Облыстағы су шаруашылығы нысандарының басым бөлігі кеңес дәуірінде салынған. Олардың көптен жөндеу көрмегендіктен, ескіріп, тозып кеткені де аз емес. Басым дені қайта жаңғыртуды қажет етеді. Соңғы жылдары біздің мекемеміз тарапынан осындай санаттағы арналар бақылауға алынып, ақаулы тұстарын жөндеумен қамту, қайта жаңғырту жұмыстары жандандырыла бастады. Суармалы егістік алқаптарының көлемін ұлғайту өңір экономикасының дамуына да айрықша серпін берері анық. Бүгінгі таңда облысымыздағы суармалы алқаптар аумағы 229,7 мың гектарды құрайды. Өкінішке қарай оның 88,842 мың гектары игерусіз қалып отыр. Осыған байланысты 2017-2021 жылдарға арналған арнайы өңірлік бағдарлама қабылданып, бекітілгені белгілі. Соған сәйкес жүйелі жұмыстар қолға алынып, арналар қалпына келтіріле бастады. Филиалымыз су шаруашылығы нысандарын биылғы жылдың суару кезеңіне дайындау жұмыстарын наурыз айынан бастап кеткен болатын. Бүгінде мекеме теңгеріміндегі барлық гидротехникалық құрылғыларды, оның ішінде арық жүлгелері мен бетонды каналдарды тазалау жұмыстары жүзеге асырылды. Атап айтқанда, каналдар бойындағы қамыстар шабылып, табандары ұйықтан, күл-қоқыстардан толықтай тазартылды. Бетонды каналдардың ақаулы тұстары жөнделіп, қалпына келтірілді. Сондай-ақ каналдар бойынан су реттегіш қақпалар мен су өлшегіш гидробекеттер салынып, жұмыс істеуде. Қысқасы, өңіріміздегі су арналары алқаптарға ағын суды кедергісіз жеткізу әлеуетіне ие. Жоғарыда аталған бағдарлама аясында Жамбыл ауданындағы Талас-Аса, Бошмойын, Бескемпір, Қапал және Меркі ауданындағы Аспара каналдары күрделі жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Филиалға қарасты су тораптары мен су қоймаларының жай-күйі де айрықша қадағалауға алынып отыр. Оларға көктемгі су тасқынына дайындалу барысында бірқатар жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы облыстағы су шаруашылығы нысандары суару кезеңіне толық дайын. Бұрын Меркі, Қордай, Шу, Байзақ, Жуалы, Жамбыл және Талас аудандары аумағында филиалға қарасты 7 өндірістік бөлімше жұмыс істеп келген болатын. Ал өткен жылы өндірістік қажеттілікке және каналдардың коммуналдық меншіктен республикалық меншікке өтуіне байланысты, Сарысу, Т.Рысқұлов және Мойынқұм аудандарында да осындай құрылымдар ашылуына қол жеткізілді. Биыл бұл шаруалар үшін үлкен көмек болғалы тұр. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы дақылдарын егумен айналысатын агроқұрылымдарға қажетті көлемде су жеткізіледі деп күтілуде. Өңіріміздегі республикалық меншіктегі барлық су қоймаларына жеткілікті көлемде су жиналды. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда жағдай біршама жақсы. Тек Қордай ауданындағы «Қақпатастан» басқа су қоймаларында су жеткілікті. Мәселен, «Тасөткел», «Теріс-Ащыбұлақ», «Ынталы» және «Қарақоңыз» су қоймаларындағы судың жиналуы 88 бен 100 пайыз аралығын құрап отыр. Сондай-ақ Қырғыз елінің аумағында орналасқан «Чон-Қақпа» (Киров) және «Орто Тоқай» су қоймаларында жиналған ылғал былтырғы жылдағыдан көп. Сондықтан Талас пен Шу өзендері бойындағы аудандарда ешқандай да су тапшылығы болмайды деп айтуымызға да негіз жоқ емес. Әдетте, жыл сайын суару кезеңі сәуір айында басталатын. Ал биылғы көктем айы жауын-шашынды болуына байланысты суару кезеңі кейінге шегерілген-ді. Бұл да едәуір көлемде су үнемделуіне септесіп отыр. Өңір аумағындағы су шаруашылығы нысандары биылғы суару маусымына толық дайын.
Қазыбек БЕДЕБАЕВ, «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының директорының орынбасары.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді