«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Депутат тар мен атқарушы билік арасында іскерлік қарым-қатынас орныққан

Депутат тар мен атқарушы  билік арасында іскерлік  қарым-қатынас орныққан
ашық дереккөз
Депутат тар мен атқарушы билік арасында іскерлік қарым-қатынас орныққан

Мәслихаттың тұрақты комиссияларына қандай міндет жүктелген? Мәслихат шешімдері қалай орындалуда? Сайлаушылардың өтініштері мен ұсыныс-пікірлері ескеріліп отыр ма? Кезекті отыз алтыншы сессияда есепті кезеңдегі атқарылған жұмыстар туралы есеп берген облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов осы мәселелерге кеңірек тоқталды. Негізі «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заң талабына сәйкес мәслихат хатшысы депутаттар алдында аралық кезеңдегі жұмыстың нәтижесін баяндап, есеп береді. Биыл да қалыптасқан үрдіс бойынша аталған құрылымның өз міндетін қалай атқарып отырғаны облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында қаралды. Жиынға өңір басшысы Асқар Мырзахметов қатысты. – Біздің қызметіміздің кейбір қорытындыларын сараптай келе, есептік кезең облыстық мәслихаттың алтыншы шақырылған депутаттары үшін маңызды әрі нәтижелі істерге толы болды деп үлкен жауапкершілікпен айта аламын. Өткен жылы біз 12 сессия өткіздік. Соның 8-і – кезектен тыс шақырылған сессия. Оның әрқайсысында кемінде 4 негізгі мәселе қаралып, жалпы саны 200-ден аса шешім қабылданды. 22 шешім әділет департаментінде тіркеуден өтті. Сессиялардың күн тәртібінде негізінен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер талқыға салынғанын айта кеткен жөн, – деді Бағлан Жиенәліұлы. Сессияларда жиі күн тәртібіне шығарылып, депутаттар талқысына түскен тақырыптар – негізінен өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына қатысты жайлар. Облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін мәселелерге келгенде сайлаушылар аманатын арқалаған халық қалаулылары немқұрайлылық танытқан емес. Көпшіліктің көңілін күпті еткен жайт болса, тиісті сала басшыларына депутаттық сауал жолдап, белсенділік көрсетті. Мәслихат хатшысы есепті кезеңде облыстың 2019-2021 жылдарға арналған бюджеті қабылданғанын атап өтті. Сонымен қатар көптеген қағидалар мен ережелер мақұлданып, облыс әкімдігі жанындағы жаңадан құрылған комиссиялар мен кеңестердің құрамдары бекітілгеніне тоқталды. «Саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтетін облыстық мәслихаттың кеңейтілген сессияларында Президент Жарлығына сәйкес облыс әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы туралы есебі тыңдалады. Бүгінде бұл есеп беру жиыны өңірде қалыптасқан проблемалық мәселелерді шешу жөніндегі жұмыстың тиімділік деңгейін жан-жақты талдаудың механизміне айналды», – деген Бағлан Қарашолақов облыстық мәслихат аппаратына жеке тұлғалардан – 14, заңды тұлғалардан – 17 өтініш түскенін, олардың барлығына толымды жауаптар берілгенін тілге тиек етті. Бүгінде депутаттар мен атқарушы билік өкілдері арасында іскерлік, сенімділік, әріптестік пен өзара түсінушілік қарым-қатынастар нық орныққан. Жиында Бағлан Жиенәліұлы депутаттар өздерін толғандырған мәселелермен бөлісу, ақылдасу мақсатында облыс әкімі орынбасарларының қабылдауларында жиі болатынын айтты. Мәслихат хатшысының сөзіне сүйенсек, өздерінің сайлау округтеріне қатысты мәслихат аппаратына келіп түскен арыз-шағымдар мен ұсыныстарды қарап, тексеруге қатысатын депутаттар да бар. Сонымен қатар олар «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанынан құрылған комиссиялардың, облыстық тәртіптік кеңестің және басқа да рухани-әлеуметтік, өндірістік-экономикалық мәселелерді қамтитын комиссиялардың құрамында өздерінің азаматтық өкілеттіктерін абыроймен атқаруда. Былтыр мәслихат аппаратына Жамбыл облысының Құрметті азаматы атағын беру жөнінде 48-ден аса ұсыныс түскен. Ұсыныстар облыс әкімдігінің жанындағы арнайы комиссияда қаралған соң, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясында талқыланған. Соның нәтижесінде 6 азамат үлкен марапатқа ие болды. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетті дамытудың 10 түрлі басым бағытын атап көрсетіп, алдағы бетбұрыстың жалпы бағыт-бағдарын анық аңғартты. Осыған байланысты құрметті депутаттар, Президентіміздің бастамасын қолдап, тұрғындар арасында түсіндіру және насихаттау жұмыстарында халық қалаулылары үлгілі ісімен жол көрсетуі тиіс, – деді Бағлан Қарашолақов. Сессияның күн тәртібіне қойылған мәселенің бірі – өткен жылғы облыстық бюджеттің игерілуі болды. Бұл тақырып бір апта бұрын мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырысында қаралған болатын. Сол жолы облыстық қаржы басқармасының басшысы Роза Исаева қазына қаржысы бойынша түсімдер мен шығындардың есебін егжей-тегжейлі баяндаған. Тіпті үнемделген және игерілмеген қаражаттың тиынына дейін есептеп, барлық жұмыстың есебін бір-ақ берген. Дегенмен депутаттар сала басшысының хабарламасын тағы бір рет тыңдау артықтық етпейді деп тапты. Соңынан баяндамашы ұсынған ұсынымға қатысты шешімдер қабылдады. Бір атап өтетіні, 2017 жылмен салыстырғанда былтыр игерілмей қалған бюджет қаржысының көлемі едәуір азайған. Мәселен алдыңғы жылы ол сома 170 миллион теңгені құраса, өткен жылы 37,2 миллион теңге игерілмеген. Игерілмеген қаржы сомасының қомақтылығы жағынан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар және құрылыс басқармалары, полиция департаменті, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, жастар саясаты мәселелері басқармалары алда тұр. Дегенмен атқарылған нақты жұмыстардың нәтижесінде 2018 жылы түсімдер жоспарын орындау бойынша облысымыз басқа өңірлермен салыстырғанда республикада бірінші үштікте тұрақтаған. Кезекті сессияда қарауға ұсынылған негізгі 4 тақырыптың бірі – өңірдің сәулет-қала құрылысы және саланың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге арналды. Облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Д.Досанов атқарылып жатқан іргелі істерді айтып өтті. Жыл ішінде жаңғырған Тараз қаласының бас жоспарына сәйкес әрі өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына қарай қолға алынған тірліктерге тоқталды. Осы мәселеге қатысты депутат Ерболат Саурықов қосымша баяндама жасады. «Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта самарқау күйге түсіп, бұйығы ғана күн кешіп жатқан өңіріміздің сәулет-құрылыс саласына жан бітті десе де болады. Әсіресе көне шаһар – Тараз дүр сілкініп, тотыдай тарануда. Оған қаланың өзіндік кескін-келбетін көркейту, сәулетін қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесі дәлел бола алады. Атап айтсақ Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағын қайта жаңғырту және «Үш бұлақ» жағалауын абаттандыру, Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ, «Желтоқсан» аллеясы, Жамбыл ескерткішінің тұғырын орнату, темір жол вокзалы алдындағы скверді қайта жаңғырту, «Атшабар» скверлері бойынша эскиздік жобалары әзірленіп, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп халыққа пайдалануға берілген. Өңірімізде тың жобалар мен жаңа бастамаларға жол ашылып, ел көксеген, халық күткен серпінді де ауқымды жобалар жүзеге асуда. Нәтижесінде өңіріміз тарихи деп айтуға болатын межелерге жетуде. Дегенмен сәулет-құрылыс саласына қатысты туындап отырған мәселелер де жеткілікті әрі олар айрықша назарда ұстауды талап етеді. Соған байланысты облыстық мәслихат хатшысының өкімімен құрылған депутаттық жұмыс тобы, өңірлік сәулет-қала құрылысы саласына зерделеу жұмыстарын жүргізіп қайтқан болатын. Жұмысшы тобы көз жеткізген проблемалар, әсіресе аудандарда көп кездесті», – дей келе, облыстағы елді мекендердің дамуында, бекітілген бас жоспарлардың нормаларынан ауытқу, қала құрылысы регламенттерін бұзу, «қызыл сызық», су және санитарлық-қорғау аралықтарының талаптарын орындамау фактілері орын алғанын атап өтті. Депутаттың айтуынша, өңірде «қызыл сызық» құрылыс салу шекарасын бұзған 32 кәсіпкерлік нысан белгілі болған. Анықталған 10 нысанға қатысты тиісті шаралар қолданылған екен. Қалған 22 нысан бойынша әкімдіктер тарапынан «әй дейтін» ешкім табылмаған. Қ.Молдажанов төрағалық еткен сессияда бұдан өзге де шешімі қабылдануы тиіс бірнеше мәселе қаралып, депутаттар облыстық тексеру комиссиясының төрағасын тағайындау туралы ұсынысты дауысқа салды. Олар Есеп комитетінің басшылығы ұсынған Ж.Жапаровқа сенім білдіріп, қолдау көрсетті.

 

Ардақ Үсейінова

Ұқсас жаңалықтар