«Ақ жол» көтерген мәселе менің де көптен бері көкейімде жүр еді

«Ақ жол» көтерген мәселе менің де көптен бері көкейімде жүр еді
ашық дереккөз
«Ақ жол» көтерген мәселе менің де көптен бері көкейімде жүр еді

Облыстық «Ақжол» газетінің 2014 жылғы 3 маусым күнгі санында журналист Амангелді Әбілдің «Қара алтынға» бағаланған қаракөл елтірісінің қадірі неге қашты!» деген проблемалық мақаласы көзіме оттай басылып, қызығып қуана оқып шықтым. Көтерілген мәселе менің де көптен бері көкейімде жүр еді. Бір кездері қара алтынға бағаланатын қаракөл елтірісі шынымен ғайып болып, тарихта ғана қала ма деген ой жиі мазалаушы еді. Оның да себебі бар. Өзімнің өмір жолым совхоздарда қаракөл қойын өсірумен байланысты болды.

Қаракөлдің негізгі отаны – Орта Азия, оның ішінде өзбектің Бұхарасы. Тарихы мыңдаған жыл. Бұхарадан бастау алатын қаракөл қойын өсіру сол заманда қызығушылық танытқан Азия, Африка, Еуропа мемлекеттеріне тез тарады. Бұл – тарихта жазылған. Ол елдерде қаракөл елтірісінің саудасы өте жоғары бағаланды. Қаракөл қойын өсірудегі бірінші мақсат – төзімділігі. Аса көп қамқорлықты қажет етпейді. Қуаңды шөлді далаларда жайылымды іздестіре отырып, ұзақ жерлерге көшіп, жайылым ауыстыруда төзімді және қымбат сұранысқа ие – бағалы елтірісі. Кеңес одағы кезінде тек бір Мойынқұм ауданында 400 мыңға жуық қаракөл қойы өсірілді. Ауданда орта есеппен әр 100 аналықтан 100-105-тен қозы алынды. Мың-мыңдаған жас қозы қаракөл елтірісі үшін сойылып, мемлекетке өткізілетін. Елтірінің әр данасы 25-50 сом аралығында, сапасына қарай бағаланды. Қаракөл қойын асылдандырып, сапалы өнім алу мақсатында аудан Алматы зооветиринарлық мал дәрігерлік институтымен тығыз байланыс жасады. Социалистік Еңбек Ері, ғалым Ғ. Давыдов бастаған ғалымдар бригадасы «Айдарлы» совхозында сұр елтіріге, «Хантау» совхозында көк елтіріге, Шу совхозында қаракөл терісін алуға бағытталған асылдандыру жұмыстарын жүргізді. Шу совхозының бір бөлімшесі сертификат алып үлгерді, қалған шаруашылықтарда Кеңес одағы ыдырап, басталған жұмыс аяқсыз қалды. Малдың бұл түрін өсірудің тағы бір тиімділігі – шығыны аз. Тіпті, бірлі-жарым өлі туған немесе өлген қозылар терісінің өзі қажетке жарамды болды. Еті, қаракөл терісі, әр қойдан қырқылатын 2,5-3,5 килограмм жүні әрі басқа қойларға қарағанда жем-шөпті аса көп қажет етпейтіндігі, суыққа, ыстыққа төзімділігі мен ерекшеленеді. Бір отар қой күніне 10 шақырым жерге дейін жайыла алады әрі шөлге де төзімді, басқа қойлармен салыстырғанда. Мен өзім 1990-1994 жылдары Шу совхозында директор болып істеген кезімде шаруашылық ауданда ғана емес облыс көлемінде ірі совхоз болды. Мал (қаракөл қойы) қозысы мен 70-80 мыңға, аналығы 38 мыңға дейін жетті. 1969 жылдың қатты қысында 5-ақ пайыз шығын беріп, Мойынқұм ауданының совхоздарына Талас ауданының «Талас» асыл тұқымды мал зауытына 1000-нан 5000 мыңға дейін қозы беріп, мал басын көбейтуге ықпал етті. 1993-1994 жылы қыс өте ауыр болды. Қалың қар 5 ай жатты. Мал еркін жайыла алмады. Қыс – малшылар, мамандар, басшылар үшін сын болды. Малшылар малды Мойынқұмның құмында қыстатса, жазда Бетпақтың даласынан өтіп, Сарыарқаға, Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы аумағында төлдеп, жазғы жайылымды өткізеді. Осы екі аралық 400-500 шақырым. 50 мыңға таяу қойды көктемнің лайсаңымен, қара суығымен жазғы жайылымға жеткізу, күзде 70-80 мың бас қозысымен қойды қыстауға жеткізу, осыншама жерді жүріп өтуге қаракөл қойынан басқа қой шыдас бермейді. Бұл дегеніміз, қаракөл қойын өсірумен Бетпақтың даласымен Сарырқаның сілемін пайдалануға болады деген сөз. Бұл – жалпы мал басын, одан алынатын өнімді көбейтуге болатынын айғақтайды. Мал азығын басқа қойдан аса көп қажет етпейді, ал, мал азығы бүгінгі күннің үлкен проблемасы. Ұланбелде осыншама қойды өсіруге 6-7 мың тонна ғана дала шөбі дайындалатын. Қаракөл қойын салыстыра айтсақ, қыста қарды тебіндеп, көктем мен күзде бөкенге ұқсап жүгіріп жүріп, қажетті тамағын тауып жейді. Ал елтірісі нағыз байлық. Полковниктен бастап, жоғары шенді әскерилердің бас киімі, пальтоларының жағасы көк қаракөл, елтірісімен көмкерілетін. Сұр қаракөлдің елтірісінен қыз-келіншектерге дайындалған тон қандай, көздің жауын алатын еді, ерлер қара қаракөлден бас киім мен тон жағаларын қаптататын. Осындай қолда барымызды пайдаланбай, шет мемлекеттен әкеліп сату немесе химиялық жолмен дайындалған киім келіп жатыр елімізге, бұл өкінішті. Облыста қаракөл қойын өсіруде Мойынқұм, Талас, Сарысу аудандары республикада көшбасшысы болғаны қайта-қайта еске түседі. Көптеген малшылар, мамандар, басшылар ең жоғарғы атақ Социалисттік Еңбек Ері, көшбасшысы мойынқұмдық Жазылбек Қуанышбаев Социлистік екі мәрте Еңбек Ері атанды. Кеңес одағы Жоғарғы Кеңесінен бастап республикалық, облыстық және аудандық кеңестердің депутаттары, басқа да мемлекеттік марапаттарды осы қаракөлдің арқасында иеленді талай азамат. «Ештен кеш жақсы», дегендей «Ақжол» газетінде көтерілген мәселе қайта қолға алынса, пайдасын халық көрер еді. Бірақ, бұл оңай шаруа емес. Сондықтан, Ауыл шаруашылығы министірлігі бұған бей-жай қарамайды деген сенімдеміз.

Есенаман ОШАҚБАЕВ, еңбек ардагері, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы.

Алматы қаласы.

Ұқсас жаңалықтар