ақын, композитор, суретші, дәрігер Тұралы Мүсірепбековтің «Сағыныш» атты жинағының тұсауы кесілді
«Жігітке жеті өнер де аз» деген сөзді халқымыз текке айтпаса керек-ті. Бір бойына бірнеше өнер дарыған азаматтар біздің өңірде де баршылық. Солардың бірі – Тұралы Мүсірепбеков. Ғұмырының біраз бөлігін Ресей Федерациясында өткізіп, кейіннен елге оралған ол Мәскеуде жүріп-ақ бейнелеу өнерінің сырына қанықты. Сыршыл ақындардың ғажап өлеңдеріне әдемі ән жазып, әредік поэзияға да қадам басып тұрды. Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Тұралы Мүсірепбековтің «Жырлайды жүрек» атты жыр кеші өтті. Іс-шараны М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың мәдениет және өнер факультетінің студенттері мен жоғарыда аты аталған кітапхана ұжымы бірлесе ұйымдастырды. Ақын, композитор, суретші, дәрігер Тұралы Мүсірепбековтің өмірі мен шығармашылығы насихатталған кеш барысында «Сағыныш» атты жыр жинақтың тұсауы кесілді.Кездесу кешінде Тұралының Мұқағали Мақатаевтың «Адалдық» өлеңіне жазылған әні «Қазақ» радиосының алтын қорына енгізілгендігінен хабардар болдық. Сондай-ақ «Анатайым» атты шығармасы «Айгөлек» бағдарламасында шырқалып, лауреат атанған шығармалар қатарына қосылыпты. Кешке арнайы келген әнші Абылайхан Оспанов «Адалдық» әнін жоғары деңгейде орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар ол Тұралы Мүсірепбековтің Мәскеудегі қазақ азаматтары ортасындағы беделі туралы кеңінен толғады. Бұдан кейін облыстық Суретшілер одағының төрағасы Айдархан Сихаев сөз алып, Тұрекеңнің бейнелеу өнеріндегі орны туралы ойларымен бөлісті. Өзіндік соқпағы бар суретшіге толайым табыс тіледі. Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Хамит Есаман бір бойына бірнеше өнерді тоғыстырған ағасына ризашылығын жеткізді. Кейіннен студенттер Тұралы Мүсірепбековтің бірнеше өлеңін мәнерлеп оқып, өнер иесінің көңілін көтерді. Әдеби кеш соңында Тұралы Мүсірепбековтің «Сағыныш» атты жаңа жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Қоғам қайраткері Жандар Кәрібайұлы мен ақынның бауыры Таңат Сейдалиев тұсаукесер рәсімінде алқызыл лентаны қиып, іс-шараға келген меймандарға кітаптарды үлестірді. Жандар Кәрібайұлы өнер иесінің азаматтық болмысы туралы кеңінен әңгімелеп, Тұрекеңнің шығармашылығына табыс тіледі. Сондай-ақ өзге де қонақтар жылы лебіздерін білдіріп жатты. Соңыра Тұралы Мүсірепбеков сөз алып, келушілерге алғысын айтып, көрмеге қойылған суреттерінің тарихымен таныстырды. Оның бірқатары Мәскеуде дүниеге келгенін тілге тиек етті.
Табиғат АБАИЛДАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді