Тараз қаласына қарасты Құмшағал алқабының тұрғындары осы аумақта көп жылдан бері беті ашық жатқан шағал тас кені орнына қатысты өз наразылықтарын білдіруде. Олардың айтуынша, шағал тас өндірілетін осынау аумақ бүгінде нағыз «ажал апанына» айналып үлгерген. Оның тіпті көлемі ұлғайып, табаны тереңдей түсіпті. Ауыл тұрғындары шыңырау құздан адам да, мал да құлап, мертігіп жатқанын айтып, мекеме басшысынан кен орнының айнала-төңірегіне биік те берік қоршау жасауды талап етіп отыр. Тұрғындардың бұлай даурығуының орынды екендігіне кен орнына барғанда өзіміздің де көзіміз жеткендей болды. Тереңдігі 21 метрді құрайтын кен орнының шыңырау құздан құлаған мал тұрмақ адамның тірі қалуы екіталай. Соншама биіктіктен төмен қарағаныңда, басың айналып, көзің қарауытып, жүрегің де лоблып кетеді екен. Мұндағы қазаншұңқырдың (карьер) бүгінде жалпы аумағы 76 гектарды құрап отыр.
Ауыл тұрғыны Орынбасар Тоқбергеннің айтуынша, биылдың өзінде бұл шыңырауға 6 сиыр, 2 торпақ, ондаған қой-ешкі құлап, мертігіпті. Әсіресе ірі қара оқалақ кезінде басы ауған жаққа қашып, осы орға қарай қарғып кететін көрінеді. Сондықтан да қорасындағы малымен күн көріп отырған ағайынның өкпесі қара қазандай. Оның үстіне ауылдың шеткі көшесінен қазаншұңқырға дейінгі аралық бар-жоғы 90-95 метр ғана жер. Жұрт малын өріске ертеңгісін осы арамен айдап өтеді. Мұндағы балалардың ойын алаңы да ашық жатқан кен орнының дәл қасында орналасыпты. Балалар да осында келіп, әлгі жар-жарлауыттан секіріп ойнайды екен. Ойын баласы жазатайым құздан құлап кетіп, жазым болып жүре ме деген қорқыныш көп көңілінде.
Тұрғындардың алаң-дауына негіз жоқ емес. Жазатайым оқиғалар бұған дейін де бірнеше рет орын алыпты. Мәселен, ауылдың тұрғыны Өркен Башаев інісінің осы жардан құлап, қайтыс болғанын айтады. «Құздан құлаған малда есеп жоқ. Жылда құлап, өліп жатыр. Малды қойшы, адам да құрбан болуда. Біз бәрін көріп, біліп отырмыз. Иесінен осынау қауіпті аумақты қоршап беруін талап еткенімізге үш жылдан асты. Бірақ қожайынның жан айқайымызға құлақ асар түрі жоқ. Қайта бізге қоқан-лоққы жасап, заң аясында шағымданатынын айтып қорқытады», – деді ол. Осы №11 аумақтық округтің бас инспекторы Мұрат Аққұлиев та карьер қожайыны Айдар Олжабаевқа кен орнының айналасын қоршауды бірнеше рет айтқанын жеткізді. Кәсіпкер үш жыл бұрын мұнда бетон қадалар орнатып, қоршау жұмысын бастаған екен. Бірақ жұмыс орта жолда тоқтап қалыпты. Бас инспектор де карьер басшысының ешкіммен сөйлеспейтінін, телефонын да бермейтінін, жұмыс басында көп болмайтынын айтып қалды. Сұрастыра келе, бұл кен орнының 1939 жылы ашылғанын білдік. Негізінен қазаншұңқыр 1998 жылға дейін темір жол игілігі үшін пайдаланылып келіпті. Ал оны темір жол меншігінен кәсіпкер Рәтбек Олжабаев сатып алып, «Шағал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрған. Құмшағалдықтар ол кісінің іскер басшы болғанын, ауыл азаматтарының 90 пайызын жұмыспен қамтып, оларға үнемі қарайласып отырғандығын ілтипатпен еске алады. Қалай байланыс-арымызды ойлап тұрғанымызда, кен орны қожайынының өзі шағаладай аппақ «ДЖИП»-пен келе қалмасы бар ма. Орайлы сәтті ұтымды пайдаланып, оны сөзге тарттық. – Кен орнының 36 гектары бізге дейін қазылып, пайдаланылған. Оның өзі жолға жақын, әрі ауылдың тап іргесінде. Ал біздің бүгінге дейін игергеніміз 40 гектар көлемінде. Ауыл тұрғындары бағзы кездегі еркіндікті аңсайды. Әкем басқарған тұс тоқырау жылдары болатын. Талай адамға көмектесті. Мен де қолымнан келгенше көмектесіп, көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларға демеушілік жасап келемін. Бүгінгі таңда елді мекен тұрғындары бұл араның қауіпті екенін жақсы біле тұра малын қазаншұңқырдың айналасына өргізеді. Кеңестік кезеңде қауіпті аумақ ретінде бұл жерлерге 5-6 қатар құм төгіліп, белгі салынған. Олар ескерту белгісі ретінде тау төбе болып үйіліп, сонадайдан көзге айқын көрініп те жатыр. Әлбетте, кен жаз маусымында ғана игеріледі. Әрі біздің табысымыз түсетін тапсырысқа байланысты. Жылда кен орнының салығын, жұмысшылардың жалақысын, басқа да шығындарын уақтылы төлеп отырмыз. Осыдан үш жыл бұрын карьердің ауыл жақ бетін қоршау үшін бетон қадалар орнатып қойғанбыз. Мәселе қаржыға келіп тірелген соң аяқталмай қалып қойғаны рас. Енді жұрт қоршау жасауды қайта талап етіп отыр. Міне, осыған байланысты қазаншұңқырдың жол жақ бетіне бетон қадаларды орнату жұмыстарын бастап кеттік. Ертеңнен бастап айналасын сым темірлермен қоршайтын боламыз, – деді Айдар Олжабаев.
Тараз қаласы.
Марат Құлибаев
Тілші түйіні: Тұрғындардың көтерген мәселесі орынды. Оған қазаншұңқыр басына барғанда көзіміз әбден жеткен. Ондағы ашық-шашық жатқан кен орнын ертеңнен бастап қоршауды бастап кетемін деген кәсіпкердің сөзі әзірге уәде күйінде қалып отыр. Меншік иесі бұл жолы да құр уәде беріп, бұл іс келесі жылға қалып кете ме деген алаңдаушылық жоқ емес. Сондықтан да ауыл тұрғындары бұл жұмысты өз бақылауларына алатын болды. Бұл мәселеге біз де алдағы уақытта қайта оралып соғып, нысанды өз назарымызда ұстайтын боламыз.Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді