Ағымдағы жылдың 6 тамызында «Ресей Федерациясының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеке арнайы экономикалық шараларды қолдану» туралы Ресей Федерациясы Президентінің өкіміне сәйкес, Ресей үкіметі АҚШ, Еуроодақ мемлекеттерімен, Канада, Австралия және Норвегиядан келетін импорттық ауылшаруашылық өнімдері, шикізаттары мен азық-түлігіне бір жылға дейін шектеу қою жөнінде қаулы қабылдады. Бұл көрші елдің жоғарыдағы мемлекеттердің Ресейге жариялаған антиресейлік санкцияларға қарсы жауабы болса керек. Бірақ, бұдан Ресейдің өз нарығы мен осы нарыққа өнім жеткізуші мемлекеттер ұтылуы мүмкін. Қазірдің өзінде Ресейдегі Еуропа Одағының елшісі Вигаудас Ушацкас «Говорит Москва» радиостансасына берген сұхбатында бұл шектеу Еуропа Одағына 12 миллиард еуро шығын алып келеді деп болжауда. Сонымен қоса, Ресейде сатылмаған өнім Еуропа нарығында қалып, ауылшаруашылық өнімдерінің бағасына да көп әсерін тигізуі мүмкін. Шектеулер санының күн санап артуы және оған 7 тамыз күні Ресейдің Еуропа Одағынан, АҚШ, Канада, Австралия және Норвегиядан келетін сиыр, шошқа, құс еттері мен жеміс-жидектері, ірімшік пен сүттерге қойған шектеуін қосатын болсақ, орыс халқы біраз тапшылықтарға тап болуы мүмкін. Осы орайда көптеген ел осы алып нарыққа шығудың жолын жалма-жан іздестіруде. Қазірдің өзінде Латын Америка елдері, оның ішінде Бразилия және Аргентина мемлекеттері Ресей нарығына сиыр және шошқа еттерін импорттаймыз деп отыр. 2013 жылғы көрсеткіштер бойынша Бразилия мемлекеті Ресейге ауылшаруашылық өнімдерін 2,72 миллиард АҚШ долларға сатқан болатын. Қазіргі таңда Ресейде сиыр етінің тапшылығы – 70, ал шошқа етінің тапшылығы 50 пайызды құрағанын ескеріп, 11178 шақырым қашықтықта орналасқан Бразилия мен басқа да Латын елінің мемлекеттері өз өнімдерін ұсынбақ. Ал, бізге неге осы мүмкіндікті пайдаланбасқа? Бұл бізге қай жағынан алып қарасақ та тиімді. Біріншіден, Ресей біздің Құдайы көршіміз. Бұл өз кезегінде жол шығындарын азайтып, өнім бағасының аса қымбаттамауына және оның бәсекелестік қабілетін көтеруге септігін тигізеді. Бұл үшін қазіргі таңда салынып жатқан «Батыс Еуропа –Батыс Қытай» халықаралық тас жолы да септігін тигізері сөзсіз. Екіншіден, біз Ресеймен бірнеше интеграциялық ұйымдар шеңберінде жұмыс істеудеміз. Мысалы, Кедендік Одақ. Бұл Одақтың мүшелері арасында сауда-саттықта ешқандай кедергілер болмайды және кедендік баж салықтары қолданылмайды. Биыл Ауыл шаруашылық министрлігі Ресейге экспорталатын ет өнімі 9,7 мың тоннаны құрайды деп жоспарлап отыр. Елбасының тапсырмасы бойынша 2016 жылы біз экспортталатын ет өнімін 60 мың тоннаға жеткізуіміз керек. Осы өнімнің барлығын Ресейге сатқан күнде де біз бұл нарық сұранысын толық қамти алмаймыз.Үшіншіден, бұл нарық тұтынушыларының талғамы бізге белгілі және таныс. Кәсіпкерлерімен де тез тіл табысып, Ресей нарығына қажетті өнімдерді біріккен кәсіпорындар құрып шешуге де болады. Бұл өз тарапынан екі елге де тиімді болары сөзсіз. Ресей бізге технология ұсынса, біз өнімдерді өндіретін алқаптар мен арзан жұмыс күшін берер едік. Ресей сияқты алып мемлекетте 144 миллион тұтынушы тұратынын ескерсек, бұл Қазақстан ауылшаруашылығы өнімдерін өткеруге үлкен мүмкіндік. Бұл мүмкіндікті жіберіп алмағанымыз абзал.
Сұлтан ӘБІЛДАЕВ, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Экономика» саласы бойынша Ph.D докторы.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді