Баспаналы болу – әрбір жас отбасының арманы. Бүгінде «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы аясында пәтерлі болып жатқан азаматтардың саны біздің шаһарда да күн санап артып келе жатқаны қуантады. Мәселен, биылғы жылдың 18 сәуіріндегі жағдай бойынша өңіріміздегі серіктес банктер азаматтардан жалпы құны 1,44 миллиард теңгені құрайтын 187 өтінім қабылдаған. Соның ішінде 704,8 миллион теңгенің, яғни 88 азаматтың өтінімі оң қорытындысын алған. Ал 75 азамат жалпы құны 610,2 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, пәтерлеріне кіріп, қоныс тойын тойлады. Бұл жаңалықты өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының директоры Евгений Шарыгин мен «БанкЦентрКредит» АҚ Тараз қалалық филиалы директорының орынбасары Алтынбек Ғазизұлы қуанышпен жеткізді. Е.Шарыгинның айтуынша, Қазақстан Ұлттық Банкінде «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бекітіліп, «Баспана» ипотекалық ұйымы-компаниясы құрылған. Банк 7 пайыздық мөлшерлеме бойынша, тұрғын үй құнының 20 пайыздық бастапқы жарнасын құйған сәттен бастап 25 жылдық мерзімге дейін несие рәсімдейтінін айтып, өз қызметін ұсынып отыр. Ол үшін бағдарламаға қатысушының атында баспанасы, несиесі болмауы тиіс. Сондай-ақ ол тұлғаның еңбек қызметінен тұрақты расталған кірісі болуы қажет. Ал тұрғын үйді еліміздің кез келген қаласынан сатып ала алады. Тұрғын үй сатып алу Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырау қалалары үшін бағаның ең жоғары шегі 25 миллион теңге, ал қалған өңірлерде, соның ішінде біздің облыста 15 миллион теңге болып белгіленген. Бүгінгі күні өңірімізде 7 банк бағдарлама аясында қызмет көрсетуде. Сонымен қатар азаматтарға ыңғайлы болу үшін Тараз қаласында «7-20-25» бағдарламасы бойынша ақпараттық орталық ашылған. Онда серіктес банктердің және Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы өкілдерінен тиісінше кеңестер алуға болады. Келесі кезекте Алтынбек Ғазизұлы 2018 жылдың 4 шілдесінен бастап «БанкЦентрКредит» акционерлік қоғамының Тараз қалалық филиалы тұрғындардан бағдарламаға қатысу бойынша 103 өтініш қабылдағанын айтты. Соның ішінде 73 өтініш мақұлданып, 70 азамат несиеге қол жеткізіп, пәтерлі болды. Бұл банктің де бағдарламаға қатысушыларына қоятын басты талабы – өтініш берушінің меншігінде тұрғын үй болмауы керек. Мұнда өтініш берушінің жылжымайтын мүлікті сатып немесе басқа тұлғаның атына аударып, келесі күні «7-20-25» Ипотекасына қатысуға өтініш беруге болады. Тұрғын үйдің болмауы жөніндегі талап тек қарыз алушыға ғана қолданылады. Дегенмен қарыз алушы жұбайының меншігінде тұрғын үйдің болуына рұқсат берілген. Басқосуда журналистер тарапынан қойылған басқа да сұрақтарға жан-жақты жауаптар қайтарылды.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді