Арзанға алып кетпесін
Нәсібені жер мен көктен бірдей тілейтін дихан қауымы үшін егін орағы аяқталды. «Қамба дәнге толды» деп екпінмен айта алмаймыз. Облыс бойынша осы мерзімде биылғы өнім үшін егілген 107927 гектар күздік, 3921 гектар жаздық бидай мен 12927 гектар жерге орналастырылған арпа, барлығы 241765 гектар жердің масақты дәнді дақылдары жиналды.
Өнім гектарына 8,2 центнерден айналып, 178605 тоннаны құрады. Жуалы, Талас және Сарысу аудандарының таулы алқаптарында егін жинау науқаны алдағы екі-үш күнде аяқталатынын ескерсек, бұл көрсеткіш біршама өседі. Былтыр 223537 гектар алқаптың әр гектарынан 18,5 центнерден өнім алынған болатын.
– Қыста ылғал мол болғанымен көктемде күн салқын болды. Ауа температурасы 5-10 градустан көтерілмеді. Оның үстіне егін үшін аса қажетті сәуір және мамыр айларында жауын болмады. Облыстың барлық өңірінде сәуір айының орта тұсынан басталып, жиырма күндей үздіксіз соққан жел топырақтағы ылғалды кептіріп кетті, – дейді облыс әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Зиятхан Өмірәлиев.
Шынында да биыл егінмен айналысатын шаруашылықтар үшін ауа райы тым қолайсыз болды. Көтемде көктен ылғалдың түспеуі, желдің үздіксіз соғуы жер баптап, егін салған бейнетқор жандардың еңбегін еш етті. Облыстық әкімдіктің алқа мәжілістері мен аппарат кеңестерінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы мен аудан әкімдеріне ауа райының қолайсыздығына байланысты егін-жайды назарда қатаң ұстауды тапсырып келді. Әйтпесе, облыс әкімдігі тарапынан шаруаларға барлық жағдай жасалды. Жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай, 40 пайыз төмендетілген бағамен тыңайтқыш берілді.
Ендігі жерде «болары болды» деп қол қусырып қарап отыруға болмайды. Өзі аз өнімді алыпсатарлар арзан бағаға алып кетпесін. Тиісті басқарма басшылары мен аудан әкімдері тарапынан өнімнің шаруа ойындағы бағаға өткерілуіне нақты қамқорлық қажет.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді