Ұлт көшбасшысы – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» деп аталатын бағдарламалық мақалаларында ұлттық салт-дәстүрлерімізді, жөн-жоралғыларымызды қайта жаңғыртудың өзектілігіне тоқталғаны мәлім.
Қазақ халқы ежелден-ақ «дала демократиясына» жетік, сөзге тоқтаған текті халық қой. Ел ішіндегі, тіпті қатарлас жатқан мемлекеттердің арасындағы мәселелерді билер кеңесі арқылы шешіп, шегендеп отырған. Ежелгі дәуірлердегі билердің үстемдігінің хандардан жоғары болғандығы да анық. Жалпы, халық ауыз әдебиетінің үлгілерін зерттеушілер қазақтың Ұлы даласында «би» және «шешен» сөздері бір мағына береді, синонимдер деген пікірді мақұлдайды. Әдетте ол кеңесші, идеолог, ақылшы, дана ретінде бағаланса, кей жағдайда бек-би мемлекеттегі бірінші тұлға саналғандығын алға тартады. Сол үрдіс патша өкіметі дәуірінде бүтіндей өзгертілді. Алайда халқымыз билердің қоғамдағы орнын еш уақытта естерінен шығарған емес. Аталған үрдісті қайсыбір аймақтар осы күнге дейін сақтап келген. Сондықтан Жоғарғы Сот Билер институтын қайта жаңғырту мақсатында «Дәнекер» бағдарламасын қолға алып, «Медиация туралы» Заңды қабылдады. Заңнама аясында аймақтарда билер кеңесі құрылды. Олар жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстарды қарастырады. Қазір дау-шарларды сотқа жеткізбей-ақ, бітімгершілікпен шешуге болатынын өмір тәжірибесі көрсетіп отыр. Өткен жылдың қазан айынан бері жұмыс істеп келе жатқан Талас ауданы ардагерлер кеңесі жанындағы билер кеңесіне Қаратау қалалық әкімдігінен арнайы бөлме беріліп, жабдықталды. Құрамы 5 адамнан: төраға, хатшы және 3 мүшеден тұрады. 2018 жылы 6 қараша күні билер кеңесі өздерінің қарауына түскен алғашқы дау-шарды қарады. Жалпы, қараша, желтоқсан айларында билер кеңесінің қабылдауында 3 адам болып, оларға қойылған сұрақтарға түсініктемелер берілді. 2019 жылдың қаңтар айында билер кеңесіне азаматтық істер жөнінде сұрау салған 5 адам қайырылды. Олардың ішіндегі екі мәселеде де екі тарап бітімге келді. Сондай-ақ билер кеңесіне «Таза-Талас» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны өткен жылы қаладағы Жастар саябағына жылу құбырын орнату кезінде «АСАУ-инвест НиК» ЖШС жұмысшыларының жерді қазып, ағаштарды сындырып кеткендігін, бүлінген алқапты желтоқсан айының соңына дейін жөндейміз деп келісімшарт жасағанына қарамастан, оны орындамай отырғандығын айтып шағымданды. Осы іске байланысты қос тарап шақырылып, серіктестік өкілдерінің аталмыш аумақты сәуір айына дейін жөндеп береміз деген уәдесі ескеріліп, екі жақ бітімге келді. Ақпан айында билер кеңесінің отырысы өтіп, онда облыстық билер кеңесінің ережесі таныстырылды. Оған өз ұсыныстарымызды енгізіп, «Медиация туралы» Заң талаптарына сәйкестендіріліп Талас ауданының билер кеңесінің ережесін дайындау қолға алынды. Кеңес мүшелерінің кезекшілігі туралы ақпарат аудандық «Талас тынысы» газетінде жарияланды. Сондай-ақ осы айда Ақкөл ауылының бір топ ардагерлерінің көтерген дау-шарына нүкте қойылды. Наурызда 5 адамның өтініші қаралды. Олардың барлығы тіркеуге алынып, тиісті мекемелерге сұрау салынды. Билер кеңесіне мамыр айында «Үшарал – Ақкөл» асфальт жолының өткен жылы ғана бір бөлігі пайдалануға берілгенімен, жыл өтпей жарамсыздана бастағаны туралы шағым айтылған. Бұдан бөлек Ақкөл ауылындағы орталық көшеге жасанды кедергілер орнатып беру жөнінде арыз түсті. Себебі Сарысу ауданынан, Ойық ауылынан, Тараз қаласынан қатынайтын көліктер кедергі белгілер болмағандықтан, қатты жүйткіген көліктер адам өміріне қауіп төндіретін көрінеді. Бұл мәселе де аудандық полиция бөліміне жолданып отыр. Мұндай өзекті мәселелер билер кеңесінің назарында бола бермек. Жыл басынан бері 13 ауылдық округтегі 15 елді мекеннің әрқайсысынан билер кеңесі құрылды. Оның құрамында 45 адам бар. Мұның ішінде Ойық ауылдық билер кеңесінің жұмысы атап өтуге тұрарлық. Олар бүгінге дейін екі дау-шарды қарады. Қазір ауылдағы билер кеңестерінің жұмыстарын жандандыру үшін ауыл әкімдеріне ұсыныстар берілуде. Талас аудандық билер кеңесі кабинеті демеушілер тарапынан жабдықталуда. Қазақтың ұлы билерінің, «Медиация – бітімгершілікке әкелетін жол» деген тақырыптардағы көрнекі ақпараттар қабырғаға ілінген. Алдағы уақытта билер кеңесінің жұмысын одан әрі жандандыру үшін тиісті жұмыстар жүргізіле беретін болады.
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, аудандық билер кеңесінің төрағасы.
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді