Дихандар қуанышында шек жоқ
Көксай каналы біз үшін тіршіліктің көзі. Осы каналдан Ақтөбе, Қызыларық және Нұрлыкент ауылдық округтерінің дихандары егінін суғарады. Мұнда суармалы 1684 гектар алқап бар.
Бұрын Көксай каналының 12,5 шақырымы көрші Қырғыз Республикасының аумағынан өтетін. Жол-жөнекей қырғыз бәйкелері жаз бойы оның суына ортақтасып, төменде отырған біз тапшылық көретінбіз. Соның салдарынан соңғы бес-алты жыл көлемінде жақсы өнім жинай алмай келдік. Біз осы мәселені аудандық, облыстық деңгейде көтеріп, облыс әкіміне шықтық. Біздің көтерген мәселе облыс басшылары тарапынан қолдау тауып, олар Үкіметке жолдаған болатын.
Ең алдымен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа мың алғыс. Біздің Қырғызстанға суға тәуелді болып отырғанымыздан хабардар екен. Ұсыныс-тілегімізді жолда қалдырмады. Үкіметке жаңа канал салуды тапсырды. Үкіметтен 5,4 миллиард теңге қаржы қаралып, өткен күзде «Сұңқар» және «Жігер-2004» ЖШС-лары канал құрылысын бастап та кетті. Тау етегіне 18 шақырым жерге Ресейден әкелінген диаметрі 120 сантиметрлік темір құбыр тартылды. Каналға кіреберістегі биік төбені жарып, жол салынып, құбыр тартылды. Сондай-ақ, тау суын ысырапсыз пайдалану мақсатында ені – 100, ұзындығы – 200, тереңдігі 5 метрлік бассейн салынуда. Жақында жаңа салынған құбырмен егістікке су түсті. Жобада құбырмен секундына 3,5 текшеметр су жіберу көзделген. Әзірге секундына 1,8 текшеметр су келуде. Міне, осылайша біз суға деген тәуелділіктен арылдық.
Осы жобаны Үкімет назарына ұсынып, аудан дихандарына қолдау көрсеткен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа да айтар алғысымыз шексіз. Көктемде Кәрім Нәсбекұлы Көксай каналына арнайы сапармен келіп, оның жұмысымен жан-жақты танысқан болатын. Қайтар жолда біздің «Зылиха» шаруа қожалығына соғып, осы каналдың суы жайлы әңгімелескен еді. Сонда облыс басшысы осы жазда суымызға өзіміздің иелік ететінімізді нық сеніммен айтып, картоп алқабын көбейту туралы ұсыныс жасаған-ды. Біз облыс әкімінің сөзін жерге тастағанымыз жоқ. 150 гектарға картоп егуге уәде еттік. Сол уәдеде тұрдық та. Қазір ол алқап Көксай каналының суымен ылғалдандырылуда. Биыл өнім жоғары болады деп нық сеніммен айта аламыз.
Бізге қамқорлық көрсетіп, күні-түні Көксай каналының құрылысын тез бітіріп, суын дихандарға жеткізіп беруге атсалысып жүрген аудан әкімі Батырбек Құлекеевке де айтар алғысымыз зор. Міне, бүгінде аудан дихандары картоп алқаптары мен бау-бақшаларына су жеткізіп отырған жаңа каналдың да игілігін көре бастады. Сол үшін де аудан дихандары, бүкіл тұрғындар атынан Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа, облыс әкімі К.Көкірекбаевқа алғысымыз шексіз.
Олардың бұл қамқорлығына біз нәтижелі іспен жауап бермекпіз. Мен бұған дейін де аудандық мәслихат депутаты ретінде аудан дихандарының мұң-мұқтажы мен проблемаларын көтеріп келгенмін. Әлі де осы бағытта жұмыс жасай беремін. Ұсақ шаруа қожалықтарын бірігуге, сөйтіп техника алып, жаңа технологиямен жұмыс істеуге, жер мен суды барынша үнемді пайдалануға үндеп жүрмін. Өзімнің шаруа қожалығыма келсем, енді біз картоп алқабын бұдан да кеңейте түсеміз. Басқа шаруалар да осылай шешіп отыр. Өйткені, жаңа канал суармалы алқапты екі есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл барша Жуалы жұрты үшін үлкен игілік.
Керімқұл БЕГАЛИЕВ, «Зылиха» шаруа қожалығының жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты.
Жуалы ауданы.Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді