«ХАЛЫҚҚА АҚПАРАТ ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛУЫ ТИІС»

«ХАЛЫҚҚА АҚПАРАТ ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛУЫ ТИІС»
ашық дереккөз
«ХАЛЫҚҚА АҚПАРАТ ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛУЫ ТИІС»
Облысымызға жұмыс сапарымен келген   Парламент Мәжілісінің депутаттары Қ. Жабағиев пен Н.Нестерова осылай деді. Өткен жылы Мемлекет басшысы зейнетақы туралы заңнамаға өзгерістер енгізу туралы тапсырма берді. 2013 жылдың 21 маусымында жаңа редакциядағы «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заң қабылданды. Қазіргі уақытта зейнетақы саласы өте өзекті тақырыптардың бірі болып тұр. Сондықтан болар, облысымызға іссапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Қожахан Жабағиев пен Надежда Нестерова жұмыстарын Тараз қаласындағы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» («БЖЗҚ») АҚ филиалдарының қызметімен танысудан бастады. Халық қалаулылары алдымен облыстық филиалдың ғимаратына бас сұқты. «БЖЗҚ» АҚ – биылғы жылдың бірінші қаңтарынан бастап зейнетақы аударымдарының әр түрін жинақтауды жүзеге асыратын жалғыз ұйым. «БЖЗҚ» АҚ облыстық филиалының директоры Анар Жұмағұлованың айтуынша, облыста 450 мыңнан астам салымшы бар. Кез-келген салымшының қызмет көрсету орталықтарына келіп, өзінің жарналары туралы толық ақпарат алуына болады. Алайда, салымшылардың санына қатысты күмәнін білдірген Қожахан Жабағиев бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жандандыра түсу керектігін айтты. Расында да, өңірдегі бір миллионнан сәл асатын халықтың жартысына жуығының зейнетақы жарналары болуы мүмкін бе? Мүмкін, кейбіреулердің уақытында бірнеше зейнетақы қорына аударылған жарналары бірікпеген шығар? Сонымен қатар, әлі күнге дейін тұрғындардың басым бөлігінің зейнетақы қорындағы жаңғыртулар, жаңа өзгерістер жайлы біле бермейтіндігі рас. Сондықтан, елдің арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын көбірек жүргізу керек. Қажетті мәліметтердің барлығын қордың сайтынан алу мүмкін емес. Өйткені, әлі ғаламтор желісіне қосылмаған ауылдар бар. Осы уақытқа дейін елімізде зейнетақы қорларын біріктіру бағытында ұйымдастыру жұмыстары атқарылды, енді бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылармен тығыз байланысқа көшкені жөн. Осындай ой айтқан Қожахан Көкірекбайұлы азаматтарға инвестициялық табыстылықтың тиісті деңгейі қамтамасыз етілуі және барлық ақпарат қолжетімді болуы керек деді. Бұдан кейін, облыстық филиалдың қалалық бөлімшесіне де ат басын бұрған депутаттар ондағы жұмыстардың жайымен де танысып, мұрағаттағы мұнтаздай реттілікті көріп, разы болды. Надежда Нестерова қолайлы жерге орналасса да, алғашқы қызмет көрсету орталығына қарағанда мұнда салымшылардың аз келетіндігін, яғни, бұл туралы халыққа ақпарат жетпей жатқандығын айтты. Қазақстан халқы Ассамблеясы «Достық үйінде» мәжілісмендер этномәдени бірлестіктердің жетекшілері және мүшелерімен де кездесті. Әңгіме өзегі – Қазақстан халқы Ассамблеясын дамыту тұжырымдамасы болды. Жиынды облыстық хатшылықтың басшысы Лариса Лысова ашты. Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған Мәжіліс депутаты Надежда Нестерова тұжырымдама бойынша «Достық үйлері» этносаралық қатынастар саласындағы азаматтық қоғамды ұйыстырушы функциясын атқара отырып, этносаралық бейбітшілік пен келісімді сақтауда үлкен рөл атқаратындығын атап өтті. Енді халықпен жұмыс істеудің нақты нысаны ретінде, әлеуметтік және азаматтық бастамалардың дамуына ықпал ететін негіз ретінде Достық үйлерінің жұмысын ары қарай жандандыра беру қажет. Келесі кезекте Қожахан Көкірекбайұлы қазіргі уақытта азаматтарда құқықтық және қаржылық сауаттылық жағы кемшін түсіп жатқандығын, сол үшін түрлі шараларды мәдени бірлестіктер де қолға алуы керектігін айтып, мемлекетіміздің үздіксіз даму үстінде болуы үшін еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің ауызбіршілігі маңызды орын алатындығын жеткізді.

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».

Суретті түсірген Алтынбек Қартабаев.

Ұқсас жаңалықтар