Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту мен несиелендіруге ерекше назар аударылғаны баршаға мәлім. Онда 2010 жылы қабылданған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында атқарылған ауқымды жұмыстар да атап өтіледі. Кәсіпкерлік нысандары мен кәсіпорындардың жүктемесін арттыруға мол септігін тигізетін, міне, осынау бағдарламаның қолданылу мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылғанын да жақсы білеміз. Айта кету керек, қазірдің өзінде өңірімізде бағдарлама аясында жұмысын жолға қойып отырған кәсіпкерлер мен кәсіпорындар аз емес. Олар екінші деңгейлі банктер арқылы несие алып, жаңа нысандар салып, инвестициялық жобаларды да еш кедергісіз жүзеге асыруда. Соның арқасында жұмыс орындары көптеп ашылып, өңіріміздегі жұмыссыздар саны азайып келеді. «Бизнестің жол картасы-2020» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында несие алғандардың біразына сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау қарастырылған. Ондай жеңілдікке алғашқы кезекте бағдарламаның бірінші бағыты бойынша ауылдық елді мекендердегі, шағын қалалардағы және моноқалалардағы салалық шектеусіз жобалары бар кәсіпкерлер ие болып отыр. Екінші бағыт бойынша экономиканың басым секторларында және индустриалды- инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасында айқындалған өңдеуші өнеркәсіптің басым салаларында, жекелеген қызмет түрлерінде іске асырылатын жобаларға қолдау көрсетілуде. Пайыздық мөлшерлемелерінің бір бөлігін субсидиялау сомасы аталған бағыттар бойынша 750 миллионнан бастап 2 миллиард 500 миллион теңгеге дейін қаржыландырылады. Субсидиялау ҚР Ұлттық Банкі белгілеген сыйақының базалық мөлшерлемесінен (9,25) аспайтын, 5 пайыз тармаққа (барлығы 14,25) ұлғайтылған несиелер бойынша жүзеге асырылуда. Инвестицияларға бағытталған несиелер бойынша субсидиялау мерзімі ұзарту құқығынсыз 5 жылға, ал айналым қаражатын толықтыруға субсидиялау мерзімі ұзарту құқығынсыз 3 жылға белгіленген. Несиелерді ішінара кепілдендіруге салалық кәсіпорындар және тиімді жобалары бар кәсіпкерлік ісін жаңа бастаған азаматтар мен жас кәсіпкерлер де қатыса алады. Жас кәсіпкерлерге несие сомасы 20 миллион теңгеге, кепілдік мөлшері несие сомасының 85 пайызына дейін жеңілдіктер қарастырылған. Ал жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге несие сомасы 180 миллион теңгеге, кепілдік мөлшері несие сомасының 50 пайызына дейін жеңілдік беріледі. Кепілдік мерзімі – несие мерзімі аяқталғанға дейін. Экономиканың басым секторларындағы іске асырылатын жобаларға қатысушыларға да жас кәсіпкерлер сияқты мүмкіндіктер қарастырылған. Яғни жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның жүктемесі жоғары кәсіпкерлердің жалпы сомасы 360 миллион теңгеге дейін несие алуларына мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар шағын кәсіпкерлік нысандарына, оның ішінде ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлерге, әйелдерге, мүгедектерге және 50 жастан асқан азаматтарға экономиканың басым секторларында өтеусіз негізде 3 миллион теңгеге дейін беріледі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 желтоқсандағы №820 қаулысы бойынша өңдеу өнеркәсібінде және агроөнеркәсіптік кешенде қызметін жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік нысандарын 2018- 2020 жылдар аралығында екінші деңгейдегі банктер арқылы қаржыландыру көзделген. Бұл мақсатта банктер тарапынан 600 миллиард теңгеге дейін бөлу қарастырылған. Несие агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңдеу, агроөнеркәсіптік кешендегі өндіру, өңдеу өнеркәсібі және көрсетілетін қызмет бағыттары бойынша басымдыққа ие жобаларды қаржыландыру үшін беріліп келеді. Қаржыландыру шарттарының жылдық мөлшерлемесі – 15 пайыз көлемінде, оның 7 пайызы субсидияланады. Несие беру және субсидиялау мерзімі қоса алғанда 7 жылға қаралған. Жобаларға 10 миллиард теңгеден астам сомаға несие берген жағдайда тиісті салалық орталық уәкілетті органның оң қорытындысы қажет болады. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021жылдарға арналған бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге несие сомасы – 6,5 мың айлықтық есептік көрсеткіш (2019 жылға – 16 412 мың теңге) бойынша 6 пайыздық жеңілдіктер қарастырылған. Ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда берілетін несиелерге «ҚазАгроКепіл» АҚ, қалалар мен моноқалаларда «Даму «КДҚ»АҚ кепілдік береді. Сондай-ақ кәсіпкерлердің «Береке-4» және қазақстандық Аграрлық «Ұлттық басқарушы холдингі» еншілес ұйымдары арқылы ауыл тұрғындарын қаржыландырудың өңірлік бағдарламалары арқылы да несие алуға мүмкіндіктері бар.
Талғат ШАЛДАРБЕКОВ, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді