«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Президент тік басқару институтына – 30 жыл

Президент тік басқару институтына – 30 жыл
ашық дереккөз
Президент тік басқару институтына – 30 жыл

Президенттік басқару моделі – әлемде озық мемлекет басқарудың кең тараған түрі. Демократиялық оң үдерістерді ұстанатын елімізде басқару институтының бұл түрі 30 жыл уақыт ішінде өзінің өміршеңдігін және тиімділігін толық дәлелдеді. Мемлекетіміздің өркендеу жолында ілгерілеу қағидасына сүйене отырып, аталған жүйе де үздіксіз дамуда. Аса маңызды және өте ықпалды биліктің басқару институты еліміздің экономикалық өсуі, әлеуметтік өрлеуі, саяси бекемдігі және қоғамның демократиялық, зайырлы, құқықтық дамуы мен бірлігінің нығаюын қамтамасыз етті. Соның нәтижесінде стратегиялық бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылды. Тәуелсіз Қазақстандағы басқарудың жаңа жүйесінің негізін қалаушы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тәуелсіз мемлекет орнату жолындағы ерен еңбегін, көшбасшылық дарынын, президенттік институттың еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі орны мен рөлін ашып көрсету мақсатында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл шараның оқу орнындағы Тұңғыш Президент залында өтуінің өзінің символикалық мәні бар. Қазақстан Республикасы Президенттік институтының 30 жылдығына арналған жиында оқу орнының профессоры, «Философия және саясаттану» кафедрасының доценті, профессор Тәуекел Жаңақұлов «Биліктегі президенттік басқарудың тарихи қажеттілігі» атты баяндамасында президенттік басқарудың тарихына тоқталып, оның саяси рөлі мен қажеттілігі туралы құнды пікірлерімен бөлісті. Жалпы тәуелсіз Қазақстан мемлекетін қалыптастырушы тұлға – Тұңғыш Президент екеніне ешкім шек келтіре алмайтын шындық. Конференцияда осы ақиқатты мықты тарихи дәйектер арқылы дәлелдей түскен «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ермек Серікбаев ел өміріндегі маңызды белестер мен тарихи күндер туралы сыр шертті. «1990 жылы 24 сәуiрде еліміздің Жоғарғы Кеңесi Қазақстан Республикасы Президентi лауазымын бекiткен болатын. Сәйкесінше 1991 жылдың 1 желтоқсанында жалпыхалықтық сайлау өткізіліп, қорытындысында Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысы болып сайланды. 1991 жылдың 2 желтоқсаны күні Нұрсұлтан Әбішұлы бүкіл халық сайлаған алғашқы Президент мандатына ие болды. Сондай-ақ 10 желтоқсан күні Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Қазақ Советтік Социалистік Республикасы атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы Заң қабылдады. Бұл шешім қоғамда демократиялық мемлекетті қайта құру бағытын, азаматтық өмірді, кеңестік-социалистік идеологиядан ресми алшақтауды заңды түрде бекіткен еді», – деді тарихшы. Президенттік институт – елдегі ішкі және сыртқы саясаттағы жетістіктердің басты факторы екені даусыз. Осыны алға тартқан ТарМУ-дың «Философия және саясаттану» кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының магистрі Гүлнар Еменова Ұлы Даладағы қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтудағы Тұңғыш Президенттің рөліне тоқталды. – Бүгінде Қазақстанда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің бірегей үлгісі қалыптасқан. Оның авторы – Елбасы Н.Назарбаев. Қазіргі кезде Мәңгілік Елдің елордасы Нұр-Сұлтан қазақстандық бірегейлік пен бірлікті қалыптастырудың айшықты символына айналды. Тәуелсіз Қазақстанда ұлтаралық бірлік пен дінаралық татулық – мемлекеттік саясаттың басты қағидаты. Халқымыздың өмірлік ұстанымы, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім қазақстандықтардың өмір салты да, жасампаздық пен даму ресурсы да – осы құндылығымыз», – дейді магистр.

Альмира Омарова

Ұқсас жаңалықтар