«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

туым – теңдігім, елтаңба – елдігім, әнұраным – айбыным

туым – теңдігім, елтаңба – елдігім, әнұраным – айбыным
ашық дереккөз
туым – теңдігім, елтаңба – елдігім, әнұраным – айбыным

Отанға деген адалдықтың бір белгісі – Мемлекеттік рәміздерді қадір тұту. Көгімізде желбіреген көк Туымыз, Елтаңба және Әнұран – Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытатын айшықты символымыз. Мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастық та осыдан көрініс табады. Оларда халқымыздың мұқалмас рухы, қаһармандығы мен даналығы, асқақ арман-тілегі бейнеленген.2007 жылы 4 маусымда Тұңғыш Президент «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы 1998 жылғы 4 маусымдағы №3827 Жарлығына толықтырулар енгізіліп, содан бері бұл – Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтілетін болды. Оның да өзіндік себептері бар. Себебі 1991 жылы дәл осы күні Қазақстанның Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы, Әнұранының музыкалық редакциясы туралы ең алғаш қабылданған заңға қол қойылған еді. Ал 1992 жылы 6 маусым күні тәуелсіз еліміздің тұңғыш мемлекеттік рәміздерінің тұсаукесер салтанаты өтіп, сол күні Президент сарайы мен Парламент үйінің төбесіне Ту көтерілді, Елтаңба орнықты. 6 ай өткен соң 1992 жылы 11 желтоқсанда Гимннің мәтіні бекітілді. Ол 2006 жылы қайта өзгеріп, желтоқсан айында жаңа Гимн қабылданды. 

Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде елдігіміздің басты нышандарының алар орны ерекше. Ал жастар рәміздер туралы біле ме? Осыны білу үшін көпшілік арасында сауалнама жүргіздік. Бүгін қандай күн? Мемлекеттік рәміздер туралы не айтасыз? Елдігімізді айшықтайтын нышандарымыздағы бейнелер нені білдіреді? Нұртаза Нұрлыбек, студент, болашақ ІТ маманы: – Әрине, білемін. Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні. Мұндай айтулы мерекелерді Қазақстанның әрбір азаматы білуі тиіс. Әнұранның әнін жазған – Шәмші Қалдаяқов, сөзі – Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев, Тудың авторы – Шәкен Ниязбеков, Елтаңба – Ж.Мәлібеков, Ш.Уәлиханов. Тудың ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген. Елтаңбамыз – дөңгелек нысанды, көгілдір түс аясындағы шаңырақ – көк аспан астындағы мемлекетіміздің белгісі іспетті. Қанатты пырақтар – елдікке ұмтылған ата-бабамыздың асқақ арманы дер едім. Элмира Керімбекова, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың оқытушысы: – Жас ұрпақты тәрбиелеуде патриоттық рухымызды арттыратын нышандарымыздың орны ерекше. Бүлдіршіндерге ерте кезден рәміздеріміздің әрбір элементінің қандай мағына беретінін үйретуіміз керек. Сондықтан 4 маусымда әрбір азамат қандай күн екенін есте сақтайтындай шаралар ұйымдастырылса деген тілегім бар. Жас жеткіншектер арасында викториналық ойындар ұйымдастырылса, Тудың ортасында не себепті шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленгенін, Елтаңбадағы дөңгелек нысанның, шаңырақтың белгісін өз ойымен өрбітетіндей, эссе байқауын өткізсе, дұрыс болар еді. Аманжол ата, Тараз қаласының тұрғыны: – Рәміздеріне қарап, ұлттың тарихын, мәдениетін, дінін, тілін, дәстүрін, барлық құндылықтарын білуге болады. Сондықтан біз рәміздеріміздің тарихын жатқа білуіміз керек. Кейбіреулер Рәміздер күнін 6 маусым деп шатастырып алуы мүмкін. Бұл мерейлі мерекенің – 4 маусым екенін күнделікті ақпараттарға құлақ түріп отыратындар жақсы біледі. Елтаңбадағы күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған, ортасындағы шаңырақтың өзі түсінген адамға өткен көп нәрсені айтып жеткізіп тұрғандай. Біздің ата-бабаларымыз осы тәуелсіз елдің шаңырағын тігу үшін қаншама жылдар бойы күрес жүргізді. Шаншылған уықтай мақсат-мүддемізді біріктіргенде ғана шаңырағымыз шайқалмайтынын жас ұрпақ білуі тиіс. Ал көк аспан түстес Туымызды төмендетпеу – жастардың міндет-борышы. Түйін: Алғашында сауалнамамызға жастарды, жеткіншектерді көбірек тартуға тырыстық. Алайда Мемлекеттік рәміздер күнінің қай күн екенін білмей, біраз ойға батқандар да табылып жатты. Сондықтан ой-пікірі өзгеге ой саларлық аға буын өкілдерінің де жауабын беруді жөн көрдік. Жастардың бойында мемлекетшілдікті қалыптастыруда Мемлекеттік рәміздердің алар орны ерекше. Отан мен Мемлекеттік рәміздер – егіз ұғым. Осы екі ұғым әрбір азаматтың жадында жүрсе, онда олардың рухы да асқақ болмақ. Ал рухы мықты елдің алар асуы биік екендігі сөзсіз.

Ардақ Үсейінова, «Aq jol». Ару Датаева, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың 2-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар