Қауіпсіздік – басты назарда

Қауіпсіздік –  басты назарда
ашық дереккөз
Қауіпсіздік – басты назарда

Оқу жылы да аяқталып, балалар жазғы демалысқа шықты. Енді маусым айынан бастап қала сыртындағы және мектеп жанындағы демалыс-сауықтыру лагерьлері алғашқы келушілерін қабылдай бастайды. Демалған жақсы-ақ, бірақ жазғы маусымда сақтық шараларын да естен шығармаған абзал. Өйткені ойламаған сәтте күтпеген жағдайлардың орын алып жататындығы белгілі. Сондықтан да сауықтыру шаралары басталғанға дейін сақтық шараларын тағы бір пысықтап алғанның артықтығы жоқ. Осыны ең алдымен білім мекемелері мен қала сыртындағы сауықтыру лагерьлерінің басшылары қаперлерінде ұстап, дайындықты бүгіннен бастап кеткендері жөн болар еді. Балалардың амандығы мен денінің саулығы бәрімізге ортақ екенін әсте естен шығармауға тиіспіз. Осыған байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау, судан құтқару қызметі және баспасөз қызметкерлері облыстық білім беру басқармасы қызметкерлерімен бірлесе қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлердің басшыларымен семинар-кеңестер өткізді. Жиын барысында сауықтыру лагерьлерінің қызметкерлеріне балаларды табиғи және техногенді төтенше жағдайлардан қорғау, өрт қауіпсіздігі және тұрмыстық газ аспаптарын қолдану, су нысандарындағы қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша нұсқаулықтар берілді. Сондай-ақ жазғы демалыс маусымы басталғанға дейін сауықтыру лагерьлерінің өртке қарсы жағдайына тексеру жүргізу жоспарлануда. Мәселен, өткен жылы жүргізілген тексеру барысында бірқатар сауықтыру лагерьлерде 50-ден астам өрт қауіпсіздігі ережесінің сақталмағаны анықталған болатын. Атап айтсақ, сол кезде электр қондырғаларын қолдану ережесінің сақталмауы, жертөле мен баспалдақ алаңы астында жанғыш материалдырдың орналасуы, өрт сөндіру шараларының ескерілмеуі сияқты кемшіліктерге жол берген мекемелер алдағы уақытта ол қателіктерді қайталамайды деген ойдамыз. Егер бұл жолы да аталмыш нысандарда өрт қауіпсіздігі талаптарына байланысты іс-шаралар орындалмаса, азаматтық қорғау және сот органдары арқылы нысанның жұмысы тоқтатылуы мүмкін. Біздің тарапымыздан білім беру мекемелеріне өртке қарсы құралдарды жинақтауға көмек көрсетілуде. Соңғы 2 жыл ішінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және өрт кезіндегі іс-қимылдар бойынша 2 мыңнан астам нұсқаулық таратылып, оған 5 мыңнан астам мұғалім мен оқушы қамтылып отыр. Жалпы балалардың қауіпсіздікті сезіну түйсігін қалыптастыру үшін интерактивті сабақ, түсіндірме роликтер және мультфильмдер көрсету арқылы қазірден бойларына сіңіре беру керек. Сондай-ақ балалар арасында өрт сөндіруші кәсібін дәріптеу үшін де өрт сөндіру бөлімдері мен мұражайларға жиі экскурсиялар ұйымдастырып, насихаттап отырса дұрыс болар еді. Сәуле МҰНАТАЕВА, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы.

Ұқсас жаңалықтар