Бүгінгі таңда облыста «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолын қайта жаңғырту жобасы аясында құрылыс жұмыстары басталып та кетті. Бұл автожол өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынып, пайдалануға беріліпті. Ол тәулігіне 400-ден 600-ге дейін автокөліктің өтуі жиілігіне есептелген екен. Ал қазіргі таңда бұл көрсеткіш 3 мыңнан асып жығылады. Бір жағы ауыр жүк көліктері ағынының жиілей түсуіне шыдас бермей, соңғы жылдары жол төсеніштері қатты бүлініп, жүруге жарамсыз болып қалған-ды. Енді, міне, аталған бағыттағы жолдарды қалпына келтіруге республикалық бюджеттен тиісінше қаржы қаралып, жөнделу үстінде. Бұл ең алдымен жүргізушілер қауымын айрықша қуантып отыр. Автожолды қайта жаңғырту ісі ағымдағы жылдың сәуір айында басталған-ды. Бүгінде жол төсеу жұмыстары қарқын алуда. Атап айтқанда, «Меркі-Шу», «Хантау-Бурылбайтал» телімдерінде ескі жол жамылғыларын фрезалық күйге келтіру, жол үйіндісін салу және жол бойындағы коммуникациялық желілерді қайта орнату жұмыстары жүзеге асырылу үстінде. Жолдың жалпы ұзындығы 262 шақырымды құрайды. Оның ішінде «Меркі-Шу» автожолына тиесілісі 86 шақырым. Бұл телімде көліктер қозғалысы үшін 4 жүріс жолағы салынып, жол ортасындағы жүріс жолақтарын бөліп, қоршау қарастырылған. Осылайша бұл жол бірінші техникалық санаттағы автожолға айналмақ. Ал Шу қаласындағы айналма жол тұсынан бастап Бурылбайталға дейінгі ұзындығы 176 шақырымды құрайтын жол телімі көлік қозғалысы үшін 2 жолағы бар екінші техникалық жол санатына жататын болады. Сондай-ақ жаңа жол Тәтті, Шу, Бірлік елді мекендерін айналып өтеді. Онда 6 көпір, 3 темір жол өткелі, 11 жарықтандырылатын жол айырығы, 276 су өткізгіш құбыр, демалыс алаңдары мен автопавильондар салынады. «ҚазАвтоЖол» ҰК облыстық филиалының директоры Нұрбол Мыңжасаровтың айтуынша, жолға жобаға сәйкес қиыршықтасты - мастикалық асфальт-бетонды жол жамылғысын төсеу қарастырылып отыр. Ал құрылыстың бас мердігерлері – Қытайдың «Синьсин» құрылыс және дамыту жөніндегі компаниясы мен «АБК Автодор НС» ЖШС құрамындағы консорциум болып табылады. Құрылыс жұмыстарына бүгінде 600-ден астам адам тартылған. Олардың басым бөлігін жергілікті тұрғындар құрап отыр. Жалпы құрылыс алаңына жоғарыда аталған мердігерлік ұйымдар тарапынан 400 бірлік жол техникасы жұмылдырылыпты. Бүгінде жолдың сапалы салынуын «Аркада KZ» және «Сапа СЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қадағалауда. Жоба аясындағы құрылыс жұмыстарын 2022 жылдың маусым айында аяқтау жоспарланып отыр.
Марат Құлибаев
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді