«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құрылыс нысандары дерекқорының тиімділігі мол

Құрылыс нысандары дерекқорының тиімділігі мол
ашық дереккөз
Құрылыс нысандары дерекқорының тиімділігі мол

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының басшысы Қанат Айтқұлов басқарманың өткен жылы атқарған жұмыстары мен алға қойған міндеттері жөнінде әңгімелеп берді. Оның айтуынша, басқарма заңсыз, негізгі құжаттарсыз және сапасыз құрылыс нысандары салынуына жол бермеу, оның алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Былтырғы екінші жартыжылдық ішінде жүзеге асырылған іс-шаралар аясында 48 нысан бойынша 12 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, ол 2018 жылы салынған айыппұлдар санының 67 пайызын құраған. Ал биылғы бірінші тоқсанда 38 нысан бойынша 8 миллион теңгеден астам айыппұл салыныпты. Басқармада құрылыс нысандарының сапасына байланысты 2017 жылы – 74, 2018 жылы – 168, биыл 89 әкімшілік іс қаралған. Осылайша заңсыз және құжаттарсыз, сапасыз жүргізіліп жатқан құрылыс нысаны анықталып, олардың жұмысына тосқауыл қойылды. Алдағы уақытта мұндай жөнсіздіктерге жол бермеу мақсатында құрамында жергілікті әкімдіктің, сәулет, құрылыс және жер қатынастары бөлімдерінің мамандары бар ықшам топ құру көзделуде. Ықшам топ мүшелері айына екі рет тиісті аумақтағы құрылыс нысандарын аралап көріп, заңсыз жүргізіліп жатқандары болса, анықтап, тиісінше акт толтыратын болады. «Егер, бұзушылықтар анықталған жағдайда, біздің басқарма тарапынан Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес тиісті шаралар қолдану қарастырылған», деп атап өтті баяндамашы. Тағы бір айта кетерлік жайт, өңір басшысының 2019 жылдың 5 сәуіріндегі №81-ө өкімімен құрылыс нысандарының дерекқоры құрылып, тәжірибеге енгізілген. Бұл – облыс ауқымын тұтастай қамтитын ақпараттық қор. Облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармалары орын алған бұзушылықтарды осы қорға енгізіп, оның орындалуын қатаң қадағалайтын болады. Аталған дерекқор 6 топ, 36 бағанадан тұрады. Оның кәсіпкерлер үшін де пайдасы мол. Кемшіліктерді дер кезінде жойып, артық шығынға ұшыраудың алдын алуымен де құнды. Басқарма тарапынан облыс аумағындағы лицензиаттар дерекқоры да құрылған. Оған лицензиаттардың лицензиясындағы жұмыстың кіші түрлері, инженер-техникалық жұмыскерлері, өндірістік базалары және материалдық-техникалық жарақтандырылуы туралы ақпараттар енгізіліп, қадағаланып отырады. – Осы орайда кәсіпкерлердің есіне сала кететін бір нәрсе, қаланың бас жоспарына сәйкес салынған, сондай-ақ «қызыл сызық» үстіндегі заңсыз құрылыстар да осы дерекқорда сақталатын болады. Қайсыбірі кезегі келгенде заң талаптарына сай сүріліп тасталынады, – деп ескертті басқарма басшысы. Басқосу барысында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да жан-жақты жауап берілді.

Марат Құлибаев

Ұқсас жаңалықтар