Облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Түркістан облысының Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты брифинг өткізді. Ол қолдауды қажет ететін қалаға осы күнге дейін жамбылдықтардың көрсеткен көмегі жөнінде жан-жақты айтып берді.Жерлестеріміз көрші облыста орын алған жарылысты үлкен күйзеліспен қабылдап, сол күннен бастап алғашқылардың бірі ретінде қолдау көрсете бастаған. Өңір басшысы айтып өткендей, Арысқа көмек беремін деген кісілер үшін Тараз қаласында – 4, әр ауданда бір-бірден қабылдау нүктелері ашылып, өңір тарапынан жалпы сомасы 37 миллион 225 мың теңгені құрайтын 182 тонна азық-түлік Түркістан облысына жіберілген. Одан бөлек төсек-орын, гигиеналық заттар, киім-кешек сынды материалдық көмек те жөнелтілді. Жарылыс болған күні Арыс қаласынан 134 адам Таразға келіп паналаған. Олардың барлығына уақтылы ыстық тамақ ұйымдастырылып, жарақаты бар 23 кісіге медициналық көмек көрсетіліп, 4-еуі ауруханаға жатқызылған. Ал 108 азамат екі күннен кейін өздерінің өтініші бойынша Түркістан облысына қайтарылған. Олардың діттеген жеріне жетіп алуына да жамбылдықтар жағдай жасап, көлікпен және жанармаймен қамтыған. Қазіргі таңда Арыс қаласынан келген 100 бала біздің өңірдегі «Болашақ», 10 бала «Тау самалы» жазғы демалыс лагерьлеріне жіберілді. – Түркістан – бізбен көрші облыс. Сондықтан қолымыздан келген барлық көмекті көрсетуіміз керек. Жағдай орын алған күні облыстан 4 медициналық бригада жасақталып, 8 қызметкермен бірге Арысқа жіберілді. Олар қазір сол жақта халыққа қызмет етуде. Осы мақсатта 2,2 миллион теңгеге дәрі-дәрмек алынды. Қазіргі таңда Арыс қаласы үшін 140 тонна құрылыс материалдары дайындалды. Әрине, мұндайда кәсіпкер азаматтарға да салмақ түсетіні белгілі. Қазіргі таңда арнайы ашылған қайырымдылық қорына 146 миллион теңге қаражат түсті. Оның 70 миллион теңгесін «Қазфосфат», 50 миллион теңгесін «ЕуроХим» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері аударған. Төтенше жағдайдың зардаптарын жою мәселесі Үкімет отырысында да қаралып, біздің өңірге бірқатар міндеттер жүктелді. Атап айтқанда, Арыс қаласының 9 көшесіндегі 327 үйді қалпына келтіруді (өртеніп кеткен 2 үйді қайта салу) жауапкершілігімізге алып отырмыз. Менің құрылыс жөніндегі орынбасарым қазір Арыс қаласында жүр. Ол – арнайы штабтың төрағасы. Қазіргі таңда 257 үйдің тексеру жұмыстары аяқталған. Қазір сол құрылыстың басында үлкен шатыр тігіліп, 250 адамдық орын дайындалды. Құрылысшылардың ас-ауқаты, басқа да барлық қажеттіліктері шешілетін болады. Қиын жағдайда көрші отырған өңірге көмектесу – үлкен жанашырлық, қайырымды іс. Осыны жүрегімен түсінген барлық жамбылдық жерлестерге алғысымды білдіремін, – деді Асқар Исабекұлы. Сондай-ақ ол БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
Есет Досалы
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді