«Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының жобасы облыстағы 69300-ден астам партия мүшесін маңайына топтастырып отырған 400 бастауыш партия ұйымында, «Нұр Отанның» Тараз қалалық және аудандық мәслихаттардағы депутаттық фракцияларында талқыланып, мақұлданды. Дүйсенбіден бастап бағдарлама жобасы партияның қалалық және аудандық филиалдары саяси кеңестерінің кеңейтілген отырыстарында қаралып, талқылануда. Партияның Байзақ аудандық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы жұмысына аумақтағы бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігі бөлімдерінің басшылары, құқық қорғау органдары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Кеңейтілген отырыста «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Мұратхан Шүкеев баяндама жасады. Ол партияның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы жобасының филиалға қарасты 38 бастауыш партия ұйымында кеңінен талқыланғанын, партия мүшелерінің бағдарлама жобасына қатысты жасаған ұсыныстары мен толықтыруларының қорытындыланып, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына жолданғандығын жеткізді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа бағдарлама жобасында партияның саяси доктринасында белгіленген партия мұраты мен басымдықтары негізге алынғандығын, оның басты мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көрінісіне «нөлдік» төзімділік ахуалын қалыптастыру арқылы қоғамның барлық топтарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа тарту болып табылатындығын атап көрсетті. Бағдарламадағы: жүйелілік, мемлекет пен қоғамның тең әлеуметтік серіктестігі, айқындық, ашықтық және мемлекеттің қоғамға есептілігі, партия мен қоғамның серіктестігі сияқты төрт іргелі қағидатқа тоқталды. Бағдарламаның алға қойған мақсаттары мен міндеттеріне байланысты партиялық құрылымдар жүзеге асыратын жұмыс ауқымы туралы таратып айтты. «Өзара сенімділік, жауаптылық, әріптестік, жариялылық, ашықтық пен есептілік қағидаты негізінде мемлекет, қоғам және бизнес арасындағы қарым-қатынастың жаңа үлгісін қалыптастыру бағдарламаның мақсаттарына қол жеткізудің басты шарты болып табылады. Елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейінің айтарлықтай төмендеуі, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның қалыптасуы бағдарламаның орындалу барысындағы басты нәтижелер болмақ», – деді баяндамашы. «Нұр Отан» партиясы республикамыздағы барлық партиялармен және қоғамдық бірлестіктермен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға орай өзара тиімді қарым-қатынасты, сындарлы идеялар мен пікір алмасуды қамтамасыз етеді. Бағдарламаны жүзеге асырудың механизмі ретінде мәлімделген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге байланысты нақты шаралар қамтылған. Соның нақтылы көрінісі ретінде, алдағы екі бесжылдыққа арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың «Жол картасы» дайындалып, қабылданатындығын айтуға болады. Баяндама бойынша партияның аудандық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Рабат Сәрсенов, аудандық филиал саяси кеңесінің бюро мүшесі, Бурыл ауылдық округінің әкімі Ерік Әліқұлов жарыссөзге шығып, бағдарлама жобасына байланысты ұсыныс-пікірлерін білдірді. Партияның Байзақ аудандық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы күн тәртібінде қаралып, талқыланған «Нұр Отан» партиясының 2015-2016 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы» жобасына және өзге де мәселеге қатысты қаулылар қабылдады. Саяси кеңестің кеңейтілген отырысына ҚР мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы-Тәртіптік кеңестің төрағасы, партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің бюро мүшесі Болат Исақов қатысып отырды.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».
Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді