«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қауіпсіз еңбек – ортақ міндет

Қауіпсіз еңбек – ортақ міндет
ашық дереккөз
Қауіпсіз еңбек – ортақ міндет

Бүгінде әлемде 2 миллионға жуық адам өндіріске байланысты жазатайым оқиғалар мен кәсіптік аурулардан қаза табады екен. Бұл – халықаралық еңбек ұйымының берген мәліметі. Ал былтыр еліміздегі кәсіпорындарда 1568 адам жазатайым оқиғалардан зардап шексе, соның салдарынан 220 адам қайтыс болыпты. Соның ішінде облысымызда 2018 жылы 48 жазатайым оқиға орын алып, 60 адам зардап шеккен. Өкінішке орай, оның 10 оқиғасы адам өлімімен аяқталған. Бұл көрсеткішті 2017 жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда жазатайым оқиғалар – 10, адам өлімімен аяқталғаны 37 пайызға төмендеген. Ал биылғы жылдың І тоқсанында облыс кәсіпорындарында 18 (2018 жылы – 13) жазатайым оқиға орын алып, 21 (2018 жылы – 13) адам түрлі жарақаттар алған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 38 пайызға өскен. Адам өлімімен аяқталған жазатайым оқиға саны 3-ке артып отыр. Бұл туралы Дүниежүзілік еңбек қорғау күніне орай «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жаңа Жамбыл фосфор зауытының мәжіліс залында өткен семинар-кеңесте айтылды. «Қауіпсіз еңбек – ортақ міндет!» тақырыбында өткен семинар-кеңеске өңір кәсіпорындарының басшылары мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, өнеркәсіп ошақтары кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қатысты. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров ашып, жүргізіп отырды. Басқосуда облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Балабек Нарбаев тақырып аясында ауқымды баяндама жасады. Оның айтуынша, басқарма тарапынан кәсіпорындарға жүргізілген талдау барысында бірқатар кемшіліктер белгілі болыпты. Мәселен, өткен жылы орын алған жазатайым оқиғаларда зардап шеккен жұмыскерлердің басым көпшілігі (27 адам) жұмыскердің өрескел абайсыздығынан болса, жұмыс берушінің жұмысты қанағаттанарлықсыз деңгейде ұйымдастыруы салдарынан 21 адам жапа шеккен. Ал 12 азамат өздерінің қызметтік міндеттерін атқару барысында жол-көлік оқиғаларына тап болыпты. Облыстық кәсіподақтар орталығының мәліметтеріне қарағанда, қауіпсіздік шараларының алдын алу мақсатында өңір кәсіпорындарында 1002 еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құрылып, онда еңбек қорғау жөніндегі 1250 техникалық инспектор, еңбек дауларын қарайтын 932 келісім комиссиясы жұмыс істеуде екен. Баяндамашы жоғарыдағы мәліметтерді келтіре отырып, қолданыстағы еңбек заңнамасын басшылыққа алуды, өндірістік жарақаттанушылықты болдырмау мен жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында жұмыс берушілерге бірқатар тапсырмаларды орындауды міндеттеді. Сонымен қатар ұжымдық шарттар Еңбек кодексінде көзделген еңбекті қорғауды басқарудың жаңа тетігін енгізу жолымен әлеуметтік әріптестікті арттыратын әлеуетті құрал екендігін ұмытуға болмайтындығын еске салып өтті. Сондай-ақ семинар-кеңес барысында облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген мен басқа да бірқатар ірі өндіріс орындары мен кәсіпорындар басшыларының баяндамалары тыңдалып, талқыланды. Жиын соңы марапаттау рәсіміне ұласты. Бұдан соң семинар-кеңеске қатысушылар атынан зауыт аумағына ағаш көшеттері отырғызылды.

Марат Құлибайұлы.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар