Кім-кім де өсіп-жетіліп, азамат болып қалыптасқаннан кейін ел үшін еңбек етіп, мағыналы ғұмыр кешуді, қай жерде де абыройлы болуды діттейтіні анық. Шын көңілі қалап, талмай талаптанса, ондай биік бел-белестің өріне шығуына да мүмкіндігі бар. Бейсенбай Жаңбырбаев та өз өмірін осылай өнегемен өре білді. Ол Мойынқұм ауданының солтүстігіне созыла, шығысына жантая жатқан, талай тарихи сырды ішіне бүккен Хантауы етегіндегі осы аттас стансада дүниеге келген. Сол тұста отарбасының орасан зор даусымен дала «тыныштығын бұзып», тіршілік қазанын қайнатқан Мойынты-Шу темір жолының құрылысы біткеніне бар-жоғы екі-үш жыл ғана өткен-ді. Ал Хантау – оның бойында ең алғаш салынған стансаның бірі. Сонымен байланысты сары баланың ес білгенінен еститіні арлы-берлі ағылып жатқан пойыздың ащы «айқайы» мен дөңгелегінің дүниені көшіретін дүрсілі болды. Тегінде, болашақ кәсібін темір жолмен байланыстыруына дәл осы жайт әсер еткен-ау. Әйтеуір, болат жолдың бойында дүниеге келіп, ғұмыр кешу алдағы өмірінің кең тынысты арнасын ашып бергені анық-ты. Әкесі Смағұл да осы кәсіптің жалынан ұстап, көп ұзамай мықты жолшы атанған адам. Анасы Башар да кезінде темір жол құрылысына атсалысқан. Бейсенбай да 1972 жылы Шу қаласындағы мектепті бітірген соң, бірден жұмысқа араласып, алғашқы еңбек жолын қарапайым жол жөндеушіліктен бастайды. Сөйтіп ол да өзінің өмірін осы саламен байланыстыруға бекінген. Әскерге барып келгеннен кейін ауылында біраз уақыт пойыз құрастырушы болып еңбек етті. Алайда бір орында тоқырап-тоқтап қалмай, алға басу үшін жігерлі жас оқып, ізденуін бір сәтке де тоқтатпады. Көп өтпей-ақ Алматы темір жол техникумын бітіріп, кейін уақыт өте келе темір жол институтының дипломына да қол жеткізеді. Ол ел көзіне ерте түсіп, Шу темір жол бөлімшесінде қарапайым жұмысшыдан басқарушыға дейінгі барлық дерлік қызмет баспалдақтарынан өтіп, мықты маман, білікті басшы ретінде қалыптасты. 1996 жылы оған айрықша сенім білдіріліп, жүк бөлімінің басшысы болып тағайындалады. Кейіннен Алматы темір жол бөлімшесіне ауысып, мұнда тасымал қызметі басшысының орынбасары, «Жолаушылар тасымалы» АҚ Алматы филиалы вокзалдар бөлімінің басшысы қызметтерінде де әбден төселген маман ретінде сан салалы істе шыныққандығын танытып, ұдайы биіктен көріне білді. Темір жол – экономиканың күретамыры. Өйткені оның бойымен күндіз-түні үздіксіз жүйткіген пойызбен сан мыңдаған тонна халық шаруашылығы жүгі мен мыңдаған жолаушы тасымалданады. Бүгінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына қарасты жолдың ұзындығы, кірме жолды қоспағанда, 20 мың шақырымға таяу екен. Сондықтан бұл саладағы жұмыс өте ауқымды, аса күрделі. Бұл жұмыстар дұрыс ұйымдастырылса, мемлекетке қыруар табыс та әкеледі. Әсіресе еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін алыс-жақын шетелдермен алыс-беріс көбейгені белгілі. Қазақстанның географиялық жағынан тиімді орналасуы бұл саланың дамытылуына да өте ыңғайлы, батыс пен шығысты байланыстыратын темір жолдар ел аумағын көктей өтіп жатыр. – Бұл үшін мемлекет басшылары өзара тиімді келісімшарт жасасу арқылы, әсіресе жүк тасымалы көлемін көбейтті, – дейді Бейсекең. – Яғни алдымен бұл ретте транзиттік контейнерлер жүйесінің жұмысы жандандырылды. Өзімнің осы үлкен істің басы-қасында жүргенімді әрқашан мақтаныш етемін. Оның ішінде Қытай темір жолының Үрімші бөлімшесімен екі аралықтағы жүк тасымалын жақсы жолға қою жөнінде де тиімді жобалар бар. 2008 жылдан бері Қазақстан болат жолдың бойымен жүк тасымалдаудағы мүмкіндігін барынша пайдаланып, Қытай, ТМД, Балтық, тіпті Еуропа елдеріне де кең жол ашты. Сөйтіп контейнерлік жүк пойыздары тұрақты түрде жүре бастады. Соның ішінде Қытайдың Чунсин және Германияның Дуйсбург қалалары бағыттарындағы контейнерлік пойыздарды Қазақстан аумағымен сәтті өткізу ісіне оның алғашқы қарлығаштарының бірі ретінде Бейсекең де зор үлес қосты. Сондай-ақ оның «Достық» бекетіндегі Қытаймен жүк алмасу жұмысына білікті маман ретінде араласқанын да ешкім жоққа шығара алмайды. Бейсенбай Жаңбырбаевтың саладағы көпжылдық еңбегі ескеріліп, 2004 жылы «Құрметті теміржолшы» атағын алды. Еліміздің темір жол саласын дамытуға қосқан үлесі үшін есімі «Болат жолдың даңқты еңбеккерлері – 2010» Құрмет кітабына да енгізілген. Жүк тасымалында бәсекеге қабілеттілікті нығайтқаны, жоғары кәсіптік шеберлігі және сапалы жұмысы үшін алған Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарының өзі бір төбе. – Темір жол дегеніңіз жауапкершілігі жоғары сала ғой. Мұнда қай жұмыс та рет-ретімен, дөп уақытында орындалуға тиіс, босбелбеулікке еш орын жоқ! Сәл мүлт кетсең, арты, тіпті апатқа апарып соқтыруы мүмкін. Айтпағым, осында жұмыс істеп, қызмет ете жүріп бірқатар айтулы азаматтардың тәрбиесін көрдім, үлгі-өнегелерін үйрендім. Мәселен, Қайыр Бекбосынов, Асқар Сәрсенбеков, Қасым Жасақбаев, Кәрім Көкірекбаев, Құдайберген Көпжасаров, Жақанша Ахметов, Дәулетбай Есімбеков секілді ағалардың – темір жол тарландарының есімдерін үнемі құрметпен атаймын, – дейді ол. Оның теміржолшылар отбасында туып-өскенін, адамгершілігімен, имандылығымен, діндарлығымен ел арасында ерекше сыйлы болған әкесі Смағұлдың алдыңғы қатарлы жолшы атанғанын жоғарыда айттық. Марқұм ағасы Сәрсенбай да 1994 жылы «Құрметті теміржолшы» атанған еді. Бауырлары Жұмабай мен Мүбарак та болат жолдың бойында еңбек етеді. Қосағы Шарапат та осы салада тер төккен. Бір қызығы, қайын атасы Әміржан қарияның өзі кезінде темір жолдың «нанын» жеген көрінеді. Бейсекең жұбайы екеуі бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді. Бәрі де жоғары білімді, өмірден өз орындарын тапқан. Темір жолдың тастай тәртібіне әбден үйренген жолшының бос уақытын да нақты жоспар-жобамен өткізетіні бар. Саламатты өмір салтын ұстанады. Қолы қалт етсе қыста шаңғы, жазда велосипед тебуді де әдетке айналдырған. Әсіресе бассейнге түсуді айрықша ұнатады. Абайдан Мұқағалиға дейінгі айтулы қазақ ақындарының бірқатарының өлеңдерін жатқа айтатынына не дерсіз!? Реті келгенде мерзімдік басылымдарға мақала да жазып, атсалысады. Бала кезінен кітапқұмар болып өсуі оның адами болмыс-бітімінің, сана-сезімінің жақсы қалыптасуына ықпал еткен сыңайлы. Айтпақшы, ол биыл өзі оқыған Хантау стансасындағы С.Сейфуллин атындағы мектептің кітапханасына өзінің өмір бойы жинаған кітаптарының 1000 данасын тарту етіп, игілікті іс жасады. Мойынқұмдықтар оны туған жеріне туын тіккен айтулы азаматтың бірі деп біледі. Өйткені ол аудандағы ауқымды шараларға да белсене атсалысуынан танған емес. Ел қорғаны болған Биназар батырдың рухын асқақтату ісінің ылғи да бел ортасынан көрініп, қажет кезде шамасы жеткенінше қолұшын да берумен келеді. 2016 жылы Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы да атанды. Бұл Бейсекеңнің туған еліне, жеріне деген шынайы сүйіспеншілігі мен ыстық ықыласы, сіңірген еңбегі үшін берілген әділ баға болса керек. Бүгінде «ТрансКом» ЖШС-ның басқарма бастығы болып қызмет ететін кейіпкеріміз туған жеріме әлі де бергенімнен берерім көп деп санайды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Мойынқұм ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді