айтудамын. Түсінсеңіздер, біздің басты мақсатымыз – жаппай халықтың жағдайын көтеру. Осыны ауылдық округтің əкімдері дұрыс түсінбесе, есеп дұрыс қалыптаспайды. Ауыл əкімі есепті жинақтаушы ғана емес, ол саясатты қалыптастырушы. Осында отырған əкімдер осыны үнемі назарда ұстаулары тиіс, – дей келіп, Асқар Исабекұлы жиынның қорытындысында тиісті басқарма мен аудан жəне ауыл əкімдеріне тапсырмалар берді.
қосалқы шаруашылықтың қосары мол
Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметов облыс орталығынан шалғай орналасқан Шу ауданына жұмыс сапарымен барды. Тоғыз жолдың торабына тұрақтаған тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін көзбен көрген аймақ басшысы бірнеше ауылдық округті аралап, Д. Қонаев ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Облыс басшысы ауылдағы ағайынмен кездесу барысында бүгінгі күннің басты мәселесіне кеңінен тоқталды. – Құрметті ауыл тұрғындары! Біз бүгінде «қарапайым заттар экономикасы» жобасы аясында өңіріміздегі әрбір елді мекенді аралап жүрміз. Сол арқылы ауыл тұрғындарына ауласындағы қосалқы шаруашылықты дамыту арқылы тұрмысты тіктеу керек екенін түсіндірудеміз. Ашығын айтайын, дәл осы жоба бойынша бізді ешкім міндеттеп, қалайда бітіруімізді талап етіп отырған жоқ. Бұл – өз бастамамыз. Қолға алған ісіміз оң нәтижесін бере бастаса, еліміздің әрбір аймағында жүзеге асырылатын болады. Әзірге нәтижесі жаман емес. Айталық, осыдан бірнеше ай бұрын ауыл тұрғындарынан 100-ге жуық жоба түскен болса, қазіргі таңда жоба саны екі мыңға жуықтады. Алайда бұл да аздық етеді. Егер осылайша жоба саны арта беретін болса қаншама ауыл тұрғыны тұрмысын түзеп алар еді. Жалғыздың шаңы шықпайды. Сол себепті барлығымыз қауым болып, жұмыла жұмыс жасауымыз керек. Әсіресе ауылдық округ әкімдері әрбір ауланы аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындардың белсенділігін арттыруы тиіс, – деген Асқар Исабекұлы қосалқы шаруашылықтың жұмысын жандандырудың, кооперативке бірігудің ұтымды тұстарын ауыл тұрғындарына талдап түсіндірді. Тиісінше, ауыл ақсақалдары да бұл жобаның тұрғындардың баянды болашағына бағыт сілтейтінін айтып, бірауыздан қолдайтындарын жеткізді. Бұдан кейін облыс орталығынан келген жұмысшы топ аудандағы 18 ауылдық округке бөлініп, ауылдықтардың бүгінгі хал-ахуалымен танысты. Мәселен, аудан іргесіндегі Алға ауылдық округінің тұрғындары тындырымды тіршілік жасаудың арқасында ауласындағы алақандай жерді тиімді игеріп, оны табыс көзіне айналдырып отыр. Солардың бірі – зейнет жасындағы Алға ауылының тұрғыны Аманхан Оңғарбаев. Ақсақалдың айтуынша, бұрнағы жылдары ауылға ауызсу келмегендіктен тұрғындардың басым бөлігі бау-бақшадан қол үзіп қалған көрінеді. Десе де ерінбеген адам кез келген шаруашылықтың ебін таба алатынын айтады. Бүгінде жасы жетпістің бесеуіне келсе де ауыл ақсақалы ауласындағы 15 сотық жерге пияз, қызанақ, жүгері, жүзім, күнбағыс өсіруді қолға алған. А.Оңғарбаев бақшадан алған өнімді нарыққа шығармаса да ебін тапқан адам өз ауласынан-ақ қыруар қаржы табуға болатынын дәлелдеп, ауылдастарына үлгі болсам екен дейді. Сонымен қатар аудандағы Бірлікүстем ауылының тұрғындары да бақша өнімдерін өсіруде ширақтық танытуда. Мысалы, осы ауылдың тұрғыны Дарын Қожаев соңғы бес жылда бақша өнімдеріне баса назар аударып, оны күнкөріс көзіне айналдырып отыр. Төрт баланың әкесі бүгінде қызанақ, қияр, картоп сынды бақша өнімдерін ауласындағы 25 сотық жерге егіп, оны аудан нарығына шығарады екен. «Қызанақты голландиялық әдіспен өсірудеміз. Оның дәл осы түрін ауылдың жартысына жуығы менен сатып алуда. Өйткені үй іргесінен соққан жылыжайда бірнеше бақша өсімдіктері көшетін өсіруді де қолға алдық. Негізгі күнкөрісіміз осы болғандықтан, отбасымыздың барлық мүшелері жұмыла еңбек етіп, мол өнім алу үшін барымызды салып жатырмыз», – дейді Дарын Маралбекұлы. Ауласынан қарыс қадам аттамай-ақ тұрмысын тіктеп отырған бірлікүстемдік тағы бір тұрғын – Жайдар Серкебаев. Ол ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығымен айналысып, 2013 жылдан бері төрт түліктен жылқы мен қойды бордақылау арқылы көл-көсір табыс тауып отыр. Ауласында жылқыларды бордақылауға да, сүтті биелерді саууға да арнайы орын дайындап қойған. – Жыл сайын 20 бас жылқы мен 100 бас қойды бордақылап, оны аудан орталығындағы көк базарға пұлдаймыз. Қазіргі кезде қорада төрт жылқы тұр. Ал тамыз айында бордақыға байланатын жылқы санын бірден жиырмаға жеткізіп, төрт ай бойы оларға ерекше күтім жасап, қысқа қарай соя бастаймыз. Қазіргі кезде таудан алып келетін жылқы мен қойдың жемшөбін әзірлеп жатырмыз. Оның үстіне жылқы етін нарықтағы бағадан едәуір арзан бағада сатудамыз, – дейді ауыл тұрғыны жұмыстың негізгі бағытымен таныстырып. Сәтін салса, сауын жылқыларын әкеліп, қымыз өндірісін де дамытпақ ниетте.
«қарапайым зат тар экономикасы» қатардан қалдырмайды
Ауданға қарасты ауылдық округті аралап шыққан облыс әкімі мен орынбасарлары және басқарма басшылары түстен кейін аудан орталығындағы Мәдениет үйінде актив жиынын өткізді. Басқосу барысында әрбір елді мекенге арнайы барған жұмыс тобының жетекшілері ондағы «қарапайым заттар экономикасы» бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы аймақ басшысына баяндап берді. Ең әуелі Алға ауылдық округіндегі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігімен танысқан облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров ауыл әкімі Бағдат Есбергеновтің сылбыр жұмысын сын тезіне алды. Әсіресе «Ауылдық елді мекендердің әл-ауқатын көтеру» жобасы аясында ауыл халқымен тиісті деңгейде сауалнама жүргізілмегенін баса айтты. Соның салдарынан әр ауладағы қолда бар малды көбейту мен қажетті мал саны да нақтыланбай отыр. Оған қоса, үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану бойынша да нақты шаралар қолға алынбаған. Сондай-ақ аудан іргесіндегі Ескі-Шу ауылдық округінің де жай-күйі осыған ұқсас. Жалпы, округке қарасты үш елді мекенде бас-аяғы 3314 адам тұратын болса, оның тек 220-сы ғана өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Тағы бір айта кетерлігі, аудан орталығы Төле би ауылында да мәселе шаш-етектен. Зерделеу жұмыстары барысында 20 мыңнан аса тұрғыны бар ауылдағы 4196 ауланың 630-ында қосалқы шаруашылық мүлде жоқ екені анықталған. Сонымен бірге, жалпы ауылға қарасты 314 гектар жердің 267,5 гектары игерілгенімен, тұрғындардың көпшілігі өз өнімдерін нарыққа шығармай отыр. Демек, үй іргесіндегі бау-бақша өнімдері тиімді пайдаланылмауда. Міне, елді мекендерді жеке-жеке аралаған жұмыс тобының жетекшілері дәл осындай деректерді аймақ басшысының назарына ұсынып, «қарапайым заттар экономикасы» бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың сылбыр жүргізіліп жатқанын жеткізді. – Бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелі болуы ең алдымен ауыл әкімдеріне тікелей қатысты. Өйткені әрбір елді мекен тұрғындарымен жеке-жеке жолығып, олардың ауласындағы ахуалын күнделікті көзбен көріп жүрген де дәл осы әкімдер. Тек қол астындағы мамандарын тиісті жұмысқа дұрыс бағыттап, бізге шынайы ақпарат берсе болғаны. Оған қоса, «қарапайым заттар экономикасын» әрбір тұрғынға жеткілікті деңгейде жеткізулері қажет. Меніңше, ауыл әкімдері аталмыш жобаны әлі күнге түсінбей жүр. Бір ескеретін жайт, аталған бағдарлама арқылы жеке адамдардың емес, жалпы, ауыл-аймақтағы тұрғындардың тұрмыс сапасы түгелдей түзелмек. Әлбетте, ол үшін әр ауладағы санақ жұмыстары шынайы деректен құрылуы тиіс, – деді облыс әкімі. Облыс әкімі жұмыс сапарының соңында 40 мыңға жуық тұрғыны бар Шу қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлердің тұрғындарымен кездесті. Қалалықтардың талап-тілектеріне құлақ түрген аймақ басшысы «қарапайым заттар экономикасы» бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тізе келе, көп қабатты тұрғын үйде тұратындарды да назардан тыс қалдырмау керектігін айтты. Ол үшін ең алдымен қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасап, пәтер иелері де қосалқы шаруашылықпен айналысу үшін жер бөліп беру керектігін жеткізді. Жұмыс сапары барысында Асқар Исабекұлы «Тасөткел» су қоймасына арнайы барды. Қойманың жобалық сыйымдылығы 620 миллион текше метр. Сейсмикалық тұрақтылығына байланысты қазіргі уақытта 480-500 миллион текше метр су жиналған. Су қоймасының жалпы ауданы – 8175 гектар. Бөгеттің ұзындығы – 5,850 шақырым. Жалпы су қоймасының 27 мың гектарды суғаруға мүмкіндігі бар. Алайда бүгінде тек 13 мың гектар алқап қана суғарылып, миллиондаған текше метр су босқа жазық далаға құйылуда. Себебі кеңес үкіметі тұсында пайдалануға берілген каналдардың тозығы жетіп, ағын су қажетті жеріне жетпей жатыр. Дегенмен өзекті мәселенің шешімін табатын күн де алыс емес. Асқар Исабекұлы су қоймасында болған кездесуде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, қоймадағы суды қалайда пайдамызға жарату керектігін баса айтты.
Марат ҚҰЛИБАЕВ, Ерғали ҚАРТАЙҒАН.
Байзақ және Шу аудандары.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді