Бала кезімізде ауылдың төменгі жағында үлкен бақ бар еді. Онда алманың түр-түрі, алмұрт, шабдалы, жиде, жүзім өсетін. Мектептен шыққан бойда сонда тартамыз. Бақ қоршалған, күзетшінің үлкен иті бар. Біз жақындай бергенде арсылдап алдымыздан шығатын. Жақындасаң, жеп қоятындай. Үрпиісіп тұрғанымызда күзетші келіп:
– Иә, батырлар, келіп қалдыңдар ма? Мына көктемгі алманың біразы пісті. Ақырын кіріп, бұтақтарын сындырмай, теріп алыңдар, тек көп емес, – деп бақтың ішіне кіргізетін. – Әй, байқаңдар, ана бригадир көрмесін. Көрсе мені де, сендерді де аямас. Бұл сол кісінің бағы ғой. Кейін жеміс піскен кезде үй-үйге таратып береді. Бұл сендер үшін егілген бақ қой. Байқаңдар, сындырып қоймаңдар, – дейді содан соң. Бір кезде: – Әне, бригадир Базарбай келеді. Тезірек зытыңдар, – дейді. Ел айтса – «Базарбай бригадир ұрсады, жұмыстан қалсаң, бәлеге қаласың». «Тәртіпті болмасаң көресіні көрсетеді». Осындай әңгімені апа-жеңгелерімізден де еститінбіз. «Ойбай, бригадир келе жатыр», деп ұшып тұрып, бәрі қарбалас жұмысқа кірісетін. Әсіресе менің анам қызылша звеносында жұмыс істейтін. Таң азаннан тұра салып, «Кешіксем, Базарбайдан ұрыс естимін, дереу жетейін» деп, бізге де қарауға шамасы келмей, кетпенін алып тұра жүгіретін. Сыртынан қарасақ, ол кісі сондай қорқынышты да адам емес. Ұзын мұртты, толық денелі, аты да өзіне сай жуан еді. Бізді көргенде: – Қалай батырлар, сабақтарың жақсы ма? Жақсы оқыңдар, білімді азамат елімізге керек, біз ғой оқи алмадық. Сендер оқыңдар. Әке-шешелеріңнің атына кір келтірмей, тәртіпті болыңдар, – деп ақыл айтып, «Жазды күні шөп дайындауға шығыңдар, бәріңе жүйрік өгіз дайындап қойдым. Волокуша (сүйретпе) тартасыңдар. Ал әзірге оқыңдар, деп, бізбен үлкен адамдардай сөйлесетін. «Осы Базарбай бригадирден неге қорқады апаларымыз» деп ойлайтынбыз. Бір күні Шақамнан сұрадым (біз анамызды осылай атайтынбыз): – Неге сіздер Базарбай бригадирден қорқасыздар, дегенімде, – Әй, балам, біз қорықпаймыз, сыйлаймыз. Соғысқа қатысқан адам. Кейде ашуланса, атымен басып кетердей жанымызға шауып келіп, «Әкең жақсы, шешең жақсы. Сен неге жұмысқа кешігіп келесің, кешіккеніңмен қоймай, сөз қайтарасың, біле білсең мен саған ағамын ғой, оның үстіне жасым да үлкен, соғыс ардагерімін контузия алған. Мені ренжітпеңдер, қаным басыма шауып кетсе, ешқайсысыңды да аямаймын. Сендер мен үшін жұмыс істеп жүрген жоқсыңдар. Үкіметтің жұмысын, колхоздың жұмысын істеп жүрсіңдер. Ал үкімет те колхоз да өзіміздікі, оның үстіне қызылшаны жақсы баптай білсең, өнімі де көп болады. Өнім көп болса, сендердің алатын еңбекақыларың да көбейеді. Соны түсіну керек қой» деп ұялтатын. Содан ұятқа қалмайық деп зыр жүгіретініміз сол. Бұл кісі менің әкемнің көзін көрген, бізге жақын туыстығы да бар, біз бір атаданбыз ғой, – деп жауап берді. Кейін есейе келе Өтеулиев Базекеңнің ұлы Шәкуәлімен мектепте бірге оқып, үйлеріне көп барып жүріп, Базекеңнің өмір тарихымен кеңірек таныстым. Әкесі – Өтеуліден жалғыз ұл. Колхоз ұйымдасқанда Базарбайды оқып, білім ал деп қалаға оқуға жіберген. Оқуын бітіріп, колхозда агроном болып жүрген кезде соғыс өрті бұрқ ете қалады. Соғысқа аттанып, басынан аяғына дейін әскер құрамында соғысып, аман-есен елге оралған соң, колхоздың бастығы Бекмұрат Бекмұрзаев Базакеңді бригадир етіп сайлаған. Бригадир колхоздың малына қарайды, егісіне, қызылшасына, бау-бақшасына жауап береді, қысқасы барлық жұмысты ұйымдастыратын адам. Базакең соғыс кезінде Украинада, Польшада, Германияда жайқалып тұрған бау-бақшаларды көріп, аман-есен елге жетсем бау-бақша өсіремін деп өзіне уәде берген екен. Соғыстан келген бойда ауылдың төменгі жағынан 5 гектар жер алып, екі жерге түрлі жеміс ағаштарын ауыл болып тігіп, баптап, кейін өскен соң балаларға қажетті дүниелер ғой деп, сыртын қоршатып, алдына күзетші қойғызған екен. Соны жеуге ғой біздің жүгіріп барып жүргеніміз. Содан бері ол жер «Базарбайдың бағы» деп аталады. Базекең колхозда көп жыл бригадир болып еңбек етіп, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. Одан басқа соғыс кезінде алған «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарын, «Қызыл жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ІІ-ІІІ дәрежелі ордендерін кеудесіне жарқыратып тағып, мереке күндері ауылдың клубына жиналған жұрттың алдында ұзын мұртын сипап, қарқ-қарқ күліп, жұрт ортасында жадырап, шайқалып жүруші еді. Құрдастары Базекеңнің ұзын мұртына бола, «Біздің Буденный» дейтін. Кеңес өкіметі тараған соң, алғашқы қиыншылық кезде ауылдың мақтанышы, демалыс орны болған Базекеңнің бағын тұрғындар отынға шауып, жоқ қылды. Дегенмен, аудан орталығы маңынан жаңа бақтың жылдан-жылға өсіп, өніп, көктеп, көгеріп келе жатқаны көңіл қуантады.
Москау НОҚРАБЕКОВ.
Т.Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді