«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бес айда 100 кітап оқып, 1 миллион теңге жеңіп алды

Бес айда 100 кітап оқып,  1 миллион теңге жеңіп алды
ашық дереккөз
Бес айда 100 кітап оқып, 1 миллион теңге жеңіп алды

Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газеті өткен жылдың қараша айының соңында «Кітап оқып, миллионер бол!» атты байқауды жариялаған болатын. Доданың лайықты түрде өтуіне Дінмұхамед Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы мен қалалық білім бөлімі де біркісідей атсалысты. Бірегей жоба аясында ақылдастар алқасы бекітіліп, шаһар мектептерінің білім алушыларына 100 кітаптың тізімі ұсынылды. Бес айдан астам уақытқа созылған байқауға мыңдаған оқушы қатысып, рухани кемелденді. Әлеуметтік желіде үш мыңға жуық жазба жарияланғанынан-ақ байқаудың аясы кең болғанын аңғару қиын емес. Кең көлемде оқылған кітаптар қатарында М.Әуезовтің «Көксерек», Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», А.Экзюперидің «Кішкентай ханзада», М.Мағауиннің «Тазының өлімі» атты шығармалары бар.

Жарты жылға жуық уақытқа созылып, жастарды кітапқұмарлыққа (книгомания) шақырған жоба мәресіне жетіп, үздіктер анықталды. Байқауға Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС директоры Мұқаш Ескендіров бас демеуші болғанын да айта кеткен жөн. Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінде өткен марапаттау рәсіміне қала әкімі Қайрат Досаев арнайы қатысып, жобаны ұйымдастырушы азаматтарға алғысын жеткізді. Кейіннен сахнаға көтерілген Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров жастарды білімді болуға шақырды. Мұнан соң сөз алған халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Несіпбек Дәутай бұл байқаудың балаларға берері мол екеніне тоқталып, облыстық «Знамя труда» газетінің директор-бас редакторы Бекет Момынқұл, «Jambyl» телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіхалық, «Салық тәртібі» газетінің басшысы Ғалым Қасабай, «Арай» жастар газетінің бас редакторы Дәулет Төленді секілді өзге де азаматтарға қолдау білдіргендері үшін алғысын айтты. Жоба аясында мыңнан астам оқушы сынға түссе, оның жетпіс сегізі финалдық кезеңге өткен. Олардың жетпісіне шабыттандыру сыйлығы ретінде ұялы телефон тапсырылды. Байқауда белсенділік танытқан үздік кітапханашылар да сыйлықтан құралақан қалған жоқ. Оларды қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбәрак Жинақбаева мен қалалық білім бөлімі кәсіптік одағының төрайымы Ирина Костина марапаттады. Іс-шара соңында жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздарға қаржылай сыйлықты Мұқаш Ескендіров пен қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырзағали салтанатты жағдайда табыстады. 5-7-сынып оқушылары арасындағы аламанда Панфилов атындағы №39 гимназияның оқушысы Айзере Ерен үздік шығып, 500 мың теңгелік сертификатқа ие болса, №54 мектептің білім алушысы Тоғжан Аллаберген, С.Нұрмағамбетов атындағы №10 орта мектептің оқушысы Данияр Бекжан екінші орынға, №30 мектеп гимназиясының оқушысы Сабина Сүлеймен мен №31 мектептің үміті Гюзаль Османова үшінші орынға табан тіреді. 8-11-сынып оқушылары арасында өткен байқауда Б.Момышұлы атындағы №45 гимназияның 9-сынып оқушысы Қазына Әбдісейіт топ жарып, 1 миллион теңгенің сертификатын алса, №12 Керімбай атындағы гимназия түлегі Әйгерім Мейірханова екінші, №7 мектеп гимназияның оқушысы Галина Буркина үшінші орынды иеленді. Жүлде қоры бес миллион теңгені құраған байқауға көптеген меценаттардың қаржылай қолдау көрсеткені – құптарлық іс. Жүлделі орындардан бөлек арнайы сыйлықтарды өңірімізге есімі белгілі азаматтар мен басқарма басшыларының тапсыруы қуантты. Бұл байқау алдағы жылы да жалғасын табады деген сенімдеміз.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

 

Ұқсас жаңалықтар