Бүгін барлық мектепте соңғы қоңырау соғылып, оқу жылы аяқталып отыр. Тоғыз айдағы білім беру ісі мұғалімдер мен оқушылар үшін тынымсыз ізденіс кезеңі болғаны анық. 2018-2019 оқу жылының нәтижесі қандай? 9-11-сыныптардың мемлекеттік емтихандары қашан өтеді? ҰБТ-ға дайындық қалай жүруде? Осы және өзге де білім саласының жаңалықтарын облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетовадан сұрап білдік.– Тағы бір оқу жылы аяқталды. Бұл кезең облыс педагогтері мен оқушылар үшін табысты болды ма?
– Биылғы оқу жылы жемісті болды десем, артық айтпаспын. Атап айтсақ, 245 жамбылдық жас дарын дүниежүзілік, халықаралық, республикалық пән олимпиадаларына, ғылыми жобалар жарысына қатысты. Соның 51 пайызы (28 алтын, 32 күміс, 64 қола медаль) – жеңімпаздар. Осы оқу жылында халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардан 28 шәкіртіміз алдыңғы орындардан көрініп, топ жарып отыр. Облыс оқушылары республикалық олимпиада мен ғылыми жоба жарыстарының қорытындысы бойынша 7 жыл қатарынан «Ең үздік команда» атанып, І орынды иеленді. Білім додасының қорытындысы бойынша облыстың 6 мектебі «Ең үздік олимпиада мектебі» атанды. 103 жеткіншек халықаралық, республикалық шығармашылық байқаулары мен спорт жарыстарында үздік шықты. Біз осындай өнерлі, білімді оқушыларымызбен мақтанамыз. Бір айта кететіні, биылғы мектеп бітіріп отырған 8796 түлектің 328-і «Алтын белгі» төсбелгісіне, ал 245 оқушы үздік аттестатқа үміткер болып отыр. Қазірдің өзінде 70 түлек жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алып, шақырту алып отыр. Оның 35-і шетелдегі таңдаулы оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік алғандар. Әрине, бұл жұмыстардың артында облыс мұғалімдерінің ерен еңбегі тұр. Оқушыларының жарқын болашағы үшін тынбай еңбек етіп, бойына біліммен бірге адамгершілік секілді ізгі қасиеттерді сіңірген ұстаздарды ерекше атап өткім келеді. Биылғы оқу жылында 8 мұғалім республикалық «Педагогикалық идеялар» фестивалінің жеңімпазы атанса, республикалық «Педагогикалық старт» байқауынан 29 маман жүлдегер атанды. Ал халықаралық Жәутіков атындағы мұғалімдер олимпиадасында 1 педагог жүлделі ІІ орынды иеленді. Ата-аналарға да айтар алғысым бөлек. Баланың бір жақты тәрбие алуы мүмкін емес. Үйде ата-ана баулыса, мектепте мұғалімдер тәрбие береді. Бала тәрбиесінде мұғалім мен ата-ана ынтамақтастығы ауадай қажет. Осы тұрғыда мектепшілік іс-шараларға белсенді қатысып, баланың толыққанда тәрбие алуына бар күш-жігерін жұмсайтын ата-аналар қашанда ұл-қыздары үшін алғыс арқаламақ. – Тоғыз айда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүргізілгені анық. Әттеген-ай дейтін тұстар бар ма? – Жақсы жетістіктерімізбен бірге, «әттеген-айы» да жоқ емес. Балалар арасындағы құқық бұзушылық деңгейі әлі де болса төмендемей тұрғаны қынжылтады. Рас бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп те келеді. Барлық мектептерге мектеп инспекторлары бекітілген. Облыс әкімінің тапсырмасына сай олардың жұмыс алгоритмінің Ережесі бекітілген. Соған сәйкес инспекторлар қазір ай сайын ата-аналар, қамқоршылық кеңестері алдында есеп беретін болған. Білім мекемелерінде ата-аналармен жиналыстар өткізіп, түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Құқық қорғау органдарымен бірлескен кездесулер, түрлі тақырыптық рейдтік шаралар ұйымдастырылуда. Себебі жасөспірімдер тарапынан орын алатын құқық бұзушылықтардың басым көпшілігі сабақтан бос уақытта, кешкі мерзімде тіркеліп отыр. Балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау дерегі де тіркелуде. Ата-ана мен мұғалімнің бірлескен жұмыстарының нәтижесінде ғана біз жеткіншекті мұндай мінез-құлықтан арылта аламыз. Осыны ұмытпаған жөн. Сондықтан осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін мектеп психологімен қатар ата-ана да баламен жақын сөйлесіп, балаға өз ойын ашық жеткізуге тәрбиелегені дұрыс деп ойлаймын. – Биылғы оқу жылының жаңалығы не болды? – Алдымен қазір мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі 1-6 жас аралығында – 84, 3-6 жас аралығында – 98 пайызға жеткенін айта кеткен жөн. Жекеменшік балабақшалар саны артып, 156-ға жетті. Сондай-ақ Елбасы Жолдауында атап көрсеткендей, Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту әдісі мен жүйесі базалық алаң ретінде облыста 40 мектепке енгізілуде. 2017жылы олардың саны 7-еу болатын. Ағылшын тілінде оқытатын барлық оқытушыларға 35 мың теңге қосымша ақы төленді. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін 16 мыңнан астам мұғалімнің жалақысы 30 пайызға көбейді. Мұның барлығы мұғалім мәртебесін арттыруға бағытталған шаралар. Ал жоғары жылдамдықтағы кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз ету көрсеткіші 71-ден 94,8 пайызға өсті. Мектептердің 96 пайызын Wі-Fі желісімен жарақтандыруға қол жеткізілді. Жыл басында 31 пайыз болатын. Білім беру процесінде электрондық журналдар мен күнделікті қолданатын мектептердің үлесі 98 пайызға жетті. Бүгінде робототехника – оқыту үдерісіне енгізіліп жатқан жаңа бағыттардың қатарында. Техника мен ақпараттық технологиялардың дамыған заманында облыс оқушыларына көшпен бірге робототехниканың қыр-сырын үйрету үшін облыста 14 IT сыныбы ашылып, оқушылар 164 (36,7%) мектептегі робототехника кабинетінде білім алуда. Алдағы жылдары облыс бойынша 37 IT сыныбы іске қосылады. Былтыр Тараз қаласында IT лицей-интернаты ашылғаны белгілі. – Балабақша кезегіне тұру және бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндердің мектепке құжат тапсыру мәселесі автоматтандырылып, осы жұмыстар барысында туындап жататын дау-дамайға нүкте қойылған секілді. Осыған қатысты ата-аналар тарапынан түсіп жататын арыздар азайды ма? – Бүгінгі күні білім басқармасы көрсететін 37 мемлекеттік қызметтің 7-еуі автоматтандырылған. Жыл соңына дейін тағы 21 түрі цифрландырылады. Енді білім мекемелеріне жұмысқа қабылдау (jumys-sitsen.kz), баланы балабақшаға кезекке қою және жолдама беру (edugarden.kz), 1-сыныпқа қабылдау және лагерьге жолдама беру (eduschool.kz) қызметтерін онлайн алуға болады. Бұл қызмет eduschool.kz порталы арқылы жүргізілуде. Бүгінге 900-дей адам аталған жүйе бойынша жұмысқа қабылданып, лагерьлерге 368 жолдама берілді. Баланы 1-сыныпқа қабылдау үдерісі де облыстың барлық мектептерінде 1 маусым күні eduschool.kz порталы арқылы электронды түрде жүргізіледі. Ата-аналар бұрынғыша мекен-жай анықтамасын тапсырмай, көрсетілген сайтқа баланың ЖСН-і арқылы тіркеле береді. Мұндай жаңашылдық көрсетілетін қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алады. Білім саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді автоматты түрде онлайн режімде атқару ата-аналардың арыз-шағымдарының төмендеуіне септігін тигізеді деп ойлаймыз. Қазір біз облыста колледждерді бейімдеп, 2 үлгілі колледж құру жұмыстарын бастадық. Жамбыл политеxникалық жоғары колледжі мен Құлан ауыл шаруашылығы колледжіне қосымша қаржы бөлініп, 10 құзыреттілік орталығы ашылды (химия, энергетика, құрылыс, мехатроника, мобильдік робототехника, сантехника және жылыту, машина жасау,токарьлық жұмыстар бағыттары). – Алда – ҰБТ. Түлектердің дайындығы қалай? Бұрынғыдай емес, тестілеу кезінде білім бөлімдерінен біраз жауапкершілікті алып, ұлттық тестілеу орталығының аумақтық филиалдарына және білім сапасын бақылау департаменттеріне бергені белгілі. Дегенмен пән мұғалімдері мен мектеп директорлары «тесттен кейін таяқ жеп қалмайық» деген уайымнан арылған жоқ. Осыған қатысты не айтасыз? – Қазіргі уақытта 9 және 11-сыныптар қорытынды аттестацияға дайындалуда. Аттестат алу үшін тапсырылатын бұл емтихан 9-сыныптарда 27 мамыр мен 6 маусым, 11-сыныптар 27 мамыр -7 маусым аралығында өтеді. Қазір ҰБТ – тек жоғары оқу орындарына түсу үшін қажетті сынақ. Былтырдан бастап сондай өзгешелік енгізілгені белгілі. Ал биылғы жылдың ерекшелігі колледж бітіргендер мен мектеп түлектері үшін тестілеу бір уақытта жүргізіледі. ҰБТ 20 маусымнан 5 шілдеге дейін облыстағы 10 Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу пунктінде өтеді. Биылғы түлектердің 5913-і (67.3 %) ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірді. Мектеп бітірушілердің 5219-ы сынақты қазақ тілінде, 673-і орыс тілінде тапсырады. Ал ағылшын тілінде тапсыруға 21 түлектен өтініш түсіп отыр. Рас, ҰБТ өткізуді ұйымдастыру жұмыстары мұғалімдердің міндетінен алынды. Сондай-ақ тестілеудің мұғалімдердің демалысы кезінде өтетінін де ұмытпау керек. Ал аттестат алған түлектер мектептің оқу процесінің қатысушысы емес. Бітірушілерге аттестат тапсыру салтанаты 12 маусымда «Болашақ жастардікі» деген тақырыппен тек мектепте ғана өткізілдеді. Мектеп түлектері биыл мектеп бітіру кешін қымбат мейрамханадан гөрі мектептің акт залын өткіземіз деген таңдау жасап, «Шығынсыз кеш» акциясын бастады. Бүгінгі күні облыстағы орта мектептердің 85 пайызы осы игі бастаманы қолдап отыр. – Сала басшылары жазғы демалыста да арқаны кеңге сала алмайды. Жазғы сауықтыру шаралары қалай ұйымдастырылуда? Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің мектеп жанындағы лагерьлерден гөрі табиғат аясындағы демалыс орталықтарын көбейту қажет деген пікір-бастамасына сіздің көзқарасыңыз? – Биыл жалпы 1-10-сыныптардың оқушыларын жазғы демалысты тиімді пайдалану және сауықтыру лагерьлерімен қамтуды жоспарлап отырмыз. Өңір басшысының бастамасына қолдау білдіріп, балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын, сауықтырылуын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыру бойынша ведомствоаралық іс-шаралар жоспарына сәйкес, туристік саяхаттар мен экскурсиялар ұйымдастырылатын болады. Жасөспірімдердің табиғат аясында тынығып, туған өлкенің тарихын танып, білуі үшін оларға палаткалық лагерьлер, туристік саяхаттар мен үшкүндік экскурсиялар ұйымдастырылады. Облыс аумағында қала сыртындағы 10 лагерь бар. Оның 4-еуі – мемлекеттік, 6-ауы – жекеменшік. Қала сыртындағы лагерьлерде 8046 бала демалады. Жазғы сауықтыру шараларын ұйымдастыру барысындағы биылғы басты ерекшелік – мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлерге де балалар автоматтандырылған жүйе арқылы қабылданатындығында (eduschool.kz). Аталған жүйе ата-аналарға мобильдік құрылғылар арқылы өтініштер мен тиісті құжаттарды жолдауға мүмкіндік береді. Облыс әкімдігінің тапсырмасына сәйкес биылғы оқу жылында балалар мен жасөспірімдер арасында «Өз жерінді танып, біл» атты жоба жүзеге асырылып, мектеп оқушылары үшін өз ауылына, көрші аудандарға және Тараз қаласына туристік экскурсиялар ұйымдастырылып, онлайн сабақтар, интерактивті жарыстар өтуде. Өткен жылы 63 мыңға жуық мектеп оқушылары мен колледж студенттері ауданнан ауданға экскурсиялар жасап, аудан ішіндегі тарихи нысандарды араласа, республиканың өзге өңірлеріне 14500 бала саяхаттап қайтты. Жыл басынн 2500-ге жуық бала өңірдің киелі жерлерінде туристік саяхат жасады. Жаз маусымында демалысты қызықты әрі есте қаларлықтай өткізу үшін балалар міндетті түрде суға шомылады. Алайда шомылу кезіндегі қарапайым қауіпсіздік ережелерін балалардың бірі білсе, бірі біле бермейді. Білсе де дұрыс сақтамайды. Сол үшін білім басқармасы тарапынан арнайы бейнеролик әзірленіп, ресми сайтта, әлеуметтік желілерде таратылуда. Балаларды жүзуге үйрету шаралары қолға алынған. Әсіресе маусым-тамыз айларында балаларға бақылау босаңсып кететіні жасырын емес. Ата-анасының перзентіне жеткіліксіз көңіл бөлуінің салдары орны толмас оқыс жағдайларға апарады. Су жағасында жүргенде балаларыңызға бас-көз болып, шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін үйретіп, қатаң бақылауға алу қажет. – Оқу жылының қорытындысына қарай озат оқушыларды марапаттау үшін ата-аналардан грамотаға ақша жинау, ақылы байқауларға «баға қоймаймын» деп баланы қорқытып қатыстыру қаншалықты дұрыс? – Білім мекемелерінде ата-аналардан мұғалімдерге, мектепке сыйлық жасау үшін, жөндеу жұмысына және өзге де мақсатта ақша жинауға қатаң тыйым салынған. Бұл бойынша әлеуметтік желіде өзімнің жеке парақшамда желі пайдаланушыларына үндеу жариялаған болатынмын. Мектептің жөндеу жұмыстары, тазалық заттары, оқу құралдары мен кітаптарға мемлекеттен тиісті қаржы қарастырылған. Сондықтан ата-аналардан ақша жинауға еш негіз жоқ. Білім мекемелерінде ата-аналардан ақша жинауға қатаң тыйым салу туралы бұйрық та шығарылған. Оны әрбір мектеп басшысы мен мұғалімдер орындауға міндетті. Сондай-ақ білім саласына қатысты арыз-шағымдар білім басқармасының сенім телефоны (43-88-25) және whatsapp желісіндегі «жедел желі» телефоны (8-747-208-54-66) арқылы үздіксіз қабылданады. – Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Ардақ ҮСЕЙІНОВА.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді