Қазан айының мамыражай күндерінің бірі болатын. Күн кешкіруге айналған шақ. Тау қойнауынан шыққан Текебай бұлағының жылға суының жағасына қос шатыр қатар тігіліпті. Шеткі шатырдың жанындағы ұйыса біткен қарға тұяқ үстіне төселген күнге өңген көне төсек үстінде отырғандардың бірі аттарды тұсап, шат жақтан асықпай келе жатқан Тәшімге көңілдене айқайлады.
– Тәшім, мұнда тезірек жет! Әйтпесе мына Пантелеймон Коляның ұстаған балығынан саған қылтанақ қалдырар түрі жоқ. – Борис Михайлович, Пантелеймон Леонидовичтен ондай мінез байқаған емес едім. Бірақ кім біледі, әуес ас қой. Осалдық танытса өзі біледі де, – деп ақсия күлді Тәшім аяңдап келе жатқан күйі. – Қайдам, қайдам! Алды-артына қарайтын емес. Табаға жабайы сарымсақ сап, бұрыштап қуырылған балықтың иісі мұрынды еріксіз қытықтайды. Тәшім қолының суын сүртіп жатып: – Коля бауырым, қатырған екенсің! Рахмет! – деп шым үстіне жайылған дастарқанға қарай беттеді. – Рахметті айтуға әлі ертерек қой деп ойлаймын, – деп Пантелеймон Леонидович бөлке нанды турауға кірісе берген Коляға көзін қулана қысып қалды. Борис Гиммельфарб бұл сәтті көз қиығымен шалып қалып, әріптес серігіне қарай еңсеріле бұрылды. Ол өз әріптесінің ылғи да әзілге шаптырып, ылғи да бір тосын тірліктерге әуестігіне әбден үйренген. – Ол немене, Коля! Леонидычтың бізге әзірлеген қандай сыйы бар? Айтсаң қайтеді, – деді. – Ой, ол өте құпия! Егер сіздерге оны айтып қойсам, барлығымыз дәмі тіл үйірген кешкі астан қағылдық дей беріңіз. Ал маған басымның саулығы керек. Бұдан кейін бұлардың бойындағы ынтықтық сезім мүлдем өрши түсті. Тығыз денелі, төртбақ келген Тәшім Безруковқа қарай еңсеріле бұрылды. – Леонидыч, айтсаңызшы! Ол не еді? Бірақ ол бұлардың сөзіне еш мән бермегендей сыңайда, көзін сонау қалың жаумен шайқасып келіп, қалжырай ұйықтап жатқан алып батырға ұқсаған Дегерес тауына қадап алған. – Ол не еді, Леонидыч? – Жә, түк те емес! Оның езуінде ұры күлкі қылаңытып, құбыла ойнады. Сәлден соң ол әр сөзін созып, дауыс ырғағын мәнерлей: – Талап қылсаң әрқашан да табасың, ынта болса қамалды да аласың, – деді. Ол жас, елгезек мінезді Коляға жалт бұрылды да асқақ үнмен, мәнерлі қимылмен қолын әуелете созып, бұлақты нұсқады. – Әкел, Коля! Мыналарың ынтығып өлуге шақ қалды ғой. Коля орнынан оркиіктей шапшаң, ширақ көтеріліп, жылғаға бүйірлес қосылған бұлақ басына қарай тартты. Барған бетте қалың жалбыз арасынан қос бөтелкені қатар алды. Қас-қағым сәт бөтелкелерге шағылған қызыл күн сәулесі көзді қарықтырып өтті. Былайғы тірлікте тым салмақты Борис Михайлович та өз ризашылығын іркіп қала алмады. Тәшім жұмсақ үнмен лекіте күліп: – Рахмет, үлкен рахмет, Леонидыч! Бәсе, мен де бүгін бірдеңені сезгендей болып жүр ем! Жаным мүлдем жай тапқандай болған! Кешегі күн біздер үшін тым сәтті болған жоқ па! «Сіздің тапқан тасыңыз фосфорға аса бай болды» деп Мәскеуден келген телеграмманың өзі неге тұрады! Бұл біздер үшін үлкен той ғой. Бәсе, мен ойлап жүрген едім, апыр-ау, осы жай тіптен елеусіз қала ма деп! – Оу, Тәшім-ау, мен соны ойламайды дейсің бе? Мына Коляны Байқадамға жіберген жоқпын ба! Атыңды зорықтырып алып келген жоқ па?! – Е, өзім де байқадым. Күрең ат мүлде болдырып қалыпты. Сұрауға біртүрлі қолайсыздандым, – деп Тәшім күлімсіреді. Коля шынының аузын ашып, кружкаларды отырғандардың алдына ыңғайлап қойып, құя бастады. Сол сәтте Безруков былай деді: – Борис Михайлович, білесің бе?! Мені кешеден бері бір ой әбден мазалап жүр. Жергілікті адамдардан фосфор тасы табылған жердің атын сұрап көрсем, жалпы «тау» ғой деп жауап береді. Нақты аты жоқ екен. Осы белгісіз жерге ат қойсам деп қиялдаумен жүрмін. – Е, өте дұрыс! Енді не деп шештің? – Әрі ойлап, бері ойлап, бұл жерге «Новый камень» деген ат қойсам деп ой түйдім. Сендер қалай ойлайсыңдар? Коля елден бұрын елгезектене тіл қатты: – Өте дұрыс! Табылған ат! Маңдайына түскен бұйра шашын кері қарай шапшаң сілкіп, Борис Михайловичке қарады. Безруков та соған қарай бұрылып, оның жүзіне зер сала көз жүгіртті. Ол одан өз шешіміне қолдау тапқысы келген сыңайда. Тәшім жаңа атаудың ішкі мазмұнына ой жүгірткендей сыңайда ішінен оны бірнеше рет қайталады. Қашан да асықпайтын, бар мәселеге байыппен қарайтын қалып Борис Гиммельфарбқа тән қасиет-ті. Ол шынтақтап жатқан күйі биік көктегі бүйірлерін қызғылт нұрға шалдырған бұйра бұлттарға ойлана қарап, біраз отырды. Арада үнсіздік орнады. Барлығы оның үкімін үнсіз күткендей халде. – Білесің бе, Леонидыч! Менің ойымша, тапқан атауың жаман емес. Сен де, мен де жұмыс барысында қазақтармен талай жолықтық, үйлеріне түнедік. Дастарқандарынан дәм таттық. Сенің өзің осы бір жайды жырға да қостың. Аш қарының таң азаннан жақсармақ, Жесең күйлі болады ылғи бесбармақ, – деген өзіңсің. Олар – өте бейбіт, меймандос, қонақжай халық. Жақсы көрген адамына жанын беруге дайын. Ал сенің Тәшіммен достығың туралы тамаша кітап жазуға болады. Сонау отыз екінші жылдан бері екеуіңнің жұбың жазылған емес. Сонау Соль-Илецкіден шыққаннан бері қаншама жыл Батыс Қазақстанды шарладыңдар. Менің пікірімде, «Новый камень» деген сөздің қазақша атауын алғанымыз өте дұрыс болар еді. Бұл, біріншіден, қазақ жері, екіншіден, жергілікті халықтың сезімін қастер тұтсақ, құрметтен кенде болмаймыз, – деп жымия қарады. Безруковтың бозарған өңіне қан жүгіре бастады. Ол құрмет тұтар әріптесінің алғашқы сөзді ақырын бастаған кезде мұның сөзін жоққа шығарар ма екен деп күдіктеніп те қалған. Ол Тәшімге еңсеріле бұрылып: – Кәне, Тәшім, «Новый камень» сөзінің қазақшасын айтып көр. Құлаққа қалай естілер екен? Ол кідірген жоқ. – Жаңа тас! – деп шапшаң жауап берді. – Қайталашы! – Жаңа тас! Анық, айқын айтты. Олар тілге тосын, естілуі жатық сөзді бірнеше рет қайталасты. – Жаңатас! – Жаңатас! Пантелеймон Леонидовичтің өзі қуанып: – Жаман естілмейді екен! Әрі жатық, тіпті бір сөз болып естілетін тәрізді! – деді. – Менің де пікірім солай! Қолыңды әкел, құттықтаймын, бауырым! Осы сәттен бастап сен жаңа ашылған кен орнының жаңа атауының авторысың. Картада да солай деп белгілейміз! Тәшім, сені де құттықтауға болады. Жаңа атауда сенің де үлесің бар. Коля, сен неге ұйықтап тұрсың? Толтыра құй! Міне, енді, балық дәмі бұрынғыдан әрмен тіл үйіретін болады! Кәне, тост көтерейік! Тап сол кезде Бүркітті жақтан ат тұяғының дүрсілі естілді. Олар жалт қарасты. Аттылы екен. Үстінде 12-13 жасар ер бала. Ер қанжығасына байланған, киізбен қапталған бүйірлі торсықтың сорайған мойны көрінеді. – Е, Өтештің ұлы Рымбай ғой! Коля көңілдене дауыстады. – Қымыз әкеле жатқанын көріп тұрмын. –Тәшім аға! Дәде Пәнтел! Көкем сіздерге қымыз бен піскен ет беріп жіберді. Таңертең уақтылы беріп жібере алмағаныма өкпелемесін деп жатыр. Кеше Ақтоғайдан кеш оралдым, – деп Рымбай дауыстай сөйлеп келе жатыр. – Міне, қызық! Мына жайды арақпен атап өтеміз бе, әлде қымызбен бе? – деп күлді Безруков. – Меніңше, анығы біреу! Не ішсек те, шайнамасы еттен болатын болды, – деп Тәшім ақырын сөз қосты. Отырғандар оның сөзіне еріксіз жымиысты. Осы сәтте Пантелеймон Леонидович Безруков орнынан көтеріліп, қолын жаңа кен көзі ашылған тауға қарай нұсқап, салтанатты үнмен тақпақтай жөнелді. Картошкамен оразасын ашатын, Қымызбенен бар құмарын басатын. Безруков жұмысына аттанып, Тас біткенді күл-талқан қып жататын! Қарқылдай күліскен көңілді дауыс кешкі тымық ауаны барынша жаңғыртып, тау қойнауына жұтылып жатты...
Пернебай ДҮЙСЕНБИН, жазушы.
Сарысу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді